Жаңалықтар

Жаңа формациядағы заң кадрлары қажет

Қарағандыға жұмыс сапарымен келген сенаторлар заңгерлер даярлайтын университеттерде болды. Парламенттің жоғары палатасының өкілдері мамандар дайындаудағы сапаны талқылады.

Содан кейін облыс әкімдігінде Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің көшпелі отырысы өтті. Басқосуға облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов, жоғары оқу орындары өкілдері қатысты.

– Реформаларды, соның ішінде, құқық қорғау және сот жүйелерін сапалы жүзеге асыру үшін қоғам мен мемлекетке жаңа формациядағы заң кадрлары қажет. Олар заңтану саласында кәсіби құзыреттілікке ие болуы, заманауи еңбек нарығының талаптарына сәйкес келуі, адамның құқықтары мен бостандықтарын, қоғам мен мемлекеттің мүдделерін қорғауға бағдарланған болуы тиіс, – деді бейінді комитеттің төрағасы, сенатор Владимир Волков.

Ол Мемлекет Басшысы ҚасымЖомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында білім беру сапасын арттыруға ерекше назар аударғанын атап өтті. Білім және ғылым министрлігінің ақпараты бойынша, бүгінде елімізде 128 жоғары оқу орны жұмыс істейді. Олардың 67-сі заңгерлерді даярлайды. Соңғы 5 жылда университеттер 124 мыңнан астам адамға заңгер дипломын табыс етті. – Біз қалалардағы жоғары оқу орындарына бардық. Әзірге ақпарат жинаймыз. Тексеруші немесе бақылаушы орган емеспіз. Мақсатымыз – мониторинг жүргізу, проблемаларды зерттеу және оны шешу жолдарын қарастыру, – деп түсіндірді Владимир Волков. Ендігі ретте комитеттің кеңейтілген отырысын өткізу жоспарлануда. Заң білімін жетілдіру бойынша ұсынымдар әзірлене отырып, Үкімет сағаты ұйымдастырылады. Көшпелі отырыста Қарағанды жоғары оқу орындарының өкілдері бірқатар ұсыныстар айтты. Сенаторлар олардың ешқайсы назардан тыс қалмайды деп сендірді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button