Жаңа экспозиция ашылды
Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейінде Ауған соғысы ардагерлерін ұлықтауға арналған жаңа экспозиция ашылды. Салтанатты шараға «Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері одағы» қоғамдық бірлестігінің өкілдері, соғыс даласында қаза тапқан сарбаздардың аналары, оқушылар мен студенттер қатысты.
Осыдан 40 жыл бұрын Кеңес Одағы Ауғанстанға әскер кіргізу туралы шешім қабылдады. Он жылға созылған ұрысқа мыңдаған жауынгер қатысты. Қарағанды облысынан үш мың сарбаз халықаралық борышын өтеген екен. Сексен бір азамат соғыс даласында қаза тапты, ал екеуі із-түзсіз жоғалып кетті. Қазір облыста 1500-ден астам ардагер бар. Олардың алты жүзден астамы Қарағанды қаласында тұрады.
– Биыл Кеңес әскерінің Ауғанстанға енгізілгеніне – 40 жыл, ал шығарылғанына – 30 жыл толады. Осыған орай біз шағын ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, «1979- 1989 жылдардағы Ауған соғысы» тақырыбындағы экспозиция дайындадық. Қазір бұл соғыс туралы алуан түрлі пікір айтылып жүр ғой. Біреулер «біздің соғыс емес» дейді. Рас. Бүгінде бұл соғысты бастаған мемлекет жоқ. Бірақ, оған қатысқан, жауынгерлік борышын адал атқарған азаматтар арамызда жүр. Мұны естен шығармау керек, – дейді музей директоры Ержан Нұрмағанбетов.
Экспозицияға жүзге тарта экспонат қойылған. Олардың арасында Ауғанстанда қаза тапқан жауынгерлердің суреттері, құжаттар, наградалар және сарбаз киімдері мен жеке бұйымдары бар. Бұларды жинақтауға «Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері одағы» қоғамдық бірлестігі қолдау көрсеткен.
– Экспонаттарды жинауға екі жылдан астам уақыт кетті. Олардың барлығы шынайы. Осы арқылы Ауған соғысына қатысқан сарбаздардың ерлігін ұлықтауды және өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беруді көздедік. Жастар ерлердің есімін ұмытпауы керек, – дейді «Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Талғат Хасенов.
Экспозицияның ашылу салтанатында «Ұрпақтар сабақтастығы» патриоттық актісі қабылданып, қарағандылық Дәулет Әбдірахмановтың «Қызыл із» фотоальбомының тұсаукесері өтті. Сондай-ақ, Ауған жерінде қаза тапқан жауынгерлердің аналарына мерейтойлық медаль табысталды.
Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ