Руханият

Жүсіпбектің ата-тегі жөнінде

Биыл күзде туғанына 135 жыл толатын Алаш арыстарының бірі, жазушы, драматург Жүсіпбек Аймауытовтың өмірбаянында жұртқа белгісіз жайттар жеткілікті. Сондықтан да, бүгінгі әңгімемізде оның шығармашылығы, қоғамдық қызметі емес, ата-тегі жөнінде сөз қылмақшымыз.

Сурет tilmedia.kz

Көзі қарақты оқырман бұған дейін Смағұл Сәдуақасовтың сұрауымен жазылған Жүсіпбектің анкеталық жауабында «1917 жылға дейін әкеміздің малы 6-7 қарадан асып көрген емес» деп жазып, өзін кедейдің баласы етіп көрсеткенін білуі тиіс. Оны солай жазуға итермелеген сол кезеңдегі саптыаяқтың сабынан қараған сұм заманның саясатының салдары, әрине. Әйтпесе, Жүсекеңнің жеті атасынан бері байлық пен билігі үзілмеген шынжыр балақ, шұбар төс шонжарлардың, нағыз қаракөк дегдардың тұқымы екенін екінің бірі біле бермейді де.

Шежіре бойынша Жүсіпбек ежелден Баянауылдың Әулиелі Қызылтауын жайлаған қалың Арғын-Сүйіндіктің Күлік руына жатады. Кестемен ол былай болып келеді: Күлік – Өтепберлі – Ақыл – Бейбіт – Танашбай – Қуан – Дәндебай – Аймауыт – Жүсіпбек. Енді осыған қарап, оның ата-тегін тарқатып, баяндауға көшелік.

Сүйіндік елі, соның ішінде Күліктер бұл байырғы мекенін 1652 жылы қалмақтармен болған жойқын шайқаста Салқам Жәңгір хан қаза тауып, қазақтар жағы жеңілген соң, еріксіз тастап кетеді. Содан олар Маңғыт әулеті билеген Бұхара хандығы аймағында жүз жылдай көшіп-қонып жүріп, тек 1741 жылы Баянауыл жерінде ақырғы Қалмаққырылған соғысы өткеннен кейін ғана атақонысқа оралған көрінеді. Бұл жайлы 1897 жылы патша үкіметі жасақтаған Ф.Щербинаның экспедициясы жасаған құжатта «Кулюк, сын Кулболды, родился и умер, по-видимому, в Сырдарийском крае…

На Кызылтавские горы пришли внуки Кулюка и расселились по разным местам гор..» деген мәлімет беріледі. Шындығында, Күліктерді атамекенге немерелері емес, сол кездегі ру көсемдері, шөберелері Жаңабатыр би Шобалайұлы мен Бейбіт Ақылұлы бастап әкеліп, орналастырған. Осы жүз жылдай мерзімде бұрынғы Көктаудың аты да өзгеріп кеткен. Біреулер ойлағандай, ол «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырындағы «Баянның аулы» болмай, қалмақ тіліндегі «Баян ола», яғни, «Бай тау» атауына ие болған. Онымен көршілес Ереймен атауы да солай. Қанжығалыларды қарт Бөгембай батыр осы араға бастап келгенде, оның қуыс-қойнауларында Уса мен Серен тайшыларға қарасты 10 мың үй қалмақ отырыпты. Қазақ қолы оларды туған жерден түре қуып, Алтай таудан әрі асырған соң ғана ел мен жер азат болған. Соған байланысты Мәшһүр Жүсіп жазбаларында «Құба қалмақтың Сарыарқамен қоштасуы» дейтін ұзақ жыр бар. Сонда олар «Үш атам күйеу болған жер, үш анам келін болған жер» деп егілсе, үш ұрпақ ауысқан жүз жылға сәйкес келеді.

Сонымен, Бұхараға ауып барған Күліктер де сол жақта өсіп-өніп, ен жайлап, емін-еркін көшіп-қонып жүреді. «Күліктен туған Өтепберліні жан білмейді, оның баласы Ақыл Жиделі Байсыннан құлпы (Жібек көген деген мағынада – автор) алып, өле-өлгенше байлығы үзілмей, күні бүгінгіше ұрпағына дейін келді. Молдабай қотанынан 5 мың тұяқ қой өргенін өз көзімен көрген кісі Мәшһүр Жүсіп» деп жазылғандай, Ақыл байдың онда дәулеті де, абырой-беделі де бір кісіден кем болмапты. Ал, өзінен туған Бейбіті сонау қиын-қыстау заманда қалың Күліктің тізгінін Жаңабатыр бимен қатар ұстап, елдің көшін атақонысқа қайта бұрып әкелген екі көсемінің бірі. Ол туралы да ел арасында әлі күнге айтылатын мынадай бір әңгіме бар: «Кенесарыға Сүйіндік елі «еремін» деп, ермеген соң, Кенесарыға біреу айтыпты «Сенімен бірге аууды Боштай (Баянауыл дуанының сол кездегі аға сұлтаны Боштай Тұрсынбаев – автор) ұнатпайды. Осыны естіген Кенесары Боштайға айтыпты:

– Елді кері тартып, «көшпе» деп, Кенесарыға ермей, сені тоқтады дейді. Кейінгі қара қазан, сары баланың қамы үшін орыстан іргені аулақ салып, жайлы қонысқа қарай көшуге басшының бірі болады десе, тоқтатуыңның мәнісі неде? – депті.

Боштай оған:

– Алқакөл сұлама, ақтабан шұбырындының жұтында Сүйіндік қырық ауыл екенбіз. Сыр бойынан Сарыарқаға қайта шұбырып көшкенде, барлық сауын деген мал көлікке жегіліп, Бейбітте қырық құлынды бие болып, қырық ауыл сол қырық биенің сүтін көжесіне қатық қылып, арып-ашып, осы отырған қонысқа келіп, қонысымыз ырымды болып, бас, мал бірдей өсіп, алдымызға бес мың жылқы иіріп, іргесі құтты қоныс болғандықтан айтсам, айтқан шығармын алдағы жұмыс болжаусыз болғаннан соң, – деп жауап қайтарыпты.

Тар кезеңде исі Сүйіндікке қамқор болған осы Бейбіт Жүсіпбек пен менің ортақ бабамыз. Ол Бейбіттің төртінші ұлы Танашбайдан, ал, мен кенже ұлы Күнтай биден тараймыз. Кейінгі екеуінің аты 1830-1868 жылдары патша өкіметі жасаған Баянауыл сыртқы округінің мыңнан астам жылқысы бар, елге ықпалы зор адамдардың тізіміндегі 37 кісімен қатар аталады. Мұндағы алпауыт байлар патшаға жасақ салығын (әр жүз жылқыдан бір жылқы – автор) аз төлеу үшін жарты жылқысын жасырып қалған күннің өзінде Күнтай Бейбітовте 1600 жылқы, ағасы Танашбайдың балалары Қуан, Шеге, Төлемісте 1700 жылқы, сондай-ақ, Бейбіттің інісі Жапалақ бидің балалары Бодан, Балтада 1700 жылқы бар екені тіркелген. Өйткені 17 мың жылқы біткен Қаржас Азынабай мен ұлдары Сейтен мен Тайжан бұл санақта 9 мың жылқысын ғана тізімдеткен ғой.

Танашбай айналасының байлығы жөнінде Мәшекең тағы да былай деп жазады: «Әкесі Танашбай өлгенде, баласы Қуанда 300 қой бар екен. Бір жүзін сойып, әкесіне ас беріпті. Қалған екі жүз қойдың бәрі егіз тауып, Қуанға кейіннен 12 мың қойға дейін бітіпті деген сөз бар. Қуан балалары – Ордабай, Дәндебай, Молдабай, Ноғай». Осында аталатын Ордабай ауылдарының жайлауға көшкендегі сән-салтанаты Жүсекеңнің «Күнікейдің жазығы» повесінде әдемі суреттелген. Бүгінде елімізге белгілі ақын, өлкетанушы, Ақмола облысы Ерейментау аудандық «Ереймен елі» газетінің бас редакторы Сайлау Байбосынов сол Ордабайдың, ал, қазақтың тұңғыш сатиригі Қадыр Тайшықов Ноғайдың шөберелері болып табылады.

Осындай аруақты аталарымыздың есімдерін жаңғыртып, есте қалдыру жолында Сайлау ағамыздың көп еңбектеніп, газет-журналдарға мақала жазып, кітап шығарып жүргенін айтуымыз керек. Іздеген адам оның 2016 жылы жарық көрген «Есімдері жүрсін деп ел есінде…» деген кітабынан мына жолдарды оқи алады: «Ал шындығын айтар болсақ, Жүсіпбектің атасы Дәндебай Қуанұлы Қызылтау-Баянауыл төңірегіне белгілі, бір кісідей дәулеті бар, малды адам болған. Сонымен қатар Баянауыл сыртқы округі ашылған соң, талай жылдар Қызылтаудағы Ақыл-Бейбіт ауылдарының старшина міндетін атқарған. Ондай дерек мұрағаттық құжаттарда да, ел ішіндегі ауызекі әңгімелерде де сақталған. Сол дәулеттің арқасы шығар, Дәндебай 1858 жылдың 13 мамыры күні өзінің қыстауында ағаш үй салуға рұқсат сұрап, Омбыдағы генерал-губернатордың кеңсесіне өтініш жазыпты. Облыстық басқарма Дәндебай Қуанұлына Баянауыл орманынан 125 бөрене кесуге рұқсат беріп, оны қадағалауға округтік приказға нұсқау жібереді. (ҚР ОММ. 354-қор. 1-тізбе. 2096-іс). Егер ол кедей адам болса, ол кезде екінің бірінің қолынан келе бермейтін бұндай шаруаға бара бермейтіні белгілі.

«Жүсіпбек оқудан демалысқа келгенде, Дәндебай ат шаптырып, той жасаушы еді» деп елдің үлкендері әңгімелеп отырады екен». (121-бет).

Сайлау ағамыз бұл кітабында 1897 жылы қазақ даласына барлау жасап, мал-жанның есебін алған Ф.Щербина экспедициясының мына жазбасында келтіреді: «Оймауыт (азан шақырып қойған аты – автор) Дәндебайұлында 276 жылқы бар, оның 29-ы – бойдақ құнан-байтал, 28-і – құлын; 167 ірі қарасы бар, оның 50-і – құнаншығар, құнажын, 46-сы – бұзау; 43 түйесі бар, оның 7-сі – тайлақ, 12-сі – бота; 748 қойы, 52 ешкісі бар». Сәкең кітабында тағы да «Одан бөлек, тағы бір мұрағаттық деректер Оймауыт Дәндебайұлы Тайшық Ноғаевпен (өзінің аталас туысы) бірге 1889 жылдың тамызынан бастап Баянауыл сыртқы округіне қарасты Атағозы болысын басқарған. Ал, ол кезде кедей адам ешқашан болыс болып сайланбаған» деп те жазады. (122-бет).

Сол уақыттарда ауылдан алысқа ұзап шығып, қалалы жерде оқуға ауқатты адамдардың балаларының ғана шамасы келген. Анығын айтқанда, 1914-1919 жылдары Семейдің мұғалімдер семинариясында Жүсіпбекпен бірге оқыған баянауылдың жерлестері Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, Сұлтанмахмұт Торайғыровтар да сіңірі шыққан кедейдің балалары емес, қоры үзілмеген дәулетті атаның балалары болатын.Мәселен, Қаныш мыңды айдаған Сәтбайдың немересі болса, жоғарыдағы 1830-1868 жылы жасалған алпауыт байлардың тізімінде бар Әлкейдің бабасы Дулат Олжабайұлында 1 мың жылқы, Сұлтанмахмұттың атасы Әбет Торайғырұлында 1 мың жылқы, барлығы тіркелген. Ол заманда жылқысының санына қарай «бай» атанған. Ендеше, осыншама мал бұлар оқуға барғанша өсіп, көбеймесе, құрып кетті дегенге кім нана қояр?! Олар осы дәулеттің арқасында қала асып барып, білім алғандарына еш шүбә жоқ.

Мен бұл мақаламда Жүсіпбектің ата-бабасының байлығын мақтап отырған жоқпын. Мұны жазғандағы мақсатым да оның өмірбаянындағы ақтаңдақтың орнын толтырып, оған болашақ зерттеушілердің назарын аудару еді.

Ержан ИМАШ,
Абай ауданы
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button