Жұртшылық жұмыла кірісті
Өткен сенбіде облыстық деңгейдегі сенбілік аясында Жаңаарқа ауданында абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалау шараларына қатысты «Аудан тазалығы – өз қолымызда!» атты жалпыаудандық көлемдегі кең ауқымды акция өткізілді. Жүйелі негізде жоспарланған жұмысқа жұртшылық жұмыла кірісіп, қолға алынған істі тындырымды тиянақтаудың тағылымды үлгісін танытты.
Ортақ мүддені меже тұтқан шараға аудан басшылығының құрамы, кәсіпорынмекемелер ұжымдары, қоғамдық ұйымдар мен кәсіпкерлік нысандар өкілдері, белсенді жастар қауымы бір кісідей атсалысып, арнайы кесте бойынша бекітіліп берілген аумақтарды қоқыстан тазартты. Сенбілік барысында тұрғындар өз үйлерінің төңірегінде санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізіп, қоршауларын жөндеп-сырлады, ретсіз өскен бұталарды қиды.
Сол күні аудан аумағындағы мектептердің жоғары сынып оқушылары өздері оқитын білім ошағының ауласы мен маңайын тазалау шарасына ерікті негізде қатысып, елжандылық үлгісін көрсете білді. Осы орайда, жекелеген орта мектептерді бітіруші түлектер «Туған жерге ағаш сыйла!» акциясын белсенді түрде қолдап, «Түлектер аллеясын» қарағай көшеттерімен толықтырғанын айта кеткен жөн.
– Сенбілік – ұжымдық рухты нығайтып, бірегейлікті қалыптастыратын, психологиялық ахуалды жағымды арнаға түсіретін керемет әдіс. Біз осы тұжырымның шынайылығына жұртшылықтың ынта-жігері мен атқарылған істің ауқымын бағамдай келе тағы бір мәрте көз жеткіздік. Ауылдық округтерден тысқары, сенбілікке бір ғана аудан орталығында 53 еңбек ұжымы, 1127 адам, 2 жүк тиеу және 6 арнайы жүк тасымалдау техникасы қатысты. Жалпы есепте 500 текшеметр қатты тұрмыстық қалдық қоқыс полигонына шығарылды дейді, – аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жалғасбек Сайлаубеков.
Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТ,
ЖАҢААРҚА ауданы.