Жұрт жадында ЖАҢҒЫРАР ЕСІМ

   7 мамыр күні Жаңаарқа ауданының Түгіскен ауылындағы орта мектепке Жанайдар Сәдуақасовтың есімі берілуіне байланысты салтанатты іс-шара ұйымдастырылады.

Қазақстан егемендік алып, тәуелсіздік тұғырын бекіткеннен кейін, қазақ зиялыларының халық таныған абзал ұлдарының есімі халықпен қайта қауышып, олардың рухани мұралары халықтың игілігіне айналуда. Тарихқа деген қоғамдық сұраныстың жоғары деңгейін Елбасы Н.Назарбаевтың 1997 жылды «Жалпы ұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы», 1998 жылды «Халық бірлігі мен тарих жылы», ал 1999 жылды «Ұрпақтар бірлігі мен тұтастығы жылы» деп жариялауынан көруге болады. Елбасының Жарлығымен 1997 жылы 31 мамыр «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні» болып ресми түрде бекітілді. Бұл аталған шара еліміздің ертеңін ойлаған, халқымыздың бетке ұстар біртуар зиялы азаматтарының есімін халықтың жүрегінде және Қазақстан тарихында мәңгілік қалдыруға арналған игі бастама.

Қазақстан Республикасы Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 29 желтоқсандағы №891 қаулысымен Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданы әкімдігінің Жаңаарқа ауданының білім бөлімінің «Түгіскен жалпы орта білім беретін мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі «Жанайдар Сәдуақасов атындағы жалпы орта білім беретін мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі болып қайта аталды. Қасиетті топырақтағы Түгіскен елді мекеніндегі орта мектепке қайсар да қабырғалы Жанайдар Сәдуақасовтың есімін беру туралы игі бастама ел үшін мерейлі белес – Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен ұштастырылды.

Жиырмасыншы ғасыр басында қазақ зиялыларының алдыңғы легінде болған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Жанайдар Сәдуақасов ұлтының ұлы мұратына жету жолында құрбан болды. Өз қызметін жастар ортасында бастаған Жанайдар түрлі мемлекеттік жауапты лауазымды қызметтер атқарды. 1917 жылғы Қазан төңкерісіне дейін де, одан кейін де ұлтымыздың біртуар азаматтарымен етене араласып, жаңа тұрпатты қазақ зиялыларының қалыптасуы жолында айтарлықтай із қалдырды

Жанайдар Сәдуақасов 1898 жылы қазіргі Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы, Түгіскен елді мекенінде (бұрынғы Төссаз) дүниеге келген. Кейін Ақмолада, Омбыда білім алады. Қазақ жастарының «Бірлік» ұйымына мүше болған Жанайдар осы кезде Омбы өңірінің тумасы, осы қалада оқып жүрген Смағұл Сәдуақасовпен және Ғаббас Тоғжановпен танысады. Қазақ мемлекетінің саяси өмірінде елеулі орын алған үш тұлғаның өмір жолдары осылайша Омбыда түйіседі. Аталған азаматтардың шығу тегін білмейтін қала тұрғындары оларды «Сәдуақастың ұлдары» деп атайды.

Ж.Сәдуақасовтың жауапты қызметі 1922 жылы Қазақ Орталық Атқару Комитетінің жауапты хатшысы болып тағайындалуынан басталады. Осы қызметте мемлекеттік маңызды мәселелерді шешумен бірге бірқатар заңнамалық күші бар қаулылар мен ережелер әзірлеуге қатысады. «Қазақ тілін іс жүргізуге енгізу жөніндегі Орталық Комиссияға» төрағалық етеді.

Ж.Сәдуақасовтың басшылық қабілеті мен табиғи таланты оны жиырманың бел ортасында-ақ ірі саясаткер ретінде танытып, кезекті қызмет сатысына жоғарылатып отырды. Ол кейін Қазақ өлкелік комитетінің мәдениет-насихат бөлімінің меңгерушісі, Әділет Халық Комиссары және Республика Прокуроры, ҚКСР Қаржы Халық Комиссарының орынбасары, Халық Комиссарлары Кеңесі төрағасының орынбасары, Алматы қалалық және облыстық партия комитетінің хатшысы секілді бірқатар жауапты мемлекеттік қызметтер атқарды.

Жанайдар Сәдуақасовтың қазақ тілін ресми іс жүргізу үрдісіне енгізуге сіңірген еңбегі зор. Қазақ тілі мәселесін сол кездің өзінде тұтас Одақтық деңгейге дейін көтеріп, жоғарыға өзінің жүйелі пайымдарын жолдай отырып, оны төменнен өз құзыреті деңгейінде шешуге талпынған тұлғалардың бірі, тіпті, бірегейі Жанайдар Сәдуақасов десек, артық айтқандық емес. Ол Орталық Комиссияға төрағалық ету барысында қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде тану, мемлекеттік, қоғамдық мекемелер мен ұйымдарда орыс тілімен қатар қазақ тілін де іс жүргізу, декреттер мен міндетті қаулылар, өзге де заңнамалық актілерді қазақ тілінде шығару туралы «Қазақ тілін іс жүргізуге енгізу жөніндегі Декретті» әзірлеуге қатысты. Оның бастамасымен «өзге ұлт өкілдерінен жасақталған мемлекеттік мекемелерде» қазақ тілі мен жазуын меңгерген қазақ мамандарына қосымша штат ашу туралы Мәскеудегі Орталық Комитетке ұсыныс жасалды. Сол кезеңдегі мұнаралы Мәскеудің пәрменімен жүргізіліп жатқан орыстандыру саясатына қарамастан, қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейтуге барынша күш салды. Сондықтан, Кеңес өкіметі орнаған кезеңдегі Орталық Комиссияның, оған төрағалық еткен Жанайдар Сәдуақасовтың қазақ тілін мемлекеттік аппарат жұмысына енгізу арқылы басқару тіліне айналдыруға тырысқан батыл қадамдары тарихта лайықты бағасын алуы тиіс.

Әділет Халық Комиссары және Республика Прокуроры лауазымындағы жауапты қызметтерінде Қазақстанда заңдылықты нығайтуға, заң кадрларын тәрбиелеуге, заңнамаға халық мүддесіне қажетті заң баптарын енгізуге, халықтың құқықтық сауатын жетілдіруге, соттық-тергеу желісінде реформа жүргізуге үлес қосты.

Жанайдар Сәдуақасов атқарушы билік органдарындағы қызметі барысында да, одан тыс та мәдениет пен өнердің рухани жанашыры бола білді. Қазақ өлкелік комитетінің мәдениет-насихат бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған кезде ол республикадағы кітапханалардың, мәдениет үйлерінің, театрлардың, оқу-ағарту ұйымдарының жүйесін кеңейтуге күш салды. Мемлекеттік баспалар бірлестігі өлкелік редакция алқасының мүшесі және Қазақ пролетарлық жазушылар ассоциациясы ұйымдастыру бюросының төрағасы, «Жаңа әдебиет» журналының редакциялық алқасының мүшесі, «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің, «Қазақстан большевигі» журналының редакторы қызметін қоса атқару барысында қазақтың танымал ақын-жазушылары С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Тоғжановтармен бірлесіп жұмыс істеді. Қазақтың төл газеті «Қазақ әдебиетін» ұйымдастыруға үлес қосты. Қ.Қуанышбаев, Ж.Жандарбеков, К.Байсейітова, Ш.Жиенқұлова, Ж.Елебеков және т.б театр және өнер жұлдыздарымен шығармашылық қарым-қатынаста болды.

Жанайдар Сәдуақасов – ұлттық баспасөзді дамытудың басында тұрған тұлғалардың бірі ретінде баспа жұмысын жолға қою және қазақ басылымдарының санын арттыруда елеулі жұмыстар атқарды. Баспасөзге ерекше мән беріп, қазақ басылымдарының санын көбейтуге, Қазбаспа, Қазтехбаспа, Партбаспа мен Огиз баспаларының филиалдарын құрып, іске қосуға үлес қосты. Қазақстанның саяси және мәдени өмірінде маңызды орын алған Ғылым академиясының филиалы мен Ауыл шаруашылық академиясын ұйымдастыруға үлес қосты.

1932-1933 жылдары голощекиндік асыра сілтеу саясатының салдарынан аштық нәубеті жайлап, халық аштық пен жұқпалы аурулардан қырыла бастаған тұста еліне көмекке ұмтылған республика басшыларының бірі – Жанайдар Сәдуақасов болды. Оның аштық жайлаған аймақтарды аралап, халыққа материалдық және медициналық көмек көрсетуі, халыққа жасаған қамқорлығы мен жанашырлығы, әділеттілігі жайлы мұрағат құжаттары мен естеліктерде дәйекті дәлелдері бар.

1937 жылғы барлық қазақ зиялыларын жаппай жоюға бағытталған сталиндік саяси репрессияның қанды құрығы Жанайдар Сәдуақасовқа да түсті. 1937 жылы 17 қыркүйекте ол қамауға алынып, 1938 жылы 25 ақпанда атылды. Оған 1929 жылдан бастап Қазақстанда әрекет етуші буржуазияшыл-ұлтшыл, террористік және контрреволюциялық ұйымға басшылық жасады, кеңес билігін құлатып, Қазақстанды КСРО-дан бөліп алуды көздеді және буржуазиялық Қазақ мемлекетін құруға әрекет жасады, т.б. айыптар тағылды.

Ж.Сәдуақасов қандай лауазымды қызметтер атқарып, қай саланы басқарса да өзінің адамгершілік қасиеттерін, қарапайымдылығы мен ізеттілігін сақтап қалды. Ол білімі мен білігін, қажыр-қайратын халқының арман-мақсатын жүзеге асыруға, мұң-мұқтажын шешуге жұмсады. Адал, кіршіксіз қызметімен ел ішінде құрметке бөленген Ж.Сәдуақасов 1957 жылы ақталғаннан кейін де, ол туралы ақиқат айтылған жоқ. Оған және оның серіктеріне жабылған жаланың жалғандығын бүгінде тарихтың өзі дәлелдеп берді. Қазақстан егемендік алып, тәуелсіздік тұғырын бекіткеннен кейін, қазақ зиялыларының халық таныған абзал ұлдарының рухани мұралары халықтың игілігіне айналды.

Шын мәнінде, Жанайдар – барша қазақ жастарына шынайы отансүйгіштіктің, білімділік пен біліктіліктің, қажыр-қайраттың, адалдық пен азаматтықтың нағыз үлгісі болатын тұлға. Сол себепті де, өмірінің соңына дейін халқына адал қызмет еткен Жанайдар Сәдуақасов Қазақстан тарихынан лайықты бағасын алуы тиіс. Біздің мақсат – Жанайдар Сәдуақасов секілді ұлыларымызды ұлықтау, ұрпаққа ұлағат ету. Ел алдында еңсесі биік, еңбегі ерен ердің есімін жаңғырту барша қазақтың борышы. Сан қырлы қайраткердің ұлы мұраттарды көздеген ұмытылмас істері, қажырлы қызметі мен өнегелі өмірі алдағы уақытта әлі талай диссертациялар мен ғылыми-зерттеулерге негіз, игі бастамаларға мұрындық болады деген сенімдеміз. Тарланның тағылымды тағдырын тарих беттерінде таңбалау, ұрпаққа таныту руханиятымызды баға жетпес құндылықтармен толықтыратыны сөзсіз. Ұлт тарихына із қалдырар мақсатшыл ізденістер саяси жүйенің жазықсыз құрбаны болған Арысты ақтаңдақтардан арылтуы тиіс. Сыр-сандық сынды тағдыр иесінің тарихтан өз орнын алуына ізденіспен үлес қосу, байсалды бастама жасау – Сіз бен біздің міндетіміз!

Ханкелді Әбжанов,

тарих ғылымдарының докторы,

профессор.

Дара

Түгіскен бізді де түлеткен,

атында Арман бар,

арай бар.

…Қазағын сүйіпті жүрекпен –

Алаштың ардағы – Жанайдар!

Келгенде қолдайтын уақыты,

Рухтар – бұл жердің иесі.

Ұлының бар білем бақыты –

Құмының бар білем киесі.

Есімін ұлықтар талайлар,

дараның дарасы ол да бір.

Жасындай жарқ еткен Жанайдар

Жарығың сыйласын жанға нұр.

Ағалар қалса да азайып,

Бұл ауыл аққудай әлемі.

…Игілік әніндей ғажайып

Мен жазған өлеңдей әдемі.

Сүйіншілеп жүретін бар маңға,

ақжарма пейілі,

жүрегі.

…Жанайдар жетпеген арманға

Жетіңдер, Түгіскен түлегі!

Осы елде батыр да,

алып та,

Нарықта жүдемей реңі.

Жанайдар жетпеген жарыққа

Самғаңдар, Түгіскен түлегі.

Қарайлап қарасам артыма

Сан ұрпақ өзіңде көктеді.

…Жанайдар атымен жарқыра –

Қастерлі Түгіскен мектебі!

Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.