Приозерск қаласында жаңа учаскелік полиция пункті пайдалануға берілді. Учаскелік пункт сағат таңғы 9-дан кешкі 23:00-ге дейін демалыссыз жұмыс істейді. Барлық талаптарға сай жаңа құрылғылармен қамтылған. Орта есеппен үш мыңнан аса тұрғынға қызмет көрсетіп, жергілікті халықтың қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз етеді.
Ресми салтанатты шараға облыстық полиция департаментінің басшысы Санжар Әділов пен Приозерск қаласының әкімі Мансұр Ахметов, қалалық полиция қызметкерлері қатысты. Екі тарап та бұл жобаның маңыздылығын, қажеттілігін атап өтті.
– Мұнда полиция қызметкерлері өздеріне бекітілген аумақ тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Әріптестеріміз халықпен тығыз қарым-қатынас орнатып, өздеріне жүктелген міндеттерді абыроймен орындайды деп сенемін. Жергілікті полиция пунктінің ашылуына атсалысқан қала әкімі мен мәслихат депутаттарына алғыс айтамын, – деді Санжар Әділов.
Аталмыш учаскелік полиция бөлімшесінде төрт қызметкер өздеріне бекітілген аумақтың қауіпсіздігін қадағаламақ. Халық көп шоғырланған аумаққа жаңа учаскелік полиция пунктінің ашылуы өңірде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде ықпалы жоғары. Учаскелік полиция инспекторы Мұхаммед Шалғынбаевтың мәлімдеуінше, бұған дейін Приозерск қаласында екі-ақ учаскелік полиция пункті болған.
Айта кетейік, мұнда өздері қызмет көрсететін аумақтың басқа да бейнекамераларын тікелей қадағалай алады. Мұның барлығы полицияның ашықтығы, қолжетімділігі, құқық бұзушылықтар мен азаматтардың өтініштеріне жедел ден қоюы үшін жасалған. Бұл 12 мыңнан астам халқы бар Приозерск қаласында ел Президентінің полицияны сервистік модельге көшіру туралы тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып отыр.
Нұрдос КӘРІМ,
ПРИОЗЕРСК
Ortalyq.kz