Жүректерге от берген…
Жастар арасында кәсіпкерлікті дамытуға, қолдауға бағытталған Қарағанды қаласы әкімінің грант иегерлеріне салтанатты түрде сертификат табыстау шарасы өтті.
Мақсат – қала аумағында үздік әрі өміршең бизнес-жобаны іске асыру. Биыл бір бизнес-жобаны іске асыру үшін Данияр Рүстемов, Дарья Зайцева, Никита Дмитриев, Мұрат Қожанов, Алдияр Жолтаев, Меруерт Абзалбек, Гүлзат Қайырзат, Адлан Шонов, Айжан Наукенова, Жанель Сембекова сынды 10 үздік жас кәсіпкерге 1 500 000 теңгеден берілді. Жоба ынталы жастардың жаппай жұмыспен қамтылуына ықпал етпек. Осы жылы конкурсқа 18-35 жас аралығындағы қатысушылардан барлығы 75 өтінім келіп түскен. Конкурстық комиссия құрамына мемлекеттік мекемелер, бизнес-құрылымдардың өкілдері, депутаттар мен қоғам қайраткерлері кірді.
Салтанатты шара барысында Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Абзал Рахымбаев, қалалық мәслихатының депутаты Марина Платонова және Қарағанды қаласы әкімінің 2022 жылғы грант иегері, «AVISHU» тігін өндірісінің жетекшісі Виктория Пак грант иегерлерін құттықтап, ілкімді істеріне сәттілік тіледі.
– Бұдан бес жыл бұрын облыс аумағындағы жас кәсіпкерлер үлесі 10 пайызды құрап келген болса, бүгінде 17 пайызға артқан. Бұл жолы біз кәсіпкерлік бағытында тың идеялармен таныстық. Жоба екінші жыл қатарынан жүзеге сәтті асып келеді. Сіздердің белсенді ұстанымдарыңыз келешегіміздің көркем болуына сенім ұялатады. Мемлекет тарапынан қабылданған әрбір бағдарлама міндетті түрде жастардың қамтылуын діттейді. Жаңа нарықты бағындыру оңай болмағанымен, күш-жігерлеріңіз сарқылмасын деп тілек қосамыз. Бастаманы қолдау үшін бюджеттен 15 млн. теңге бөлінді. Барлық грант иегерлерін құттықтаймыз, – деді Абзал Жұпарұлы құттықтау сөзінде.
Жеңімпаз атанып, тың мүмкіндік тізгіндеген грант иегерлері де ой-пікірлерін іркіп қалмады. «Жент ұлттық өнімін дұрыс тамақтануға бейімдеу» жобасының авторы Меруерт Абзалбек қазақы тағамды модернизациялау өзекті әрі пайдалы екендігін жеткізді.
– Бастабында ойымызды екі жыл шегінде сынақтан өткізуге тура келді. Қазір түрлі глютенсіз, қантсыз диеталық өнімдерге сұраныс күрт артты. «Іздегенге – сұраған». Өнім уақыт өте келе ұлттық брендке айналады деп ойлаймыз. Грант қаражатын тиісті жабдық алуға жұмсаймыз. Жобаны кең көлемде ұйымдастырған жандарға риясыз алғыс айтамын. Біз жастар – игі идеяның, сарқылмас күш пен қуаттың иесіміз! Бізді қолдау – болашағымызды баянды ету, – деп ағынан жарылды Меруерт Сапарқызы.
Салтанат соңында жеңімпаздар естелік суретке түсті.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz