Руханият

Жүректерді жылытқан кеш

Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Ыстыбұлақ», «Ар-Рух» жыр жинақтарының авторы Руслан Нұрбай 50 жасқа толуына орай, қалың оқырманына есеп берді. 25 жасында-ақ бір өлеңімен Алматының әдеби ортасын жалт қаратып, Қазақстан Жазушылар одағына қабылданған ақын Кеншілер мәдениет сарайында «Үтірсіз уақыт» атты жыр кешін өткізді. Жыр кешінде жаңа кітабының тұсауы кесілді.

Суреттерді түсірген Бахтияр РЫМБАЕВ

Сәкен театры бұл күнде Қарағанды ақындарымен шығармашылық байланыста. Кештің шымылдығын солар ашты. Ақынның өлеңдеріне театрландырылған көрініс қойды. Өлеңдер арқылы қазақ ауылдарының трагедиясын жеткізді. Әсіресе, бір кезеңде дүркіреген, Қарқаралы ауданының сәні болған Қарағайлы кентіндегі қаңыраған үйлер оқырманның жүрегін толқытты. Кез келген шайырдың аңсары – қайтып келмес, қайтып бермес жастық шағы. Актерлер дауысы күркіреген, дәуірі дүркіреген ақынның жігіттік шағын оқырманның көз алдына келтірді. Сөйтіп, ақын жырлары актерлердің дауысымен өзгеше жаңғырды.

Руслан Нұрбай – Алаштың ақсұңқар ақыны, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері Серік Ақсұңқарұлынан кейін Қарағандының ортасына келген қуатты толқынның белді өкілі. Мұқағали Мақатаев пен Қадір Мырза Әлінің, Төлеген Айбергеновтердің өлеңдері қалай оқылса, Руслан Нұрбайдың да жауһар жырлары қазақ тойы мен түрлі жиындарында оқылды. Балқантаудың дарынды ақыны Тұрсын Жұмаш «Сенен бұрын ауылға жетті өлеңің…» дейді Серік Ақсұңқарұлына жазған өлеңінде. Руслан Нұрбайдың да есімі мен өлеңі Қазақстанның түпкір-түпкіріне өзінен бұрын жеткен. 25 жасында-ақ қазақ поэзиясының құбылысы деп мойындалған.

Театрландырылған қойылымнан кейін сахнаға ақынның өзі шықты. Руслан Нұрбай қалың қазақ жатқа оқитын «Әріп пен ұғым», «Зообақтағы мұңдасу», «Ыстыбұлақ» өлеңдерін оқыды.

Содан кейін кезек құттықтау сөздерге берілді. Көшті облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей бастады. Ол Руслан Нұрбайдың өлеңінен бұрын адамдық қасиеттерін тілге тиек етті және аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаевтың құттықтауын жеткізіп, иығына шапанын жапты.

– Руслан Жаманханұлы, сізді барша қарағандылықтардың атынан мерейлі жасыңызбен құттықтаймын! Ердің жасына жеттіңіз. Осы уақытқа дейін ақындық борышыңызға адал болып, елдің сөзін сөйлеп, ықыласына бөленіп жүрсіз. Қазақ поэзиясына салар олжаңыз әлі де көп деп сенемін. Шабытыңыз шалқып, өнеріңіз оза берсін! Сөз өнерімен бірге жасай беріңіз! Арқа жұрты сізді қастерлейді. Отбасыңызға амандық, деніңізге саулық тілейміз! – деді Әлібек Үсенұлы.

Ақынның Алаш оқырманына тараған тағы бір өлеңі – «Fe-темір» еді. Руслан Нұрбай өзі оқып берді. «Алтын аймағы» да оқылды. Қазақтың аяулы әншілері Ержан Базарбеков пен Сержан Мұсайын да поэзияны асқақ әнмен әрледі.

Поэзия кешінде Арқа жұртының алдында Қазақстан байтағына өзінен бұрын өлеңі жеткен ақынның «Үтірсіз уақыт» деген жаңа өлеңдер кітабының тұсауы кесілді. Рәсімді атқаруға Руслан Нұрбайдың ұстазы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, абайтанушы, академик Зарқын Тайшыбай, «Amanat» партиясы облыс­тық филиалының төрағасы, белгілі меценат Бекзат Алтынбеков, Қазақстан Жазушылар одағының аймақтағы ресми өкілі Жанат Жаңқашұлы мен Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті филология факультетінің деканы Елдос Түйте шықты.

Сонымен қатар, ақынның туған өлкесі Ақтоғай ауданы және қызмет істеп, қаламы төселген Қарқаралы ауданы әкімдігінің өкілдері сахнаға көтерілді. Қадірменді меймандар ақынға лебіз, тілектерін жеткізді, поэзиясы мен азаматтығына жоғары баға берді. Ал, Жанат Жаңқашұлы болса, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкеновтың құттықтау хатын оқыды.

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, талантты ақын, әдеби аудармашы Дәурен Берікқажыұлы, ақын, журналист, өлкетанушы, Қазақстан Жазушылар одағының және Журналистер одағының мүшесі, «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері» Алмаз Темірбай сахнаға шықты. Қос ақын қарағандылық оқырманның алдында өлең оқыды.

Белгілі өнертанушы, әйгілі әнші Ерлан Төлеутай да ақынның тойына Алатаудың бөктерінен арнайы келген. Ол Руслан Нұрбайдың азаматтығы турасында толғата сөйлеп, ән шырқады.

Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button