Жүректен шыққан – жүрекке жетеді
Экзитполдың, онан соң Орталық сайлау комиссиясының қорытындысымен ел таныс болды: кезектен тыс сайлауға қатысқан қазіргі Президентіміз халықтың қолдауымен қара үзді. Бес үміткердің арасынан сайлаушылардың 81,31%-ның дауысын алу дегеніңіздің өзі біраз дүниенің болмысын аңғартса керек. Яғни, көп тілеуі солай болса, ол – таңдау түскен тұлғаның мемлекет жүгін өрге сүйреуге әбден лайықты болғаны да. Ақыл-ойы – кемеліне келген, сөзі мен ісі тоқайласқан қайраткерді халық қалаған екен, құтты да қайырлы болсын дейміз!
Енді, кезектен тыс болған осы сайлаудың төңірегінде қозғалған кейбір әңгімелерге тоқтала кетсек. Мәселен, оппозициялық көзқарастағы бәзбір отандастарымыз сайлауға түскен үміткерлердің ел ішінде танымалдығы төмен болғанын айтып, мұның өзі саяси науқанның абырой-беделіне нұқсан келтіруі мүмкін деген сықпыттағы сөз таратқаны белгілі. Ал, шынтуайтында, тәуекел етіп, додаға түскен кандидаттарды лайықтылардың тізімінен сызып тастауға әсте болмас еді. Неге десеңіз, олардың қай-қайсын алсаңыз да, өз саласының білгір маманы, ойын ашық және еркін жеткізе алатын білімді, саналы азаматтар-тұғын. Және олар өздерінің бұл сайма-сай қасиеттерін сайлауалды науқан кезінде іспен дәлелдеп көрсетті де. Үміткерлердің «Жаңа Қазақстанның» болашағын жарқын ету жолындағы оңды ой-пікірлері мен ұстамды ұсыныстарының көптің көкейінен шыққанын да жоққа шығаруға болмас еді.
Сөз жоқ, осындай жасампаздықты жанына серік еткен кандидаттардың келешектегі саяси мансабының күні ертеңгі Парламент сайлауында көкке өрлемесе, құлдырамасы айдан анық. Өйткені, олардың да көздегені – елдің ертеңі, болашақ ұрпақтың қамы.
Кейбір тәуелсіз байқаушылар дауыс беру кезінде майда-шүйде кемшіліктердің болғанын айтты. Әлбетте, ауқымды шаруалар атқарылып жатқанда, ұсақ-түйек кемшіліктердің міндетті түрде болатынын ешкім жоққа шығара алмайды. Тек, мұндай олқылықтардың қолданыстағы заңға, ортақ мүддеге қиянатының болмағаны абзал.
Сонымен, Қазақстанның халқы өзінің таңдауын жасап, алдағы жеті жылда мемлекетіміздің тұғырын нығайтып, мерейін үстем ететін тұлғаны Президент етіп сайлады. Өміріміздегі оң өзгерістердің жылымығын, саяси реформалардың шарапатын шын мәнісінде сезіне бастаған жұрттың басқаша шешім қабылдауы мүмкін емес те еді.
Ұзақ жылдардан бері уәдеден ығыр болып, тұрмыстың жүдеулігінен қажып, сеніміне селкеу түскен елдің ендігідегі талабы да күшейе түспек. Халық Қазақстанымызда әділеттің, заңның үстемдік құрғанын қалайды. Отандастарымыз өзінің тағдырын қоғамның денесіне сүлікше жабысқан сыбайлас жемқорлықтың дертін сылып тастап, жеріміздің асты-үстіндегі байлықтың ырыздығын әрбір азаматтың игілігіне жаратуды асыл мұратына санайтын Мемлекет басшысымен байланыстырғысы келеді.
Өзінің сайлауалды бағдарламасын жария еткенде, Мемлекет басшысы былай деген болатын: «Мен ұсынып отырған бағдарлама «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін» деп аталады. Оның әр тармағын өзім жаздым. Бұл бағдарлама менің жүрегімнен шықты деп айтсам, артық болмайды. Біздің бір ғана мақсатымыз бар. Бұл – Әділетті Қазақстанды құру».
Иә, жүректен ширығып шыққан – жүрекке шарықтап жетеді. Бұл – дәлелді қажет етпейтін шындық!
Сөз сабағын түйіндер болсақ, жоғарыда әңгіме қылғанның бәрі жаңадан жеті жыл мерзімге сайланған Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев сынды әлемдік деңгейдегі саясаткердің қолынан келеді деп нық сеніммен айтуға болады.
Қайрат ӘБІЛДА
ҚАРАҒАНДЫ