Басты тақырып

Жүрегі жомарт жігіт

Нияз Сүндетәлиев – Қарағандыдағы белсенді жастардың бірі. Өмірге деген құлшынысы жоғары қайсар жігіт. Өзінің науқастығына қарамастан аймақтың қоғамдық өміріне белсенді араласатын азамат. Ғаламторда жеке блогын жүргізіп,  жетім балаларға қолдау көрсетуге мұрындық болып жүр.

Нияз осыдан бірнеше жыл бұрын алған жарақатынан омыртқасын зақымдап, мүгедек болып қалған еді. Қазақстандықтар оған шетелде ота жасату үшін қаржы жинап берген. Алайда, медициналық орталықтың мамандары оған отаны тегін жасауға дайын екендіктерін жеткізді. Сондықтан Нияз бірнеше жыл бойы өзінің еміне деп жиналған 5 миллион 584 мың теңгені Аружан Саинның қайырымдылық қорына аударды. Бұл қаражат 2 жасар София Брусенскаяның Сеулде алып жатқан еміне және басқа да науқас балалардың қажетіне жұмсалды.

Нияздың ерлігін батырлыққа балаған қазақстандықтар қайырымдылық концерттер ұйымдастырып, оның еміне көмек көрсету мақсатында банкте шоттар ашты. Нияз да бүгінгі таңда мүмкіндігі шектеулі балалар үшін ұйымдас­тырылатын шараларға қолдау көрсетіп келеді. Қазіргі таңда жомарт жігіттің аяққа тұруына тілекші, материалдық әрі рухани көмек көрсетіп жүрген жандар баршылық.

Нияз облыстың қоғамдық шараларына белсенді атсалысады.  Жақында денсаулық саласына қосқан үлесі үшін «Алтын Жүрек» ұлттық сыйлығымен марапатталды.

«Менің мақсатым да тілегім де –  денсаулық. Өз денсаулығыма барынша жұмыс істеуім керек деп санаймын. Осы орайда қазақстандықтар маған көп қолдау көрсетеді, бұл –  шын мәнінде менің қоғамға керек екенімді көрсетеді. «Алтын жүрек» сыйлығының өзі – маған үлкен күш берді», – дейді ол.

Сондай-ақ, қайырымдылық шараларымен айналысып, қиын өмірлік жағдайға тап болған адамдарға көмектескені үшін Қарағанды облысы әкімінің «Қайнар» жастар сыйлығының жеңімпазы атанды. «Шын жүректен» аталымы – Ниязға берілген шын баға.

Бүгінде Қарағанды қаласының тұрғыны шаһардағы достары көп жастың бірі. Сондай-ақ, ержүрек жігіт. Мүгедектер арбасына таңылғанына қарамастан, ертеңіне мол үмітпен қарайды.

Нияздың айтуынша, барлық қиындықтарға мойымай айналаға жылу шашып, адамдардың қуанышты түрін көруден асқан бақыт жоқ. Өз жүрегіңнің қалауымен жүрсең, бар жақсылықты кейінге қалдыруға болмайтынын түсінесің. Ал, жақсылық – қарапайым сөзбен айтқанда, көңіл бөлу мен мейірімнен тұрады. Адам өмірі қысқа, сондықтан әркім өз өмірін лайықты өткеру үшін – қайырымды болғаны дұрыс. Жақсылық жерде қалмайды.

Аяулым СОВЕТ

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button