Жәнібек жеңіске жетті
АҚШ-тың Фриско қаласында қазақтың қайсар ұлы, кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы кезекті рет рингке көтерілді. Жекпе-жек Жәнібектің жеңісімен аяқталды.
Жәнібектің бұл жолғы қарсыласы америкалық Стивен Мартинес – «The Hitman» болды. Кездесуде Жәнібек өзінің еңбекқор әрі жойқын жылдамдық иесі екендігін танытты. Бесінші раундта шапшаң шабуылдап, соққыларын жаудыра түсті. Стивен Мартинестің бапкерлері ақ орамал лақтырып, шәкіртінің жеңілгенін мойындауға мәжбүр болды. 8 раундқа есептелген жекпе-жек, 5 раундта боксшымыздың техникалық нокаутымен аяқталды.
Айта кетейік, бұл – Жәнібек Әлімханұлының кәсіпқой бокстағы бесінші жекпе-жегі. Ол бар жоғы 25 жаста. Осыған дейінгі төртінші жекпе-жегінде, қараша айында америкалық Александр Вонмен шығып, төрешілер шешімімен жеңіске жеткен еді. Болашағынан зор үміт күттіретін Жәнібектің әлі талай жеңісімен қуантатынына бек сенеміз!