Еңбек

Жұмыссыздан жұмыс көп

Биылдыққа 700 адамды тұрақты жұмыспен қамтуды жоспарға алған Шет ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі 671 жанға жұмыс тауып берген. Жыл соңына дейін мыңға жеткізбек. Алайда, бүгінгі таңда жұмыс іздеушілерден жұмыс берушілер көп.

«ЕҢБЕКТІҢ» НАНЫ ТӘТТІ»

Аудан бойынша жұмыссыздар тізімінде 672 адам тұр. Оның 348-і тұрақты жұмысқа орналасты. Яғни, 324 адам қалды. Жұмыс іздеуші Enbek.kz сайтына жұмыссыз ретінде тіркеледі. Біз сұранысына қарай 2 рет жұмыс ұсынамыз. Бас тартса, жұмыссыздар тізімінен алып тастаймыз. Аудандағы кәсіпорындар жұмыскер сұрайды, біз тауып бере алмай отырмыз. Тіпті, аудан орталығындағы мектепке от жағатын адам табылмай тұр, – деді аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Аманжол Амангелдин.

«Еңбек» бағдарламасының бағыттары бойынша жұмысқа орналасып, кәсібін бастауға қолдау тауып жатқандар баршылық. Бағдарламаға қатысушыларды техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқытумен қамтамасыз ету бағытында 16 адам қысқа мерзімді кәсіптік оқытудан өтті. Ал, жаппай кәсіпкерлікті дамыту аясында Қарағанды облысының ауыл шаруашылығын қолдау қоры арқылы 100 адамға жалпы сомасы 379 873 000 теңге болатын жеңілдетілген несие берілді. 53 адам жаңа бизнес идеяларды іске асыру үшін 200 АЕК мөлшерінде қайтарымсыз грант алды. Бұл мақсатта жұмсалған қаражат 30 млн. теңгеден асты.

Қазір бөлінетін гранттар азайып келеді. Біз санға емес, сапаға жұмыс істеуге көштік. Грант алғаннан кейін 1 жыл бойы көмектесеміз. Қайтарымсыз грантты көбінесе шағын тігін цехы, кондитерлік өнімдер, шаштараз, дөңгелек жөндеу ісін ашу үшін алады. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар кемі 1 жыл істеу керек болады. Көрсетілген уақыт өтпей және жеке кәсіпкерлігін жаппай басқа жұмысқа орналаса алмайды. Әрі грант бір рет қана беріледі. Сондықтан, бастайтын кәсібі туралы зерттеп, жүріп кететініне сенімді болған кезде ғана тәуекел ету керек. Тағы қаражат керек болса, аудан әкімінің, облыс әкімінің гранттарына ұсыныс беруге болады, – деп түсіндірді орталық басшысы.

Еңбек нарығында қажетті мамандықтарға қысқамерзімдік оқуға 11 адам жіберіліпті. Тәрбиешінің көмекшісі мен аспаздыққа оқыған оның барлығы да жұмысқа орналасып кетті. «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша биыл 27 жас жіберілсе, оның 10-ы барған жерлерінде тұрақты жұмысқа қалды. Биыл қолға алынған «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасымен 4 жас жұмыс тапты. Сондай-ақ, әлеуметтік жұмыс орындарына бойынша 11 адамға жолдама беріліпті. Пробациядағы жандар да назардан тыс қалмайды. Оларға 5 жұмыс орны жоспарланған.

ӘЛЕУМЕТТІК ҚОЛДАУ

Аудан көлемінде 2 117 мүгедек жан бар. Оның әрқайсы көмек пен қолдауға мұқтаж. Биыл іске қосылған әлеуметтік қызметтер порталы техникалық көмекші құралдар мен арнаулы жүріп-тұру құралдарын ЭЦҚ арқылы тапсырыс беріп, алдыруға мүмкіндік береді. Аталған құралдарды алуға барлығы 730 өтініш түсті. Ол өтініштерді қанағаттандыру және санаторий-курорттық емделу үшін облыстық бюджеттен 15 млн. теңге және жергілікті бюджеттен 12 млн.- ға жуық теңге бөлініпті. Одан бөлек, жүріп-тұруы қиын І топтағы 72 мүгедек жаннан жеке көмекші қызметіне өтініш түскен. Мұндай қызметті жүзеге асыру үшін жергілікті бюджеттен 30 млн. теңге бөлініпті.

Ауданның 7 ауылдық округі мен кенттеріндегі жалғызбасты қарттарға, мүгедектер мен мүгедек балаларға 16 әлеуметтік қызметкер бекітілген. Бір қызметкердің мойында 5 адамға дейін. Сонымен қатар, мүгедектерге қолайлы орта қалыптастыру үшін ауданның 22 мекемесін ыңғайлы ету қолға алынды. Бірақ, инватакси қызметін ұйымдастыру мүмкін болмай тұр. Бірнеше мәрте өткізілген конкурсқа қатысуға ниет білдірушілер жоқ. Хабарласып көрген бірқатар фирмалар ауылдардың қашықтығын, бұл мақсатқа бөлінген 4 млн. 700 мың теңге аз екенін себеп етіп тұр. Келесі жылы тағы конкурс ойнатып көреміз, – дейді жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің сектор меңгерушісі Әлібек Құлсаров.

Бөлімде ұсынған деректер бойынша қазіргі уақытта атаулы әлеуметтік көмек алып отырған отбасылардың саны – 98.

Жыл басынан бері осы кезге дейін 504 адамға 33 578 195 теңге болатын АӘК көрсетілді. Негізі атаулы әлеуметтік көмек алатындардың саны уақыт өте келе азайып келеді. Солай болуы да тиіс. Отбасы мүшелерін жұмыспен қамти отырып, ынталандыру – біздің басты мақсатымыз. АӘК алушылар қатарында балалар да бар. 1-6 жас аралығындағы балаларға әлеуметтік пакеттер таратылады, – деп атап өтті Ә.Құлсаров.

Пандемия кезінде көрсетілген көмектің кез келген түрі аз қамтылған отбасыларға әжептәуір қолдау болды. Бірі ақшалай, енді бірі – азық-түлікпен, келесісі дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіп, қол ұшын созды. Қиындық ауызбіршілікті нығайтып, мейірімді оятты.

Жансая ОМАРБЕК.

ШЕТ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button