Жаңалықтар

Жұмыс істемейтін кредиттердің мәселелерін шешу жолдары

    Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының қаржы секторы заңды және жеке тұлғаларды кредиттейтін екінші деңгейдегі банктермен ұсынылған. Өздерінің кредиттік қызметінің барысында банктер кредитті қайтармау сияқты жағдайлармен кездеседі. Әдетте мұндай кредиттерді «проблемалық» деп атайды.

    Проблемалық кредиттер дегеніміз қарыз алушы тарапынан кредит мерзімінде және толық көлемде берілгеннен кейін міндеттемелері орындалмаған немесе кредит бойынша қамтамасыз етудің құны айтарлықтай төмендеген кредиттер.

    «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес банктiк қарыз операциялары банктiң Директорлар кеңесі бекiтетiн Ішкi кредит саясаты туралы қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады, Iшкi кредиттік саясат туралы қағидалар банктiк қарыз операцияларын жүзеге асыру кезiнде тәуекелдi төмендету мақсатында жасалады.

   Кредиттік саясатта банктің проблемалық кредиттермен не істейтіндігі жайлы нақты анықталуы тиіс. Назарды мынаған акценттеген жөн- проблемалық кредиттер банк бизнесінің ажырамас құрамдас бөлігі болып табылады. Бұл дегеніміз кез келген кредит беру мекемесінде проблемалық кредиттермен жұмыс істеудің жалпы жүйесі құрылуы тиіс. Банктің тиісті бөлімшелері тұрақты түрде қарыз алушылар мониторингін жүргізіп отыруы тиіс, олардың қаржылық – әлеуметтік ахуалына талдау жүргізіп отыруы тиіс, сәтсіздік белгілерін анықтап, проблемалық қарыз анықталған жағдайда, шығынның алдын алу үшін шаралар қолдануы тиіс.

    Сондықтан, банк кредит берген кезде кредит бойынша шығындардың алдын алу үшін шаралар қолдануы тиіс. Осы мақсатта банктер кредиттің проблемалық белгілерін анықтау мақсатында берілген кердиттердің сыныптамасын жүргізуі тиіс. Банктің ішкі бақылау жүйесі проблемалық кредиттерді анықтаудың басты элементі болып табылады. Бұл ретте проблемалық кредиттер қаржылық және қаржылық емес сипаттағы белгілері бойынша танылады.

    Проблемалық кредиттердің қаржылық емес белгісі болып мыналар табылады: қарыз алушының қаржылық есепті беруінің негізсіз кідірісі, клиенттің қызмет ету жоспарында кенеттен болатын өзгерістер, басшылық құрамдағы түбегейлі өзгерістер, қарыз алушы нарығындағы жайсыз беталыс.

   Проблемалық кредиттердің қаржылық белгісі қаржылық талдауды жүзеге асыру кезінде, сондай-ақ қарыз алушыға берілетін кредиттерді түрлендіру арқылы байқалады (мысалы, маусымдық кредиттер үнемі жаңартылмалы болған кезде). Проблемалық кредиттердің қаржылық белгісі болып мыналар табылады: кредитті мақсатқа сай емес қолдану, кредит мерзімін үнемі ұзарту, овердрафтың болуы.

   Проблемалық кредиттердің белгілері болған жағдайда, банктің кредит бөлімі мынадай шараларды жүргізуі тиіс: қарыз алушының проблемаларын талдау қажет; кредитті айтарлықтай төмен категорияға ауыстыру; қарыз алушымен одан әрі жұмыс істеу кезінде болатын ықтимал тәуекелдер туралы ақпаратты жинау; овердрафттың туындауы үшін қарыз алушының шотына күн сайын бақылау жүргізу; барлық кредиттік құжаттамаға шолу жасау; қамтамасыз етуді алу мүмкіндігіне талдау жасау (егер қамтамасыз етілмеген кредит орын алған жағдайда); кредитті «қалпына келтіру» стратегиясын әзірлеу. Оны әзірлеуде қандайда бір әмбебап әдістер жоқ, өйткені әр проблемалық кредит бірегей болып келеді.

   Алайда, мыналардан қамтылған жалпы тәсілдеме бар: кредит құрылымын өзгерту бағдарламасын әзірлеу; қосымша құжаттама мен кепілдік алу; қосымша қаражат бөлу; қамтамасыз етуді және басқа активтерді сату; проблемаларды анықтау және олардың шешімін іздеу; банк атынан қарыз алушылармен жұмыс істейтін басқарушылар мен кеңесшілерді тағайындау; қарыз алушыны қайта ұйымдастыру және т.б.

    Бұдан басқа, проблемалық кредиттердің туындауын алдын алу үшін кредит беру туралы шешімді қабылдау кезеңінде ішкі скорингті жақсарту арқылы жұмыс жүргізу қажет. Кредит бөлімі қызметкерлерінің жіберіп алған олқылықтарын немесе жасырып қалған кредиттің проблемалық белгілерін анықтау мақсатында банктер ішкі бақылау бөлімінің күшімен кредиттердің дұрыс шолуын жүргізіп отыруы қажет, банктің стратегиясын бірден іске асыру үшін жұмысқа жоғары кәсіпқой мамандарды тартуы қажет. Сонымен қатар, банктік кредиттерді әртараптандыру қажет: кредиттеу субъектісі бойынша; кредиттеу мерзімі бойынша; кредиттеу сапасы мен объектісі бойынша және т.б.

   Осылайша, осы бағыттағы жұмыс проблемалық кредиттерді уақтылы анықтауға, кредиттік тәуекелдерді төмендетуге мүмкіндік береді.

Қаржылық жүйенің тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ жұмыс істеу тұжырымдамасын әзірледі.

     Осы Тұжырымдаманың мақсаты «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ жұмыс істеуінің, оның банктермен ынтымақтастық жасау тетіктерінің тиімділігін арттыру болып табылады.

    «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ негізгі міндеті банктерге банк жүйесіндегі несие портфелінің сапасын жақсарту және «жұмыс істемейтін» қарыздар деңгейінің мақсатты көрсеткіштеріне қол жеткізу (10%-дан аспайтындай), оның ішінде ұлттық валютамен ұзақ мерзімді негізді қаржыландыру беру арқылы қол жеткізу жөніндегі стратегиялық міндеттерді орындау мақсатында балансты «жұмыс істемейтін» қарыздардан «тазарту» процесіне жәрдем беру болып табылады.

     Халықаралық практикаға сәйкес жұмыс істемейтін активтерді басқару жөніндегі орталықтандырылған мемлекеттік компаниялар тәуелсіз болуы және оларда жеткілікті түрде қаржы және кадр ресурстары, оның ішінде инвестициялық банкинг, қайта құрылымдау және жылжымайтын мүлікті бағалау саласындағы кадрлары болуы тиіс.

     Осыған байланысты «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ барабар капиталдандыру және қаржыландыру түйінді факторлардың бірі болып табылады. Бұл ретте, банктерден проблемалық кредиттерді сатып алудың, бірлесіп басқарудың, туындайтын шығындарды банктермен бөлісу қажеттігін ескере отырып, осы активтерді инвесторға өткізудің немесе осы активтерді жоюдың түрлі тетіктері қарастырылатын болады.

     Ұлттық Банк «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ-ның және банктердің ынтымақтасу тиімділігін арттыру үшін қолайлы жағдай жасау бойынша жұмыстар жүргізуде. Осы бағыттағы Ұлттық Банктің негізгі мақсаты жұмыс істемейтін қарыздардың үлесі бойынша мақсатты көрсеткішті банктердің несие портфелінің 10% жеткізу болып табылады.

    «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ жұмыс істеу тұжырымдамасына, Қазақстан Республикасының қаржы секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес, банк секторын одан әрі дамыту мәселелерінің бірі жұмыс істемейтін қарыздардың жоғары деңгейінің проблемаларын шешу болып табылады.

Жәнібек Мәметқұлов,

«Қазақстан Республикасының

Ұлттық Банкі» РММ

Қарағанды филиалының

қаржылық ұйымдарды бақылау және

қаржылық қызметтерді

тұтынушылардың құқықтарын

қорғау бөлімінің бас маманы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button