Жаңалықтар

Жұлдызды Жапония

Қазақстан делегациясыӨткен мешін жылының соңы мен тауық жылы біздің отбасымызға үлкен жақсылықтар әкеліп, жағымды жаңалықтар жеткізді. 2016 жылғы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атануыма байланысты, ең алдымен шетелдің жоғары оқу орнының бірінде тәжірибеден өту керектігіне қатысты шақыртулар болды. Басында өзім білетін Түркияның Измир қаласындағы Эгей университетіне бармақ болған тілегім өзгеріп, тым алыстағы Жапонияның Цукуба университетінен шақырту алдым. Мұндайда алдымен санаға «Мен осы Жапония туралы не білемін?» деген салмақ түсіп, толғана бастайды екенсің. Мектептегі оқыған жер көлемі 372 мың км., халық саны 130 миллионға жеткен, қатыгездіктің құрбаны болған Хиросима мен Нагасаки секілді Жапонияның қалалары еске түседі. Салмағы 20 килотонна болатын атом бомбасын АҚШ-тың айтуымен «Грейт Артист», «Энола Гей» ұшақтарымен аталған екі қалаға тастағанда, бірден 80 мыңға жуық адам қырылып, 205 мың адам айықпас жарақат алған екен. 1945 жылдың 6 тамызы осыған байланысты Жапонияда қаралы күн болып қалған.

Осындай қайғылы оқиғадан кейін ел есін тез жиып, 20 жылдан соң дүниежүзілік Олимпиада өткізуі, алып сәулет ескерткіштері тұрғызылуы, экономикасы бірден көтерілуі туралы Жапония жөніндегі деректер кімді болсын таң қалдырады. Бұған таң қалдырмайтын деректер өз үйіңдегі теледидар, телефон, тағы басқа заттардан танылады. Көшеде жүйткіп жүрген жеңіл көліктердің көбі Жапонияда жасалған. Айтулы спортшылар көбіне сол елдің киімдерін таңдайды. Бұның бәрі Жапон экономикасына қатысты деректер десек, дәл менің салама қатысты Жапондардың VIII ғасырдағы Нар дәуірінің әдеби мұралары «Кодзиктар» (мифологиялық эпостар), «Фудоктар» делінетін өлкелік суреттемелері, шешендік сөздері еске түседі. Айтулы ақын Нидзе Есимото және оның шәкірттері Соги, Сехаку, Соте өнерлері бұл елдің рухани байлығын танытады. Соңғы кездегі деректер – Жапон ғалымдарының Қазақстан тарихына қызыға қарап, көлемді еңбектер жазып қалдырғаны туралы мағлұматтар да жеткен еді.

Айтулы ағам, сексеннен асқан ұстазым жүрер алдында тағы да қоңырау шалды. «Жапония тым алыс ел, Алаштың айтулылары арман қылғаны үшін жала жабылған шығыстағы жұлдызды мемлекет. Бабалардың жетпеген жолын жалғап, аман-есен оралуыңа тілектеспін» дегені толғандырып тастады.

Алматыдан үш жүздей адам отырған жолаушылар ұшағы аспанға көтерілді. Ұшу бағыты Сеул, Токио екендігі ұшақтағы әр орындық арқалығындағы теледидардан көрсетіліп, қашықтығы, ауа-райы туралы мәліметтер беріп тұр. Жеті сағаттан кейін Сеул әуежайына қонып, екі сағаттан кейін Жапонияға ұшып шықтық. Токио әуежайы мен Сеул әуежайлары бір-біріне ұқсас, алып ғимараттар негізінен темір мен шыныдан тұрғызылған. Ішкі жүйесі халықаралық талаптарға жауап береді. Токио әуежайынан бізді Цукуба университетінің профессоры Қуаныш Тастанбекова бастаған ғалымдар қарсы алып, бірден жұмыс кестелерімізбен таныстырып, университет қонақ үйіне орналастырды. Ақша айырбастау, магнитті жүйедегі транспорттық карталар лезде жасалып, университет ғимараттарымен танысып шықтық. Сөз арасында айта кетейік, Қуаныш Тастанбекованың ұлты – қазақ, қазақ мектебін және жоғары оқу орнын Алматыда бітіріп, одан әрі Цукуба университетінде білімін жетілдірген. Магистратураны бітіріп, одан кейін докторантураны ойдағыдай аяқтап, Ph(D) философия докторы, профессор атанған. Қазір өзі бітірген Цукуба университетінің кафедрасын басқарады, ағылшын, жапон, орыс, қазақ тілдерінде еркін сөйлеп, жаза білетін қарындасымыз Алмас атты жолдасымен Жапонияда тұрғандарына он жылдан асқан екен. Екі баласы бар. Сол университетте Базылхан атты бауырымыз және басқа да Қазақстаннан барып оқып жатқан студенттер барлығын білдік.

Алғашқы және келесі күні университет профессорлары Такео Есида, Теруюки Фудзита, Ходака Фудзии, Такаси Хироселердің педагогика, саясаттану, «Жапонияның білім беру жүйесі», «Жоғары оқу орындардағы білім берудегі жетістіктер» туралы лекцияларын тыңдап, семинар сабақтары мен лабораториялық жұмыстарына қатыстық. Көкейде жүрген сұрақтарға жауаптар алып, кеңінен сұхбаттасу сәттері өтті. Бұдан кейін Токио қаласында, Жапонияның Ғылым және технология, спорт, Мәдениет және білім министрлігінде болып, онда Жапонияның жоғары білім беру министрлігінің департамент директоры Хилико Чозамен кездесу өтті. Қазіргі кезеңде алдағы 2020-2030 жылдары жоғары оқу орындарында қандай жұмыстар жүргізілу керектігі бойынша бағдарлама жасау үстінде екендігін айтып, бүгінгі кезеңдегі ЖОО-ға қатысты мәселелерге тоқталды. Білім берудің сапасын жетілдіру керектігіне қатысты мәселелерді атап өтті. Жапонияның жаңадан салынған Білім және ғылым, Спорт пен мәдениет министрлігі 20 қабаттан жоғары болса, бұрынғы ғимараты дәл осы жаңа ғимараттың алдында 6 қабатты екен. Ескі ғимарат толықтай мұражай болып қалдырылған. Онда сонау XVIII-XIX ғасырдағы білім беруге қатысты экспонаттар, алғашқы білім министрлігінің кабинеті, сол ғасырдағы қолданылған парта, тақта, көрнекті құралдар мен ХХ ғасырдағы ғылым мен техниканың білім беруге енгізілген жаңалықтары қойылған.

Жапонияның 22 ғалымының әйгілі Нобель сыйлығының иегері екендігін білдіретін көрнекті стенд жасалып, танымдық тұрғыда суреттері мен қысқаша өмірбаяндары ілінген. Мұнан әрі атақты спортшылар, жазушы-ақындар, өнер саңлақтарының жеткен жетістіктерін баяндайтын көрнекіліктер көз тартады. Олардың жасаған ректорадтарына қатысты киген киімі, спорттық заттары, ұстаған қаламдары мен жазған қойын дәптерлеріне дейін ұқыпты сақталған. Әрбір деректемелер бойынша толықтай ақпарат алып, терең танысуға дәл сол көрнекіліктер қасындағы теледидардан хабарлар көруге болады. Білім мен ғылым, Спорт және мәдениет министрлігіне таяу бірнеше министрліктер, Парламент үйі және тағы басқа басқару саласы ғимараттары орналасқан.

Бір ғана Токио қаласында 16 милионнан астам халық тұрады. Мұндағы әйгілі Токио университетінде 24 мың студент оқиды. Жалпы Жапонияның орталығы Токио қаласы қазақ тілінде «Шығыс астана» деген ұғым береді. Қаладағы ең басты жетістік – тазалық. Көлік жолдары, жолаушыға қатысты көліктер, адамдар жүретін жолдар мен орындар ертегіні еске түсіреді. Көлік және логистика саласы жағынан Жапония ешкімге жеткізе қоймас. Көше мен жаяу жүргіншілер жолдарынан кептеліс, кезек дегенді кездестірмейсің. Зағип жандарға жасалған жолдардың өзіне еріксіз сүйсінесің. Токио қаласының өзі жер асты, жер үсті, электронды, су үсті қалалары болып жіктеледі. Осыған сай жер асты, жер үсті, су жолдары ең жоғары үлгіде жасалып шыққан екен. Осы қалалардың бәрінде болып, аралап көзбен көрдік. Оның бәріне тоқталу бір мақаланың ауқымына сыймайды. Токио қаласын көздің жанарына сыйғызу үшін қаланың қақ ортасындағы «Аспан ағашына» (биіктігі 634 м) шығып, көз салғанда, бүкіл қала көз алдыңызда жатады. Қаланы көлденеңі мен енінен бірнеше өзендер ағып өтіп, теңіз және мұхитпен жалғастырып жатқанын түсінуге болады. Өзендердің бәрі көпірлер, әсем безендірілген жағалау қалқандары арқылы ерекшеленеді. Жұрт жұмысқа су кемелері, темір жол, жер үсті және аспалы жолдармен қатысады. Көшедегі жолаушылар автобусы, жеңіл көліктер және жер асты поездары электр қуатымен жүреді. Жер асты поездары компьютер арқылы басқарылады екен. Токиода үш күн болғаннан кейінгі күндер Цукуба қаласында өтті. Бұл қала Токиодан 70 шақырым жерде десек те, бар болғаны 40 минутта жер асты жолымен Токиоға жетуге болады.

Қазіргі кезеңде 300 мыңнан астам тұрғыны бар бұл қала Цукуба тауының баурайына салынып, сол есімді иемденген. Мемлекеттік аймақты дамыту комиссиясы 1962 жылы ғылыми орталық жасау мақсатында қала салуға шешім қабылдап, бұл шешімге қолайлы Цукуба тауының аймағын таңдайды. 1970 жылы мамырда Жапония Парламенті «Цукуба ғылым қаласына құрылыс салу туралы заң» қабылдап, оған 1,3 миллиард доллар қаражат бөледі. 1972 жылы қала тұрғызылып, 1973 жылы Цукуба университеті және космостық орталық ашылып, 1980 жылы қала толықтай салынып болады. Бұл қалада бүгінгі таңда 54 ғылыми мекеме (НИИ), 46 мемлекеттік білім беру саласы мен 8 жеке меншік ЖОО орындары орналасқан. 1985 жылы осы қалада бүкіләлемдік көрме «ЭКСПО-85» ғылым мен техника жетістігіне арналып өткен екен. Құрылғанына қырық жылдан асқан Цукуба университетінің жеткен жетістіктеріне (әлемдік ЖОО топ 500 үздіктеріне) енгенін, оның ішінде 219 орын, Жапонияның ЖОО арасында  алғашқы ондықтан көрінетіндігін атауға болады. Біздің біліктілікті жетілдіру бағдарламамыз Цукуба университетінде «Жапонияда үздіксіз білім беру жүйесі: жаңашылдық және дәстүр» бағдарламасы бойынша өтті. Университет аудиториялары, кітапхана, оқу залдары – бәрі де жаңа үлгідегі электронды негізде жұмыс істейді. Жұмыс негізгі автоматты робаттар арқылы жүзеге асып, камералар арқылы бақыланады. Университет ішінде айғай-шу, ұрыс-керіс естілмейді. Темекі тартқан бір студентті кездестірген жоқпын. Студенттер қарапайым киініп, сабаққа велосипедпен келеді екен. Жапондардың қандай оқу орындарында болсын тәртіп – басты мәселе, кешігіп келгенді ешкімде ұнатпайды. Екінші мақтаншақтық пен асыра сөйлеу бұл халықтың қанында жоқ, сөйлегенде барынша сабырлы болуға тырысады. Есіктен кіре сәлемдесу, шыққанда қоштасу дәстүрге айналған. Біз педагогикалық жағынан жетік біле түсу үшін Цукуба университетімен байланыс жасап, қарым-қатынастағы мектептерде болдық. Семинарлар мен лабораториялық жаттығуларға қатыстық. Бірден айтайық, Жапонияның мектептері бастауыш және жоғары сыныптар болып бөлінеді. Екеуі екі бөлек ғимараттарда оқиды. Мектепке кіргеннен ең алдымен аяқ киімді өткізіп, мектеп ішінде жүретін жеңіл былғары аяқ киім киесіз. Бір сыныптағы оқушылар саны 25-30-ға дейін барады. Әрбір сыныпқа кіре беруге болады. Сабақ беріп жатқан мұғалім сізге назар аудармай, өз ісімен сабақ жүргізе береді. Жаңа технологиялар сабақ үрдісіне толықтай енген. Мұғалімдер бұрынғы тақаталарды пайдаланып, сабақ өткізуді де ұмытпайды екен. Мектепте жанталасқан ҰБТ деген атымен жоқ. Кез келген уақытта мектепті және оқушылар білімін тексеру мақсатында тестілік бақылау жүргізіліп, қорытындылары талқыланып отырады. ЖОО-да емтихан өз тараптарынан жүргізіліп, емтихан комиссиясы түскендерді анықтап береді. Мектепте алтын медаль берілмейді, үздік оқушыларды ерекшелеу қарапайым әдіспен ғана жүргізіледі. Бір назар аударатын мәселе, мектепте жол ережесіне қатысты сабақтар бастауыш сыныптан айына бір өтіп, жоғары сыныптарға дейін жалғастырады. Жоғары сыныпты бітірерде жүргізуші куәлігіне қатысты оқуға мектеп кепілдік беріп, мектептегі сыннан өткендер ғана жүргізушілік оқуға мүмкіндік алады екен. Содан да болар, жол қауіпсіздігі қатаң сақталып, жүргізушілер арасында өрескелдіктер ұшыраспайды. Жол ережесін бұзған немесе ішімдік ішіп көлік тізгіндеген мұғалім немесе басқа қызметкерлер бірден жұмыстан шығарылады. Мектеп мұғалімдері мемлекеттік қызметкер ретінде саналып, ЖОО оқытушыларынан жалақыны артық алады. Университет профессорлары мен дәрежелері барлар ғана жоғары жалақы алып, жұмысқа қатысты тәртіпті қатаң сақтайды. Университет оқытушылары алғашқы төрт күн ғана бірінші ауысымда жұмыс істеп, қалған күндерін ғылымға арнайды екен. Таңнан бастап, кешке дейін университетте отыру тәртібі жоқ. Жапонияның бастауыш сыныбынан бастап, жоғары сынып және университет, колледж студенттеріне арнайы өлке тануға қатысты дәрістер, семинарлар, экскурсия сабақтары жүреді. Біз бұл тұрғыда көне храмдар мен Токиодағы будда храмы Асакусаға, Цукуба қаласындағы ең үлкен Усику буддасына бардық. Бұл алып будданың биіктігі 27 қабат үймен теңеседі. Қаланың қақ ортасында алып адам будда Усику ескерткіштеріне келіп-кетіп жатқандар жеткілікті. Алып будданың ішіне еніп, басына дейін лифт арқылы көтерілесің. Аяқ киімсіз жүресің, едендерінің бәріне кілемдер төселген. Будданың аяғынан бастап, басына дейін бірнеше бөлмелер мұражай қызметін атқарады екен. Кейбір бөлмелері сувенир, Жапонияның естелік заттарын сататын сауда орнына айналған. Будданың бір аяғының өзі бір театр ғимаратындай, сол аяқтағы үлкен бөлмелерге будданың 50 см. мүсіндері қойылған. Мыңдаған мүсіндер бір қалыпта құйылып, алтын арқылы жасалған. Бұларды байыған жапондықтар арнайы құйғызып, тіркеуден өткізіп, осында әкеліп қояды екен. Бұлардың бәрі келешек Жапонияның рухани байлығы деуге болады. Бір кереметі, осында кіргендер заттарын, ауыр жүктерін алаңқайға қоя салады. Ешкім тиіспейді. Жалпы Жапонияда ұрлық, өтірік, тамыр-таныстық, пара беру деген ұғымдар ұшыраспайтындығы таң қалдырады. Сол елде қызмет істеп жүрген Қуаныш қарындасымыздың: «Бұнда бастықтың баласы, дөкейдің туысы, директордың інісі сияқты түсінік жоқ. Оқымаса немесе еңбектенбесе, ештеңеге қарамайды» дегені есімде қалыпты. Мектепте оқушыларды сабақтан соң еңбек етуге жұмылдырады екен. Бұған ата-аналар қарсылық танытпай, қайта қоштайтыны басым болып шықты. Білім министрлігіндегі кездесуде «ЖОО-ға көбіне ауыл балалары түсіп, жоғары көрсеткішке ие болады» дегенді естідік. Бұның сырына үңілсек, Жапония үкіметі ең алдымен ауылдың мәселесін шешіп отырады екен. Кадрларды ауылға жіберу жолдарының тетіктерін тауып, орынды қолданып отырғанына риза болдық. Айтып тауыса алмайтын естеліктер өте көп. Жапонияның қай қаласы болсын көшелері әріп, сандармен белгіленеді. Кісі аттарына көше беру жоқ. Оның орнына ескерткіштер көптеп тұрғызылған. Қала, аялдама атаулары сол жердің топонимикасына қатысты аталады екен.

Ойдағыдай өткен біліктілікті көтеру бағдарламасын аяқтап, арнайы сертификат алып, елге қайтатын уақыт та жетті. Алып ұшаққа Токиодан мініп, сол елге жақын Сеулдің әуежайына келіп қондық. Бір-біріне ұқсастықтар әуежай құрылысынан көрініп тұр. Жапон ақшасы мен тілі бұнда да қолданылады. Сөз арасында айта кететін бір үлкен мәселе, Жапонияда жапон тілі жетінші сыныпқа дейін үйретіліп, содан кейін ағылшын тілі оқытыла бастайды. Университет және басқа да ЖОО-да дәрістер 95 % жапон тілінде оқытылады. Мектеп оқушылары бастауыш сыныпта біріңғай көк киімдегі мектеп формасын кисе, жоғарғы сыныптар тек қана қоңыр түсті мектеп формаларымен киінеді екен.

Сеулден Алматыға ұшып келеміз. Жеті сағаттық әуе жолы. Артта бүкіл әлемге әйгілі әсем қала, өз дәстүр-салтын сақтаған Жапон елі қалып барады. Дамудың даңғыл жолына түскен бұл елдің тарихы бай, өнері талайды таң қалдырып тамсанта бермек. Бұған бұл халық қалай жетті? Адамзат аңсаған биіктерді нендей күшпен бағындырды? Санаға сәулеленген сұрақтардың жауабын тапқандаймын. Жапондықтардың қанына сіңген қарапайымдылық пен қанағатшылдық қашанда жеңіске жетіп, бірлік пен ынтымақтың сара жолын ерен еңбекпен салып берген. Олардың ұлттық қадір-қасиеттерінің тозбауы, ақыл-ойларының мәңгілік маздауының мазмұны осында танылмақ. Адамдардың өмір сүруі 88 жасты көрсетіп, елдегі үлкендері жүзден асып кеткен Жапон елінен үйренер үлгі-өнеге баршылық. Елбасы Н.Назарбаевтың елімізде түрлі шаралар өткізіп, Қазақстанның жаңа астанасын қалыптастырудағы ізгілікті істеріне сүйсінесің. Кей сенім артқан азаматтардың үміттен шықпай, қолынан іс келмейтінін өзінен көрмей, басқаларға да қызметін бермей жүргендеріне қынжыласың. Арқа төсіндегі Астана арқылы барлық Қазақстанның гүлденіп, көркеюіне әсер етуді көздеген көрегендікке де барлық жұрт болып жұмылатын кез жетті. Туған елдің еңсесі биік, жаңаша жаңғыруына баршамыз жауаптымыз. Алып ұшақ Алматы әуежайына қонғанда, жолаушылар қол соғып, аман-есен келгендеріне қуанып жатты. Ұшақтан шыққанда ақбас Алатау шыңдары маңғазданып, қарсы алған қаракөздердің туған тіліндегі әзіл-қалжыңы, керемет күлкілері естілді. Ойыма әйгілі орыс жазушысының сөзі түсті. Жүк көтерген қалпымда «Қазақстан менсіз-ақ күн көрер-ау, ал, менің Қазақстансыз күнім қараң ғой» дегенді айтып келе жаттым.

 

Б.РАХЫМОВ,

 филология ғылымдарының докторы,

профессор.

Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button