Руханият

«Жүйріктен жүйрік озар…»

Бірер ай бұрын Ж.Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы «Абай мұрасы – халық қазынасы» атты XVІІ облыстық Абай оқулары байқауын жариялаған еді. 10 қыркүйекке дейін екі бағытта шығармалар қабылданып, жуырда қорытынды кеші өтті. Жеңімпаздар марапатталды.

Байқаудың мақсаты – қазақ жазба поэ­зиясының негізін қалаушы Абай Құнанбайұлының рухани мұрасын насихаттау, ұлы ағартушының терең ойлы өлмейтін шығармалары арқылы жас ұрпақты тәрбиелеу, талантты шығармашыл жастарды анықтау және қолдау.

Байқау екі бағытта өтті. «Абай – ұлы ақын» аталымында жастар хакімге жыр арнаса, екінші номинацияда Абайдың қара сөздерінің біріне бейнеклип дайындады.

Байқауға Қарағанды облысының 15-21 жас аралығындағы жастары қатысып, ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Қарағанды облыстық филиалының директоры Жанат Жаңқашұлы, ақын, Әлихан Бөкейхан атындағы мектептің директоры Айнұр Тұрғанбекқызы қазылық етті.

Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық академия­лық қазақ драма театрында ақын-жазушылардың, Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестік әншілерінің, театр артистерінің қатысуымен өтті.

Қорытынды кешті кітапхана басшысы Нұргүл Қасымханқызы ашып, жастардың Абай жырларына деген қызығушылығының жылдан-жылға артып, байқауға қатысушылар саны көбейіп келе жатқанын тілге тиек етті.

Қорытындыда арнау номинациясының І орын иегері М.Мамыраев атындағы мектеп-интернатының 9-сынып оқушысы Асылай Амантаева, ІІ орын иегері Ә.Молдағұлова атындағы облыстық мамандандырылған олимпиадалық резервтегі мектеп-интернат-колледжінің 9-сынып оқушысы Арыс Әкежан, ІІІ орын иегері академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті филология факультетінің III курс студенті Сара Сулейман атанды. Ынталандыру сыйлығы Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті филология факультетінің II курс студенттері Ералы Ғани, Ернат Мақатайға бұйырды. Жүлдегерлер облыстың мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының арнайы дипломы һәм сыйлығымен марапатталды.

Абайдың қара сөздеріне бейнеклип түсіруде І орын Қарағанды қаласы химия­-биология бағытындағы Н.Назарбаев зияткерлік мектебінің 9-сынып оқушысы Мадина Амангелдіге, ІІ орын Балқаш қаласы Абай атындағы №2 мектеп-лицейдің 9-сынып оқушысы Зульфия Ақылбековаға, ІІІ орын Григорий Потанин атындағы мектептің 10-сынып оқушысы Екатерина Жуковаға бұйырды. Ынталандыру сыйлығымен Қарағандыдағы №53 мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы Алина Несіпбек, химия-биология бағытындағы Н.Назарбаев зияткерлік мектебінің 9-сынып оқушысы Наймулуна Жаңабекова облыстың мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының арнайы диплом және сыйлығымен марапатталды.

Іс-шара «Мәңгілік тұлға – Ұлы Абай» атты кітап көрмесіне ұласты.

Сонымен бірге, қаланың қақ ортасында орналасқан Абай ескерткішіне гүл шоғы қойылды. Ескерткіш жанында ақынның мұрасы насихатталып, жастар ақынның өлеңдерін оқып, әндерін орындады.

Жәлел ШАЛҚАР,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button