АймақБұқар жырау

Жүйелі жобалар жүзеге асуда

Бұқар жырау ауданында республикалық «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясындағы жұмыстар жүйелі жүзеге асып, жандануда. Бұл туралы аудан әкімі Нұркен Қобжанов өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте баяндады. Өз сөзінде әкім әуелі тұрғын үй құрылысының барысына тоқталды.

Атап айтқанда, биыл Ботақара кентінде екі қабатты алты үй салынып бітіп, 72 отбасына жалға беріледі екен. Ғабиден Мұстафин атындағы кентте де 24 пәтерлік осындай үйдің құрылысы басталмақ. Сонымен бірге онда бес пәтерді қалпына келтіру мен қайталама нарықтан тағы да 10 пәтер сатып алу жоспарланған. Доскей кентінде бос тұрған бес қабатты үш үйді күрделі жөндеу үшін жобалық-сметалық құжат әзірленіп, ондағы 90 пәтерді жаңғырту көзделіп отыр.

Келесі кезекте аудан әкімі аудандағы елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету туралы сөз қозғады. Бүгінде аудан халқының 98 пайызы тұратын 58 ауылға орталықтандырылған су жүйесі тартылыпты. Биыл Қушоқы кентіндегі су құбыры желілерін қайта жаңарту, Ақжар ауылында жаңа су желілерін тарту ісі жалғасады. Доскей, Трудовое ауылдарын қайта жаңарту да өріс алады. Өткен жылы аудандық бюджет есебінен Суықсу, Төрткөл, Семізбұғы, Үлгі ауылдарына таза ауыз су тартылды. Бұл жобалардың іске асуы 56 мың тұрғыны бар аудан елді мекендерінің 98,9 пайызын сапалы сумен қамтуға мүмкіндік береді.

Бұдан кейін аудандағы жолдардың жағдайы сөз болды. Мәселен, биыл 15 елді мекендегі 50 шақырым жол жөнделеді. Республикалық бюджет есебінен Сарыарқа және Красная Нива ауылдарына кіреберіс жол жөнделеді. Сол сияқты 7 елді мекеннің ауыл ішіндегі жолын жөндеу де қарастырылған. Нәтижесінде аудандағы жолдардың 70 пайызы сапалы болады деп күтілуде.

Биыл Ботақара кентіндегі «Балдәурен» балабақшасы мен Доскей орта мектебінің ғимараттарын күрделі жөндеуден өткізу де жоспарда бар. Сондай-ақ, облыстық бюджет есебінен Новостройка ауылында 150 орындық мектеп құрылысын аяқтау көзделген. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде Доскей, Үштөбе ауылдары мен Нұра станциясында 300 орындық үш мектептің құрылысы басталады Қушоқы, Тұзды ауылдарының клубтарына күрделі жөндеу жүргізіліп, Жаңаталап ауылында жаңа Мәдениет үйі бой көтереді. 

Ержан ИМАШ,

Бұқар жырау ауданы.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button