Бас тақырыпРесми

Жүйелі жұмыстар жалғасады

Бейсенбі күні облыстық мәслихаттың кезекті XXXV сессиясы өтті. Күн тәртібіне біршама маңызды мәселелер шығарылған депутаттардың басты жиынына облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕК, аймақ басшысының орынбасарлары, облыстық Қоғамдық кеңестің өкілдері, департаменттер мен басқармалардың басшылары және бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері қатысты.

Сурет облыс әкімдігінің баспасөз қызметі

Алғашқы кезекте мандат иелері «Қазақстан Республикасында тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын Қарағанды облысында іске асыру қорытындылары туралы» облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы Гүлнарайым Қаңтарбекованың есебіне құлақ түрді. Бұл бағытта жоспарлы негізде атқарылған істер жетіп артылады. Сала басшысының баяндамасында соларға ерекше екпін беріліп, іс нәтижесі егжей-тегжейлі екшелді. Аталған мәселе облыстық мәслихаттың әлеуметтікмәдени даму және халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Серғазы Әдекеновтің талдамалық мазмұндағы сөзімен қорытындыланды.

Облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың басшысы Нұржан Жетпісбаевтың «Қарағанды облысында Жастар жылын өткізу қорытындысы және жастардың әлеуметтік жағдайын жақсарту мен жастар арасындағы жұмыссыздықты төмендету бойынша қабылданған шаралар туралы» тақырыпты қаузаған есебіне де депутаттар ерекше ынта қойды. Осы сауалға орайлас, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүніспекова қосымша баяндама жасады. Қоғам үшін аса өзекті мәселені талқылау кезінде депутаттар тағылымдық, тәрбиелік сипаттағы қызмет аясын әлі кеңейте түсу жайына назар аударды.

Бұдан кейін облыстық мәслихаттың аппарат басшысы Қайрат Нұркеновтің «Қарағанды облыстық мәслихаты VI шақырылымының шешімдерін орындау мониторингі туралы» хабарламасы тыңдалды.

 Облыстық мәслихаттың ағымдық қызметінің нәтижелі болуы – тұрақты комиссиялардың талапқа сай пәрменді қызметі атқаруына тікелей байланысты. Сондықтан, қаралатын сауалдар қатарында облыстық мәслихаттың салалық бағыттарды қамтитын тұрақты комиссияларының 2019 жылы атқарған жұмыстары туралы есептерінің болуы – заңдылық.

Сессияда Қарағанды облыстық мәслихатының 12 желтоқсан, 2019 жылғы XXXIV сессиясының «2020-2022 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» №475 шешіміне өзгерістер енгізу туралы мәселе қаралып, оған қатысты облыстық қаржы басқармасының басшысы Людмила Башарина хабарлама жасады.

Сонымен қатар, кадрлық тағайындауларға байланысты облыс әкімдігінің дербес құрамына, жұмыспен қамту, кәсіпкерлік, терроризмге қарсы іс-қимыл, жер қатынастары мәселелері жөніндегі облыстық комиссиялардың, бұлардан бөлек, мемлекеттік аудит және тәуекелдер комиссияларының, Қоғамдық кеңестің құрамына өзгерістер енгізілді.

Депутаттардың басты жиынында «Осакаров ауданының әкімшілік-аумақтық құрылымына өзгерістер енгізу», «Қазақстан Республикасы Үкіметіне Балқаш қаласы мен Ақтоғай ауданының шекарасына өзгерістер енгізу туралы ұсынысты келісуге ұсыну», «Қарағанды облыстық мәслихаты XV сессиясының 4 мамыр, 2018 жылғы «Мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің жергілікті жобалары тізбесін бекіту туралы» №308 шешіміне өзгерістер енгізу туралы» сауалдар көтеріліп, тиісті шешімдер қабылданды.

Сессияда сондай-ақ, «Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданының Целинный селолық округінің атауын өзгерту туралы», «Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданының Атасу кентінің атауын өзгерту туралы», Қарағанды облысы, Сәтбаев қаласының кейбір құрамдас бөліктерін қайта атау туралы», «Қарағанды облысы, Теміртау қаласының кейбір құрамдас бөліктерін атау мен қайта атау туралы» мәселелер талқыға түсіп, оларға қатысты шешімдер шығарылды.

Сессия жұмысы облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің қорытынды сөзімен түйінделді.

 – Облыстық мәслихат депутаттары аймақты одан әрі дамыту ісіне белсене араласып келеді. Бүгінгі сессия барысында бұған тағы бір мәрте көз жеткіздік. Жуырда менің тұрғындармен есеп беру кездесуім өтті. Содан кейін азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдадым. Облыста көп жұмыс атқарылуда, десек те, шешімін таппаған мәселелер әлі де бар. Енді соларды еңсеруге кірісу қажет. Күні кеше Мемлекет басшысының қабылдауында болғанымды білесіздер. ҚасымЖомарт Кемелұлы тұрғын үй құрылысын қарқындату, көпбалалы отбасыларды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету, медициналық қызмет сапасын арттыру, әлеуметтік және коммуналдық инфрақұрылымдарды жетілдіру, Жезқазған-Қызылорда көлік жолына және тағы басқа өзекті мәселелерге қатысты нақты тапсырма берді. Алдымыздағы міндет – сол тапсырмалар мен есепті кездесудегі ел тілегін ескеріп, жұмыс жүргізу, – деді Жеңіс Махмұдұлы.

Көктемгі су тасқынына дайындық жұмыстарын ширату басты талап болатынын тілге тиек еткен аймақ басшысы жоспарлы жұмыстарды жүйелі жүргізу үшін мол мүмкіндік, қажетті ресурстар мен білікті мамандардың жеткілікті екенін де атап өтті.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТ

Басқа материалдар

Back to top button