Жаңалықтар

Зерек балалар  жетістігі

Жуырда Жезқазғандағы №8 гимназияда Дүниежүзілік және Қазақстан Республикасы тоғызқұмалақ федерациясының президенті Әлихан Бәйменовтің жүлдесіне арналған тоғызқұмалақтан оқушылар арасындағы дәстүрлі аймақтық біріншілік өткізілді. Жүлдені тағайындаушы қайраткер тұлға арнайы келген зерек балалар сайысына Жезқазған-Ұлытау өңіріндегі оқу ошақтарынан іріктелген 12 команда қатысты.

 

Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында атап көрсетілген ұлттық бірегейлікті сақтау және дамыту ұстанымы аясында ұйымдастырылған жарыс мысты қаладағы байырғы мектептердің бірі – №8 гимназияның директоры Сара Әбдікерованың құттықтау сөзімен ашылып, мемлекеттік гимн орындалды.

Өз кезегінде мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Бәйменов ұлттық құндылық санатындағы тоғызқұмалақ ойынының қалыптасу тарихы мен бүгінгі күні бағындырған белестері хақында сөз қозғады. Әлемдік мәдениеттің озық үлгілерімен бой теңестіре алатын зияткерлік ойынды ажырамас серігіне айналдырған жандардың қатары жыл санап артып келе жатқанын тілге тиек етіп, сайысқа қатысушы балғындарға сәттілік тіледі.

Екі күнге ұласқан біріншілік барысында әр мектептің жарысқа үкілеп қосқан зерделі балалары намысты қолдан бермеуге талпынып-ақ бақты. Сайыстың аты – сайыс. Оның нәтижесінде, сынға түскендердің біреуі озып, екіншісінің қалыс қалуы – бұлжымас заңдылық. Қатысушылар қатары қаншалықты қалың болса, жарыстағы тартыс та соншалықты салмақтырақ бола түсері тағы анық.

Бірнеше айналымнан тұрған бәсеке қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте Жезқазғандағы №13 орта мектептің командасы (бапкері – Татьяна Арысова) III орынға табан тіреп, II орын жүлдесіне жарысқа Ұлытау ауданы, №6 Жезді орта мектебінен қосылған команда (бапкері – Оразкен Ермағанбетов) қол жеткізді. Ал, Ұлытау ауданындағы Мінәжат Мыңқаев атындағы №10 Борсеңгір орта мектебінің Төсболат Түрсіпәлі жетекшілік ететін командасы I орын иегері атанып, мерейлері үстем түсті.

Зерек балалардың жетістігі ұлттық ойын мәртебесін алдағы уақытта әлі де биіктете түсер буынның өсіп келе жатқанын айғақтап берді.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ,

«Орталық Қазақстан»

ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button