Бас тақырыпОблыс әкімі

Өзекті мәселелер пысықталды

Әлемді алаңдатқан қауіпті коронавирустың алдын алу бойынша аймақтық штаб құрылады. Оған облыс әкімінің орынбасары Алмас Айдаров басшылық етпек. Осы және өзге де маңызды мәселелер жөнінде Қарағанды облысының әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕК кеше өткен аппарат кеңесінде тиісті басқарма басшыларына және аудан, қала әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктеді.


Алдымен, Жеңіс Қасымбек облыстың дін істері басқармасының жаңа басшысы – Дулат Халелді және «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы – Мереке Күшекбаевты таныстырды.
Ал, дауасыз дертке қарсы шараларды үйлестіру жөніндегі аймақтық штаб құру туралы өкімге сәйкес, аймақ басшысы штаб толық қорғаныс шараларын қабылдауы қажеттігін және күн сайын жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы өзін хабардар етіп отыруды тапсырды. Енді, әр аппараттық кеңесте шекаралық шектеуден бастап, басқа да сақтық шаралары аяқталғанша, бар жағдай туралы ақпарат тыңдалмақ
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қыруар қаржы шығынын қажет ететін ірілі-ұсақты ісшаралар ұйымдастыруға мораторий жариялауына байланысты, облыс аумағында жоспарланған мерейтойлық шаралар бағдарламасына жіті көңіл бөлуді тапсырды. Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына осы мәселені егжей-тегжейлі қарап, аптаның соңына дейін баяндауды тапсырды.
– Биыл біздің алдымызда Алтын Орданың 750 жылдығы, Теміртауда алғашқы шойын қорытпасының алынғанына 60 жыл, басқа да бірқатар атаулы мерейтойлар тұр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, біз осы мерейтойларды жүйелі әрі артық шығынсыз ұйымдастыруымыз қажет. Бюджетте артық ақша жоқ. Сондықтан, қала және аудан әкімдері, облыстық басқарма басшылары шығындарды жоспарлау кезінде Президенттің тапсырмасын ескеруі керек, – деді Жеңіс Қасымбек.
Аппарат жиынында қаралған тағы бір өзекті мәселе – халықтың өмір сүру сапасын арттыру. Облыстың энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ұлантай Үсенов өңірде «Бақытты отбасы» бағдарламасын жүзеге асыру барысына тоқталды. Оның айтуынша, бағдарлама өткен жылдың 22 шілдесінде көпбалалы, толық емес отбасылар мен мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар үшін іске қосылған. Облыс бойынша бағдарламаға қатысуға 759 өтініш қабылданса, оның 193-і – көпбалалы, 323-і – толық емес, 243-і – мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар. Биыл Қарағанды облысында 300 отбасы
«Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында баспанамен қамтылады. Бағдарламаның екінші кезеңі наурызда басталады.
Облыста «7-20-25» бағдарламасын іске асыру бойынша «ИО Баспана» акционерлік қоғамының, Ұлттық банктің облыстық филиалының, екінші деңгейлі банктердің, құрылыс компаниялары және халықтың қатысуымен бірқатар жәрмеңкелер өткізілді.
Биылғы жылдың 23 қаңтарында «720-25» бағдарламасын іске асыру шеңберінде екінші деңгейлі банктерге 870 өтінім қабылданып, биыл Қарағанды қаласында бағдарламаның тиісті параметрлеріне сәйкес келетін 1026 пәтерді салу жоспарланып отыр.
Былтыр аталған бағдарлама тек Қарағанды қаласында ғана іске асырылса, биыл Жезқазған және Сәтбаев қалаларында да жүзеге асыру жоспарда бар.
Сонымен қатар, аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек өткен жылы өңірде белсенді бастау алған міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің жұмысы һәм проблемалары туралы сұрады.
– Биыл 1 қаңтардан бастап 1 сәуірге дейін Қазақстанның барлық азаматтары шартты түрде сақтандырылған болып есептеледі. Ал, өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандар мен ауыл халқы 1 сә¬¬уірге дейін сақтандырудың кепілдендірілген пакетімен қамтамасыз етіледі, – деп түсіндірді денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев.
Ержан Нұрлыбаевтың айтуынша, кәсіпорын сақтандырылғандар үшін өз үлесін төлейді. Денсаулық сақтау саласын қаржыландыру артуда. Бұл медициналық қызметтерді кеңінен сатып алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, қазір дәрігерлердің жалақысын 30%-ға, медбикелердікін 20%-ға көтеру үшін қосымша келісімдер жасалуда. Жеңіс Қасымбек денсаулық сақтау басқармасының басшысына міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің жұмысына қатысты мәселені ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.
Аппарат жиынында қаралған барлық мәселе бойынша аймақ басшысы бірқатар сын-ескертпелер айтып, тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.

Жәлел ШАЛҚАР

Басқа материалдар

Back to top button