Өзекті мәселелер – назарда

   Кеше облыс әкімдігінде аймақ басшысы Ерлан ҚОШАНОВТЫҢ төрағалығымен өткен аппарат жиынында бірқатар өзекті мәселелер қаралды. Соның бірі – халықты көмірмен қамту үшін атқарылып жатқан шаралар тізбегі.

Облыс әкімінің орынбасары Алмас Айдаровтың айтуынша, аймағымызда көмір тапшылығы жоқ. Әзірге, қатты отынды түсіру нүктелерінде кезек сақталып тұр. Бірақ, ол жағдай, оның айтуынша, күннің ерте суытуымен байланысты.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін Ерлан Қошанов өзінің орынбасарларына жылыту маусымы қарсаңында халықты қолжетімді көмірмен қамтамасыз ету мәселесін шешуді тапсырған болатын.

– Біз жеткізушілермен көмір тасу мәселесі бойынша екі кездесу өткізген болатынбыз, – деп мәлімдеді Алмас Айдаров. – Өндіруге қатысты еш қиындық жоқ. Тіпті, өткен жылмен салыстырғанда, көмір өндірісі биыл ұлғайған. Бар қиындықтар жеткізу мен түсіруге келіп тіреліп тұр. Қазір облыста Ақмола облысынан келген 50 жүк көлігі кезектерін күтуде.

Кезекті қысқарту үшін «Шұбаркөл Көмір» компаниясы өз өнімдерін тәулік бойы түсіруге кіріскен. Күн сайынғы көлем 550 тоннаны құрайды. Күніне кәсіпорын базасына әрқайсысы 60 тоннаны құрайтын 15 вагон көмір келіп отырады.

Басқа да көмір өндіруші кәсіпорындарға келер болсақ, мұнда да жұмыстарды барынша үдетуге тырысып жатыр. Мысалы, «Рапид» ЖШС қазан айының басынан бастап көмір өндіруді 18 пайызға ұлғайтқан. Төрт жүк тиеуші техника тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. Халыққа арналған көмірді түсіру көлемі тәулігіне шамамен 85 тоннаны құрап отыр.

«SatKomir» ТКК ЖШС-де үш жүк тиегіш машина және алты экскаватор жұмыс істеп жатыр. Көмір түсіру көлемін ұлғайту үшін бұл техникаларға тағы да қосымша екі экскаватор қосылған. Кәсіпорында тәулігіне 1000 тонна қатты отын тиелуде.

«Молодежный» және «Қушоқы» разрездерінде көмір өндіру және тиеу штаттық кесте бойынша жүргізілуде, әрбір разрезде екі экскаватордан және екі жүк тиегіш машинадан жұмыс жасап жатыр.

Ерлан Қошанов тиісті сала мамандарына жағдайды сараптап, өткен жылдың көрсеткіштерімен салыстырып, көмір өндіруші кәсіпорындардың қысқа дайындығының әлсіз жақтарын анықтауды тапсырды.

14 және 21 қазан, 11 қараша күндері облыстық азық-түлік жәрмеңкелері өтеді. Қарағанды қаласында облыстық жәрмеңкені өткізу орны ретінде Олимпийская көшесінің бойындағы алаң таңдалды. Мұнда Абай, Ақтоғай, Бұқар жырау, Жаңаарқа, Осакаров аудандарының өкілдері азық-түлік тауарларын жеткізеді.

Сондай-ақ, 4 қарашада Жезқазған, Саран, Шахтинск, Сәтбаев, Теміртау, Балқаш, Қаражал және Приозерск қалаларында жәрмеңке ұйымдастырылады.

Жалпы, жәрмеңкелерде 208,9 тонна ет, 690 мың жұмыртқа, 62,1 тонна сүт өнімдері, 28,5 тонна балық, 321,5 тонна көкөніс, 1076 тонна картоп саудаланады деп күтілуде.

Бұдан бөлек, 400 келі бауырсақ пен 400 литр қымыз әзірленеді.

 

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.