Өзекті мәселелер – депутаттар назарында
Мақсаты – айқын, бағыты – белгілі елімізде білім алуға, кәсіби тұрғыдан жетілуге барлық жағдай жасалған. Ал, мемлекеттің тұрақты дамуы тікелей жастарға байланысты. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторларды ілгері жылжытатын да осы жастар. Ұлттық құндылықтарды сақтаған, бәсекеге қабілетті, туған еліне, жеріне деген патриоттық сезімі жоғары ұрпақ қана елімізді эволюциялық даму жолына түсіретіні сөзсіз. Сондықтан, қай кезеңде болмасын, жалынды жастарға деген сенімге селкеу түскен емес. Облыстық мәслихат депутаты Серғазы Әдекеновтің төрағалығымен және облыс әкімінің орынбасары Жандос Әбішевтің қатысуымен өткен облыстық мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму және халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі тұрақты комиссиясы отырысында да жастар мәселесі кеңінен қарастырылды.
Жастар саясаты – маңызды сала
Ресми мәліметтерге сүйенсек, аймағымыздың әрбір бесінші тұрғыны 14 пен 29 жас аралығындағы жастар. Облыс тұрғындарының 21,1%-ын құрайтын жастардың 78,3%-ы, яғни, 222 121 жас қалалық болса, 21,7%-ы – 69 314 жас ауылдық жерде тұрады екен. Олардың 139,2 мыңы тұрақты жұмыспен қамтылса, 5,0 мыңы өзін-өзін жұмыспен қамтыған. Ал, 7,2 мыңы – жұмыссыз. Сондықтан, жастар саласындағы өзекті мәселелер күн тәртібінен түскен емес. Жастарды жұмыспен қамту, баспана мәселесі, бос уақытын тиімді пайдалануды ұйымдастыру, салауатты өмір салтын ұстануға баулу сияқты өзекті мәселелер республикалық бағдарламалар мен облыстық кешенді жоспарлардан тыс қалмайды.
Облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Мирас Құттыбайдың айтуынша, 2018 жылы NEET санатындағы жастармен ақпараттық жұмыстар жүргізуге бағытталған жаңа деңгейдегі шаралар жүзеге асырылуда. NEET терминін тарқатып айтсақ, «Not in Empoloyment. Education or Training», яғни, «не жұмыс жасамайтын, не оқымайтын, өзге де істермен айналыспайтын» деген мағына береді екен. Демек, не еліне, не отбасына пайдасы жоқ «масыл» сөзімен мәндес ұғым. Бүнігі таңда облыстағы NEET жастар үлесі – 12,9%, яғни, шамамен 18-ден 29 жас аралығындағы – 11300 адам. Осы орайда облыстық жастар мәселелелері жөніндегі басқармасы жастар арасындағы маргиналдану мен жастар жұмыссыздығы деңгейін төмендету мақсатында жұмысқа орналастыру, оқыту, ақпараттық түсіндіру жұмыстары бағытында шаралар ұйымдастырыпты. Нәтижесінде, 14964 жас тұрғынды жұмыспен қамтуға ықпал етудің белсенді шаралары арқылы 10 000-ға жуық жас жұмыспен қамту орталықтары арқылы тұрақты жұмыс тапса, 2000-нан аса жас қоғамдық жұмыстарға тартылған. Сондай-ақ, жастар кәсіпкерлігін қолдау мен дамыту жобасы арқылы микрокредиттер, облыстық гранттар алуы нәтижесінде 311 жас өз ісін ашқан.
Айта кету керек, 2018 жылы жастар кәсіпкерлігі үшін 10 млн. теңге бөлінсе, әр жобаға берілетін грант 1 млн. теңгеге дейін өскен. Талап бойынша жеңімпаз жұмыспен қамту органдарында тіркелген бір жұмыссызды жұмысқа орналастырып, бес ай көлемінде 40 мың теңге көлемінде стипендия төлеу арқылы оқыту керек екенін ескерсек, аталмыш жобаның өзектілігін көруге болады.
«Дипломмен – ауылға!», «Жастар тәжірибесі», «Жасыл ел» жобаларының да жастар үшін көмегі зор. Кәсіпкерлікпен айналысамын деп, ниет білдіргенге де «Бастау-Бизнес» жобасының ұсынар мүмкіндігі көп. Мәселен, оқудан өткендердің 31%-ы (676 адам) – жастар.
Сондай-ақ, жергілікті бюджеттен бөлінетін білім беру гранттары бойынша өңірдегі сұранысқа ие мамандықтарға 60 адам жоғары оқу орындарында білім алуда.
Жұмысқа орналастыру саласындағы мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек тетіктерін қалай пайдалану керектігін түсіндіру мақсатында 32 ақпараттық топ құрылып, 46 кездесу өткіздік. Цифрландыру аясында жастарға арналған электронды журнал да әзірлік үстінде. «Жастар – Жастарға» ақпараттық-мәдени керуені облыс өңірлерін аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде, – дейді облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Мирас Құттыбай.
Биыл талантты жастарды қолдау, әлеуметтің әлжуаз топтарына көмек көрсету, патриотизмді тәрбиелеу мақсатында 170 мың адамды қамтыған 1812 шара өткізілген. Олардың қатарында шеберлік сағаттары, оқыту семинарлары, тренингтер бар. Тіпті, ұзақ мерзімді әлеуметтік маңызды жобалар үшін флеш-моб, акциялар сияқты бір реттік шараларды өткізуден де бас тартыпты жастар мәселелері жөніндегі басқарма.
Кәсіптік білім – келешек кепілі
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның әлемдегі дамыған 30 ел қатарына енуі үшін нақты мақсаттар жүктеп, жастарға тегін кәсіптік-техникалық білім беру қажеттігін басты міндет ретінде белгілеген болатын.
Жаңаарқа ауданындағы Ғалым Жарылғапов атындағы аграрлық колледжінде фермер шаруашылығы, есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыздандыру, автокөліктерге техникалық қызмет көрсету және пайдалану сияқты мамандықтар оқытылады. Өз ісін дөңгелетемін десе де, өзгелерді жұмыспен қамтимын десе де, ерінбеген үшін қажетті мамандықтар. Нәтижесінде, жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесінің де оң шешімін тауып, сауатты әрі білікті мамандар даярлау жолға қойылады. Бірақ, мәслихат отырысына қатысқан аталмыш колледж директоры Ғазым Жарылғапов тоғызыншы сыныптан кейін мектеп ұжымы оқушыларды жіберуге мүдделі емес екендігін жеткізді. Өмір талабына сай мамандықтарға оқытатын колледждегі білікті мамандардың бар екеніне қарамастан бала санының аздығы жаңа мамандықтар ашуға қолбайлау. Ауданның білім саласы тарапынан көмек болса деген ниетін білдірген Ғазым Жарылғапұлы оқу орнында бала үшін барлық жағдайдың жасалғанын айтады.
Техникалық және кәсіптік білім беру мәселесі мәслихат сессиясының күн тәртібінде екенін айтқан облыстық мәслихат депутаты Серғазы Әдекенов Мирас Құттыбайға арнайы өкілдермен Жаңаарқа ауданына барып, колледж жұмысымен танысып қайтуға ұсыныс жасады.
Осы орайда облыстық білім басқармасының басшысы Есенғазы Иманғалиев Бұқар жырау ауданында да осытектес мәселенің бар екеніне тоқталды. Мәселен, аталмыш аудандағы Тегісжол, Ростовка және Самарқан елді мекендерінің оқушыларын мәжбүрлі түрде колледждерге ауыстырмас үшін бюджет ақшасын оңтайлы пайдалану мақсатында «Мектеп – интернат – колледж» кешенін жасауға Білім министрлігіне өтінішпен шыққан. Егер жүзеге асар болса, 11 жылдық білім мен тегін кәсіптік мамандықты бір жерден алуға мүмкіндік жасалады.
– Пилоттық жоба биыл облыста іске қосылады деген үміттеміз дейді, – басқарма басшысы.
Сондай-ақ, талант – ауыл баласында екенін айтқан Серғазы Мыңжасарұлы Назарбаев Зияткерлік мектептеріндегі 120 орындық интернатта бірде бір ауыл баласының жоқ екеніне тоқталды.
– Қазақтың генетикасы ауылда. Ауылдың баласы зияткерлік мектепте оқымаса, ол қалай болады? Ағылшын тілін білмегендіктен тестен өте алмайтын ауыл баласына мүмкін арнайы квота бөлу керек шығар. Зияткерлік мектептерде ауыл балалары оқымаса, оның жастарды, қоғамды дамытуға қандай әсері болмақ? – дейді мектептің қамқоршылық кеңесінің мүшесі Серғазы Әдекенов.
Атаулар қазақшаланады
Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Гүлнарайым Қаңтарбекова Республикалық ономастикалық комиссияның оң шешімін алған Саран қаласындағы Комсомольская көшесі – «Сарыарқа» көшесі, Қаражал қаласындағы Степная көшесі – «Қайнар» көшесі деп атау бойынша жұмыстар заңнамаға сәйкес жүргізілген жеткізді. Сондай-ақ, Нұра ауданындағы бірқатар ауылдық округтердің атаулары қазақшаланатын болады.
Бұқар жырау ауданындағы Корнеевка ауылдық округіне Керней, Үштөбе ауылдық округінің Заречный ауылы – Сарыарқа деп атау бойынша қажетті жұмыстар әзірленген.
Нұра ауданы әкімі Ниқан Омархановтың ұсынысы негізінде ауданға қарасты 8 орта білім беретін мектептерге жалпы ұлттық деңгейде танылған тұлғалардың есімін беру жөнінде тиісті құжаттар қабылданған.
Қарағанды облыстық мәслихатының 2014 жылғы 26 маусымдағы ХХҮІ сессиясының «Қарағанды облысы әкімдігінің жанындағы облыстық ономастика комиссиясының құрамын бекіту туралы» №294 шешіміне өзгерістер енгізілетін болады. Яғни, комиссия құрамына архитектура, құрылыс және сәулет басқармасының маманын қосу жөнінде ұсыныс жасалды.
Облыстық мәслихат депутаттары ұсыныстарды қабылдады. Аталған мәселелер кезекті мәслихат сессиясында қарастырылады.
Салтанат ИЛЬЯШОВА,
«Орталық Қазақстан»