Үздік журналистер марапатталды

Бейсенбі күні облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкеновтің төрағалығымен Қарағанды облысының әкімдігі жанындағы діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңестің қорытынды отырысы өтті. Жиын барысында облыстық дін істері басқармасы журналистер арасында ұйымдастырған байқаудың жеңімпаздары марапатталды. Жүлдегер қатарында әріптесіміз Нұрлыхан Қалқаманұлы да бар.

Дін саясатындағы өзекті мәселелерді анықтау, жат ағымдармен күресу және діни татулық пен тұрақтылықты насихаттау мақсатында ұйымдастырған байқауға биыл қалалар мен аудандардан 15 журналист қатысты.

Байқау қорытындысы бойынша «Мерзімді басылымдағы үздік мақала» аталымы бойынша, І орын – Абай аудандық «Абай ақиқаты» газетінің редакциясына, ІІ орын – облыстық «Ortalyq Qazastan» газетінің интернет редакция бөлімінің меңгерушісі Нұрлыхан Қалқаманұлына, ІІІ орын – Жезқазған қалалық «Saryarqa» газетінің бас редакторы Дархан Мұқанға бұйырды. Ал, «Ең үздік теле-видео материал және сайт мақаласы» номинациясы бойынша І орынды блогер Гүлден Ғалымжанқызы иеленсе, ІІ орынға «5 арна» телеарнасының шеф-редакторы Әсел Сәбитова лайық деп танылды. Сондай-ақ, жиын барысында дін саласындағы үздік материалы үшін Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Алғыс хатын және қаржылай сыйлығымен «Индустриальная Караганда» газетінің тілшісі Айым Амрина марапатталды.

Байқау жеңімпаздарына дипломдар және ақшалай сыйлықтар табысталды.

Өз тілшімізден.