Байқау

“Үздік оқытушыға” – қомақты қаражат

«Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы – 2021» республикалық байқауы өтеді. Байқаудың мақсаты – оқытушы мамандығының беделін арттыру және олардың кәсіби тұрғыда одан әрі дамуына жағдай жасау. Бір қуантарлығы – «Үздік оқытушы» атанған маман 6 миллион теңге шамасында сыйақы алады.

Байқауға қатысу үшін құжаттарды қабылдау 1 қарашадан басталып, 15 қарашаға дейін жалғасады. Байқауға жоғары оқу орындарының штаттағы оқытушылары қатыса алады. Олардың үздіксіз ғылыми-педагогикалық өтілі кемінде 5 жыл болып, оқытушылық және ғылыми қызметте жоғары жетістіктері болуы тиіс.

– Байқау екі кезеңнен тұрады. Алдымен жоғары оқу орны өз ішінде үздіктерді анықтап, кейін республикалық деңгейде өтетін байқауға жолдамамен жібереді. «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» байқауына қатысу үшін өтінімдер мен құжаттар ҚР Білім және ғылым министрлігі universitycontest.iac.kz ақпараттық жүйесі арқылы электрондық форматта қабылданады. Жоғары оқу орындарының қызметкерлері мен профессорлық-оқытушылар құрамынан тұратын сарапшылар тобы келіп түскен барлық құжатты тексереді. Сараптау тобының қорытындысы негізінде ЖОО комиссиясы конкурсқа қатысушылардың екінші республикалық кезеңге қатысуы туралы шешім шығарады. Республикалық деңгейде құрылған комиссия құрамына ҮЕҰ, БАҚ, студенттік және жастар ұйымдарының, ЖОО қауымдастықтарының өкілдері мен сарапшылар енгізілді», – деп хабарлады ҚР Білім және ғылым министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев.

Байқау жеңімпаздары ақшалай ынталандырумен қатар төсбелгіге де ие болады. Бұл ақпараттық жүйе базасында өтеді, сәйкесінше конкурсқа қатысушылар барлық кезеңнің өтуін ашық түрде бақылай алады.

Басқа материалдар

Back to top button