Өмірі – Қарағанды көмірі
Есімі қазақ көмір өнеркәсібінің тарихында алтын әріптермен жазылған көрнекті тау-кен инженері, білікті басшы әрі сала ұйымдастырушысы Григорий Михайлович Презент 85 жасқа толып отыр. Ол – саналы ғұмырын көмір өнеркәсібінің өркендеуіне арнап, Қарағанды көмір бассейнінің дамуына сүбелі үлес қосқан тұғырлы тұлға. Григорий Михайлович басшылық еткен уақыт көмір саласы күрделі өзгерістерге ұшырап, бұрынғы қалыптасқан жүйе түбегейлі қайта құрылып жатқан алмағайып кезеңмен тұспа-тұс келді. Осындай сын сағатта ол табандылық танытып, саланың тынысын тарылтқан қиындықтарға қарамастан, өндірісті сақтап қалу жолында аянбай еңбек етті. Оның мол тәжірибесі мен іскерлік ұстанымы Қазақстанның ғана емес, жақын және алыс шетелдердің көмір өнеркәсібінің дамуына да ықпал етті.

Сол бір күрделі кезеңді Григорий Михайловичтің өзі былай деп еске алады:
«Бұл – дағдарыс пен қиындықтың бәрі басталған кез еді. Біз кеңестік тәрбие алып өстік. Елдің де, өнеркәсіп пен экономиканың да көмірсіз күн көре алмайтынына сенімді болдым. Шахталар бар, көмір қажет. Ендеше, жұмыс істеу керек…»
Алайда, «Қарағандыкөмір» өндірістік бірлестігінің бас директоры қызметіне дейін әлі талай еңбек белесі күтіп тұрды. Сол кездегі Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде білім алып жүрген кезінде Григорий Михайлович №38 шахтада еңбек жолын бастады. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін Костенко атындағы шахтада алдымен учаске бастығының көмекшісі, кейін №5 учаскенің бастығы болып жұмысын жалғастырды. Бұл учаскенің ұжымы Кеңес Одағы көлемінде жылына 500 мың тонна және одан да көп көмір өндіру жөніндегі Бүкілодақтық жарыста жетекші орындардан көрінген еді.
«Оның басшылығымен жұмыс істегендердің бәрі Григорий Михайловичті сертке адал әрі талапшыл адам ретінде бағалайтын. Ол ұжымға тапсырманы нақты қойып, бәрін егжей-тегжейлі түсіндіретін. Сондықтан, тек айтылған міндеттерді орындау ғана қалатын. Өзі ешқашан сырт қалмайтын, қалай жұмыс істеу керектігін жеке үлгісімен көрсететін», – дейді сол кезде Костенко атындағы шахтада еңбек еткен ардагерлер.
1989 жылы Григорий Михайлович Костенко атындағы шахтаның басшылығына келді. Презент кеншілер туралы әрдайым ерекше жылылықпен айтатын және бүгінге дейін сол көзқарасынан айныған емес. «Кеншілер – керемет халық. Олар төзімді, еңбекқор, нағыз отаншыл жандар», – дейді ол.
Костенко атындағы шахтада жүзу бассейні, спорт кешені, сауна, бу моншалары, теннис корты мен асхана салынды. Жерасты кеншілеріне ыстық тамақ жеткізіліп тұрды, ал кір жуатын орында жұмыс киімдері жуылып, кептірілетін. Кәсіпорынның озық тәжірибесін зерделеу үшін Қарағанды және еліміздің басқа да көмір бассейндерінен кеншілер келетін. Дәл осы кезеңде Григорий Презент пен Тұрарбек Рақышевтың ұзақ жылдарға созылған достығы басталды. Тұрарбек Рақышев шахта басшысының кеншілерге деген қамқорлығына ерекше тәнті болған еді.
– Ол кезде мен Семей қаласында тас өңдеу комбинатының директоры болып жұмыс істейтінмін. Бір күні Костенко атындағы шахтаның өкілдері келіп, директордың өтінішін жеткізді. Олар тапшы мәрмәрдің мың шаршы метрін сұрады. Кеншілерге монша салмақшы екенін білген соң бірден бердім. Кейін маған Григорий Михайловичтің өзі телефон соғып, қолдау көрсеткенім үшін алғыс айтты. Содан соң жеке кездесіп, дос болып кеттік, – деп еске алады Тұрарбек Рақышев.
1980 жылдардың соңы мен 1990 жылдардың басы Қарағандының көмір өнеркәсібі үшін бұрынғы басқару жүйесі тиімділігін жоғалтқан күрделі кезең болғаны белгілі. Григорий Михайлович тау-кен өндірісінің жерасты учаскелерінен бастап, ірі өндірістік құрылымдарды басқару деңгейіне дейін көтерілді. Осы тәжірибе оның басқару тәсілінің негізіне айналды. Бұл тәсілде инженерлік ойлау, қатаң экономикалық есеп және кәсіпорындардың әлеуметтік тұрақтылығына деген жауапкершілік өзара ұштасып жатты.
«Әрине, оның табиғи дарынынан бөлек, кәсіби тұрғыдан шыңдалған мықты мектебінің де ықпалы зор болды. Мен облыстық телеарнада «Шахтерский канал» атты апталық бағдарламалар циклін жүргіздім. Григорий Михайлович менің техникалық кеңесшіме айналды», – дейді «Шахтерский канал» бағдарламасының редакторы, журналист Галина Балбекова. Ол «Кенші даңқы» II және III дәрежелі белгілерімен марапатталған.
1993 жылы Григорий Михайлович «Қарағандыкөмір» өндірістік бірлестігінің басшысы болып тағайындалады. Ал, 1996 жылдан халықаралық «Испат Интернэшнл» компаниясының Көмір департаментін басқарған. Бүгінде бұл кәсіпорын «Qarmet» АҚ құрамында. Дәл осы кезеңде өңірдегі көмір өндірісінің одан арғы даму бағытын айқындаған ұйымдастырушылық және технологиялық реформалар жүзеге асырылды.
Г.Презент қабылдаған маңызды шешімдердің бірі – шахта алаңдарын ірілендіру және технологиялық тұрғыдан біріктіру еді. Мұның айқын мысалы – Костенко атындағы шахта мен «Стахановская» шахтасын біріктіру. Бұл шешім жерасты қорларын қайта бөлуге, желдету және көлік жүйелерін оңтайландыруға, қайталанатын инфрақұрылым нысандарын қысқартуға мүмкіндік беріп, айтарлықтай экономикалық нәтиже әкелді. Сонымен бірге жұмысшылар қысқартылған жоқ, қызметкерлер департамент жүйесінің ішіндегі басқа учаскелерге бөлінді.
Осы кезеңдегі өндірістік жетістіктердің қатарында бассейннің жекелеген шахталарында көмір өндіру бойынша тіркелген бірқатар рекордтық көрсеткіштер бар. Атап айтқанда, «Тентек» шахтасында бір тәулікте өндіріс кенжарынан көмір өндіру бойынша сол кезеңдегі орташа салалық көрсеткіштерден едәуір асатын рекордтар орнатылды.
Презенттің басқару тәжірибесінде «шахта – лава» тұжырымдамасы ерекше орын алды. Оның басшылығы кезінде 2002 жылдың тамыз және қазан айларында Костенко, Күзембаев атындағы және «Тентек» шахталарында айына тиісінше 270 мың, 220 мың және 416 мың тонна көмір өндірілді. Бұл көрсеткіштер әлемдік көмір өнеркәсібіндегі елеулі жетістіктердің бірі болды.
Тұжырымдаманың мәні көмір өндіруді бірнеше толық жүктелмеген кенжарға бөліп таратпай, заманауи жабдықтармен жарақтандырылған бір жоғары өнімді лаваға шоғырландыру еді. Тұрақты шығындар жағдайында өндіріс забойының жүктемесін арттыру арқылы көмір өндірудің өзіндік құнын бірнеше есе төмендетуге мүмкіндік туды.
«800 метр тереңдікке түсіп, күлділігі 38-42 пайыз болатын көмірді өндірудің қажеті қанша, егер барлық күшті бір лаваға шоғырландыруға мүмкіндік болса? Ресурстарды шоғырландыру сол кезде мүмкін еместей көрінген нәтижеге қол жеткізді: «Тентек» шахтасының лавасы бір тәулікте 17 400 тонна көмір өндірді! Бұрын мұндай көлемді үш шахта бірігіп өндіретін», – дейді Григорий Презент.
Алайда, бұл сандардың артында адамдармен жүргізілген ауқымды жұмыс тұрды. Өйткені қалыптасқан жүйені өзгертіп, ұжымдарды жаңа тәсілмен жұмыс істеуге сендіру қажет еді. Жұмысшылар қаражаттың қайдан түсетінін және неліктен дәл осылай бөлінетінін түсінуге тиіс болды. Бригадирлер, тау-кен шеберлері мен учаске бастықтары шығындарды қалыптастыру, қаражатты бөлу және өнімнің өзіндік құнын есептеу қағидалары түсіндірілетін қысқа мерзімді курстардан тұрақты түрде өтіп отырды.
Григорий Михайловичтің басқару стиліне тән тағы бір ерекшелік – өндірістік үдерістерге тікелей араласуы. Оның басшының шахта жұмысына тікелей қатысуын көздейтін қағидасы, яғни ауысымдарға қатысуы, технологиялық шешімдерді бригадалармен бірге талқылауы өндірістік тәртіпті қалыптастырудың маңызды тетігіне айналды.
Осы кезеңде Көмір департаментінің орталықтандырылған шығындар жүйесі де белсенді түрде қалыптасты. Қаражат қалалардың әлеуметтік инфрақұрылымына, ғылыми-техникалық қолдауға, энергетика мен көлік салаларына бағытталды.
Кеншілер қалаларының өміріне деген қамқорлық өндірістік көрсеткіштермен ғана шектелген жоқ. Григорий Презенттің бастамасымен 2002 жылы Көмір департаментінің Теннис орталығы салынды. Бұл – оның бүгінге дейін ерекше мақтан тұтатын нысандарының бірі. Кеншілер бір жылға жетпейтін уақыт ішінде, өз күштерімен, бұрын бос жатқан жерде орталық тұрғызды.
Мерейтой иесінің ғылыми-инженерлік қызметін де ерекше атап өткен жөн. Оның тазарту жұмыстарының технологияларын жетілдіруге, жерасты көмір өндірудің тиімділігін арттыруға және шахталардың ұйымдастырушылық құрылымын оңтайландыруға арналған ғылыми әзірлемелері мен жарияланымдары Қарағанды көмір бассейнінің нақты өндірістік міндеттерімен тығыз байланысты болды.
Көп жылғы еңбегі үшін Григорий Михайлович мемлекеттік және салалық наградалармен марапатталған. Олардың қатарында Еңбек Қызыл Ту ордені, «Ерен еңбегі үшін» медалі, «Шахтер даңқы» I-III дәрежелі белгілері, Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің (ВДНХ) алтын медалі және басқа да марапаттар бар. Ол – Қарағанды облысындағы бірден үш қаланың Құрметті азаматы.
Григорий Михайлович Презенттің мол тәжірибесі – Қазақстанның көмір өнеркәсібінің даму тарихындағы маңызды кезеңнің ажырамас бөлігі. Оның еңбек жолы инженерлік шешімдер, экономикалық есеп және басшының жеке жауапкершілігі тұтас бір индустриялық өңірдің тұрақтылығын айқындаған дәуірді бейнелейді.
Григорий Михайловичтің өнегелі өміріне қарап отырып, оның басқару философиясын бір ғана қағидамен: «Уәде бердің бе – орында. Орындай алмасаң, уәде берме!» деп түйіндеуге болады.
Жәлел ШАЛҚАР
«Ortalyq Qazaqstan»



