Үздік әлеуметтік жобалар көрмесі
Қазақстан Республикасы Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі «Қазақстанның үздік әлеуметтік жобалары» байқауын өткізу туралы байқау жариялады.
Бұл жоба мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға және қоғамдық ұйымдарға қолдау көрсету, олар үшін күделікті өмірде тең жағдай туғызу және шығармашылық қабілеттерін дамыту мақсатын алға қойып отыр. Жоба өмірлік қиын жағдайға тап болған жандардың тағдырына азаматтық қоғамның назарын аударуды көздейді.
Бұл жобаға мемлекеттік емес ұйымдар, қоғамдық бірлестіктер, мүгедектер ұйымдары, жеке тұлғалар, тұрғындарды әлеуметтік қорғау жүйесіне бағытталған басқа да мекемелер мен ведомстволар қатыса алады.
Еліміздің барлық өңірлерінде, оның ішінде біздің облысымызда 2018 жылы елімізде «Қазақстанның үздік әлеуметтік жобалары» байқауын өткізу туралы комиссия құрылды. Биылғы жылдың 1 маусымынан 20 тамызға дейін өтетін аудандық, қалалық және облыстық байқаулардың іріктеуі өтеді. Онда жұмыстың сапасына, қиын жағдайға тап болған жандарды қамтуына, әлеуметтік маңызына назар аударылады. Қатысушылар жасына шектеу қойылмайды. Жобалардың тұсаукесерлері роликтер, болмаса слайдтар түрінде де өтуі мүмкін. Толық ақпарат алу үшін жергілікті жерлердегі тиісті қызметтермен хабарласуға болады.
Өңірлік байқаулардың жеңімпаздары республикалық байқауға қатысатын болады.
Байқаудың ұйымдастырушылары «Нұр Отан» партиясы, Қазақстан Республикасы Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі, «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» акционерлік қоғамы, аудандық, қалалық, облыстық әкімдіктер, бизнес қауымдастығы.
Байқауға қатысуға өтініштер 2018 жылғы 30 маусымға дейін қабылданады.
Г. ОСПАНОВА,
Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары.