Қарағанды

Замандастар заңғары

Қарағандыда қалалық «Zamandas-инновация» байқауы өтті. Бұл шараға жыл санап қатысуға өтініш бергендердің саны да артып келеді. Еліміздің басқа аймақтарында жоқ шара бізде осымен он екін­ші мәрте ұйымдастырылып отыр.

Бұл жобаны Қарағанды облысының кәсіпкерлер қауымдастығы ұйымдастырды. 2017 жылы «Рухани жаңғыру бағдарламасын іске асыру барысындағы жобалар тізіміне енгізілген еді. Бұған дейін 2010 жылдан бастап «Біз – қарағандылықтармыз» фестивалі аясында өтіп келгенді. Қарағанды қаласының ішкі саясат бөлімінің тапсырысы бойынша жүзеге асырылып отырған – әлеуметтік маңызды жоба.

Биылғы жылы қаланың әлеуметтік-экономикалық өмірінің түрлі салаларында жаңа инновациялық мәдениетті қалыптастыруда өзіндік қолтаңбасын қалдырған жандар марапатталды.

– Бұл іс-шара Қазақстанның басқа қалаларында болмаған дүние. Осы тың дүниені басқа қалаларда әрі қарай жалғастырса деймін. Өз орталарындағы белсенді жандарды, қауқарлы жастарды ел көлемінде таныту керек. Бұл адамның еңбегін, жұмысын көрсетуге таптырмайтын бірден-бір мүмкіндік. Ал, біз осындай жақсы істердің жаршысы болуымыз қажет, – дейді облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңесінің менеджері Бақытқали Мұсабеков.

«Zamandas-инновация» байқауы бес номинация бойынша өткізілді. Бұған дейін әр номинация жеңімпаздары әлеуметтік желі арқылы дауыс беру нәтижелерімен анықталды. Көрсеткішке сүйенер болсақ, дауыс беруге он екі мыңға жуық қала тұрғыны белсенділікпен қатысқан.

– Мені осындай шығармашыл жастардың бары қуантады. Көптеген жобалар мен сәтті идеяларды іске асырып жатыр. Ең бастысы мақсатыңды айқындап, өз-өзіңе сеніп, кедергілерге мойынсұнбау қажет, – дейді қала әкімінің орынбасары, қазылар алқасының мүшесі Ирина Любарская.

Әр жылдары конкурс номинациялары өзгертіліп, еліміз бен қаламыздың мерейлі оқиғаларымен байланысты жаңа номинациялар енгізіліп тұрды.

«Партадағы инновация – болашаққа көзқарас» номинациясы бойынша №32 мектептің оқушысы Анастасия Федорова лауреат атанды. «Кулибин арамызда» номинациясын медицина университетінің жоғары санаттағы сарапшы-патенттаушы Анастасия Чичканова, «Ғылыми жаңалық – халық игілігі үшін» номинациясын ҚарМТУ «нанотехнология және металлургия» кафедрасының профессоры, техника ғылымдарының кандидаты Светлана Квон жеңіп алды. «Сантехпром» ЖШС «Үздік инновациялық кәсіпорын», «Дін және заман» ақпараттық журналының тілшісі» Светлана Свич «Іс-шараның инновациялық көрінісі» номинациясын еншіледі.

Ербол ЕРБОЛАТ

Басқа материалдар

Back to top button