Заманауи мектеп эталоны

    Мектеп жайлы айтылады ма? Жоқ сияқты… Мектептің ел қызыға қарайтын шәкіртін дәріптеп, шәкіртке білім берген ұстазы жайлы жырға қосамыз. Ал, мектеп ше? Мектеп жайлы жырға қосу түгілі, сол шәкірттің қай мектепті бітіргені туралы да естен шығып кететіні рас. Бірақ, мектептің де жаны бар. Оның қабырғасы, әрбір сыныбы, оқушылары отырған партасы, аппақ бормен тақтаға жазылған жазулары… Бәрі, бәрі мектепте білім алған оқушыларының бір бөлшегін алып қалады. Бұл жер мәңгілік естеліктің мекені, мектепке алғаш қадам жасаған бүлдіршіннің қуанышы, он жыл бойы есігінен кіріп-шыққан мектебімен қоштасуға небары тоғыз ай ғана  қалған түлектердің қоштасу кешін асыға күткені… Қоңырау, сабақтар, үзіліс, бақылау, алғашқы екілік пен алғашқы бестік бағалар… Ал, сырттай қарағанда жай ғана күнделікті қызметін атқарып жатқан оқу ордасы ғана тәрізді, бірақ, мүлдем олай емес!

Осыдан тура жиырма бес жыл бұрын, Тәуелсіздігімізді алып, етек-жеңімізді жинауға бет алған кезде Қарағанды қаласының Оңтүстік-Шығыс бөлігінде жаратылыстану-математикалық және мәдени-коммерциялық бағыттағы «Аян» №101 эксперименттік шынайы мектебінің іргетасы қаланған болатын. Аумалы-төкпелі кезең. «Аққу – көкке, шаян – көлге» тартып, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін білмей, қай бағытты ұстанарын білмей жүрген кезеңде «бітер істің басына, жақсы келер қасына» демекші, мектеп жұмысын үйлестіруге сол кездегі Қарағанды қаласының білім саласындағы жақсылардың ат салысқаны. Мектептің алғашқы директоры Наталья Чикареваның басшылығындағы жас педагогикалық ұжымның шығармашылық әлеуетінің арқасында мектеп инновациялық білім беру ұйымның қатарына кірді. Бұл орайда сол кездегі мұғалімдердің білімін жетілдіру институтының ректоры, техника ғылымдарының кандидаты Сәбит Қонтаевтың еңбегін айта кетпеске болмас. Мектеп ашылған сәттен бастап, қалыптасу кезеңінің барлығында басы-қасында болып, мектеп үшін жаны мен жүрегін берген Сәбит Сейіт-ұлының кеңесімен мектепшілік және технологиялық шеберханалар ашылды. Алғашқы ғылыми-тәжірибелік конференциялар өткізілді. 12 жылдық мектеп моделі де осы жерден апробациядан өтті. Енді ғана іргетасы қаланып, білім теңізіне сүңгіген мектеп ұжымы қиындықтан қорықпастан, жаңашылдықпен бастады жұмысын.

Әуел бастан балаға үш ортадан тәрбие жұғатынын негізге алған мектеп басшылығы әлі күнге дейін осы қағидамен өзінің жұмысын үйлестіруде. 101 мектепке үйіңе келгендей кіресің. Адамдарының өзін айтпағанда, қабырғасының өзінен бір жылы леп білінетіндей. Кірсең – шыққысыз. Оңтүстік-Шығыс ауданындағылардың барлығы балаларын осы жерге әкелуге құштар болып тұратыны да осыдан болар. Жанынан өткенде көз тартпай қоймайтын мектеп төңірегінің өзі көңілге жылу сыйлайды.

2004 жылы Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері Алма Жұмабекованың директорлыққа тағайындалуы мектеп жұмысына жаңа леп әкелді. Заман ағымынан қалмай, үнемі бір қадам алға жүретін мектеп ұжымы осы кездің өзінде-ақ ерте жастан ағылшын тіліне оқытып, жоғары сынып оқушыларының кредиттік-қашықтықтан бейіндік оқытуды ұйымдастырды. Халықаралық жобаларға қатысып, жеңістерге жетті. Оқушы жетістігін мектеп жетістігі ретінде қарап, бір үйдің баласындай татулықпен күн кешкен мектеп ұжымы сол кездің өзінде-ақ оқушыларын шынайы өмірге дайындады. Болашаққа бағдарлай қарап, оқушыларын мектептен кейінгі кезеңге дайындаған директордың басшылығындағы педагогтар ұжымы №101 мектеп-лицейін тәрбие мен білімнің қазыналы ордасына айналдырды.

1998 жылы мектепке №101 «Аян» шынайы мектеп-лицейі мәртебесі берілсе, 2000 жылы №101 «Аян» шынайы лицейі, 2005 жылы №101 мектеп-лицейі болып өзгертілді.

… Содан бері жиырма бес жыл өтті. Қазір 101 мектеп-лицейінің аты аталса, құлағы елең етпейтін ата-ана жоқ. Себебі, бұл жерде сапалы біліммен қатар тәрбие де жақсы жолға қойылғанын біледі барлығы. Үш ауысымда оқып, бала санының көптігіне қарамастан, жұмысы дұрыс жолға қойылған мектеп Қарағанды қаласының Оңтүстік-Шығыс бөлігіндегі ордалы білім ордаларының бірі.

Қазір мектепке Рахат Қазтаев басшылық етеді. Тәжірибелі басшы мектептің оқу-тәрбие процесінде болашақтың инновациялық технологиясын енгізу бастамасын көтергендердің алғашқылары. Демек, мектеп табалдырығынан болар, жай келмей, өзімен бірге жаңашылдықты алып келу – осы мектептің директорларының маңдайына әуел бастан жазылып қойылған. Алғашқы директорлары Н.Чикарева мен А.Жұмабекованың бастаған ісін шеберлікпен жалғаған басшы мектеп жұмысын одан әрі қызықты әрі тартымды ете түсті.

Рахат Қайратұлының келуімен «Робототехника», «Авиамодельдеу» үйірмелері ашылып, мектеп оқушылары «Болашақтың инженерлері» атты облыстық жобаға қатысты. Бұл жерде жай ғана білім беріп жатқан жоқ, бұл жерде қазақстанның болашағы дайындалуда. Оқушыларының да мектептеріне деген сүйіспеншіліктері ерекше, себебі, бұл олар үшін екінші үйлері, тәрбие алатын ортасы, болашақтарын анықтайтын қасиетті орта.

25 жыл – үлкен істің бастамасы ғана, бірақ, атқарылған шара ұшан-теңіз, ал, алда – мектеп түлектерінің алар асулары. Мектебі оған сенімді. Бұл – №101 мектеп-лицейі ұжымының жетістігі!

Салтанат ИЛЬЯШОВА

Қарағанды қаласы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.