Замана көшімен бірге

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауын Қарағанды қаласының ардагерлер қауымы зор ықыласпен қабылдады. Жолдауда еліміздің тәуелсіздік алғаннан бергі өткен жолына қысқаша шолу жасалып, кемел келешекте атқарылатын істер сараланған.

Елбасы атап өткеніндей, Қазақстан өзінің 2050 жылға дейінгі даму стратегиясы мен «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының нәтижесінде жаһандық көштің алғашқы кезеңінен лайықты өтіп келеді. Енді – заман талабына сай Үшінші жаңғырту жөнінде міндет қойылып отыр. Осыған орай, Президент бес басымдықты белгілеп берді. Соның алғашқысы экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуы арқылы әлемнің 30 озық елінің қатарына қарай тұрақты түрде ілгерілеу міндеті болып отыр. Елбасы жаңа индустриялар құрумен қатар, өндірістің базалық салаларын дамытуға серпін беру қажеттігін атап өтеді. Бұл – өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен, көлік пен логистика, құрылыс және басқа салалар. Осы салалар қашан да ел экономикасының тірегі болған және бола бермек.

Жолдаудағы адами капитал саласын жақсарту жөніндегі міндеттер көкейге қонады. Онда білім беру жүйесімен қатар денсаулық сақтауды да өзгерту мақсаттары қойылған. Жаңадан енгізілетін міндетті медициналық сақтандыру жүйесінен зор үміт күтеміз. Әлеуметтік қамтамасыз ету саласы да қалыс қалмаған. Елімізде 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап 2,1 миллион зейнеткер үшін зейнетақы 2016 жылғы деңгейден 20 пайызға арттырылады. Сондай-ақ, базалық зейнетақы тағайындау 2018 жылғы 1 шілдеден бастап жаңа әдістеме бойынша жүзеге асырылады. Сонда, зейнетақының көлемі еңбек өтіліне байланысты қайта есептелетін болады. Қаланың соғыс және еңбек ардагерлері бұл шешімді құба-құп қабылдайды.

Жалпы алғанда жаңа Жолдау замана көшіне ілесіп, елімізді одан әрі өркендете беру мақсатын көздеп отыр. Ардагерлер қауымы осы жолда Елбасына,Үкіметке, барша Қазақстан халқына тілектестік білдіреді.

Тілеубек ЗЕЙНЕШЕВ,

Қарағанды қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.