Жаңалықтар

Заман талабы

     Латын жазуына көшудегі түбегейлі мақсат әуел бастан халыққа жан-жақты түсіндірілген жоқтұғын. Біреулер «латыншаға көшсек, компьютер тілін оңай игеріп, ғаламторға шығуымызға кең жол ашылды» десе, енді біреулер «латын әріптері арқылы күллі түркі жұртына ортақ жазу қалыптастырамыз» дейді.

Бір-біріміздің жазба әдебиетімізді тәржімәсіз немесе делдал тілсіз түпнұсқадан оқи беретін боламыз дегенді желеу етті. Ал, тіліміздің қамын әріден ойлаған қайсыбір ғалымдар «Латыншаға көшу тіліміздің өзіндік болмысын сақтап қалу үшін қажет, латын жазуына негізделген өзіміздің төл әліпбиімізді (алфавит) құрып алған соң, тіліміздің табиғатында жоқ, орыс тілінен және халықаралық термин деген желеумен орысшаланып енген бөтен сөздерден арыламыз» дейді. Осы пікірлердің қай-қайсысының да өзіндік маңызы бар екендігінде дау жоқ. Мәселен, компьютерде жұмыс істеу ең алдымен, өзіміз үшін керек. Жазуымыздың, яғни тіліміздің әуелі өзімізге қызмет етуін қамтамасыз етуіміз керек. Қазір біз кез келген түркі халықтарының өкілімен ауыз­ша сөйлессек, бір-бірімізбен оңай түсініп, пікірлесе аламыз. Ал жазуымыздың әр қилылығына байланысты бүкіл жазба дүниелерімізді аудармасыз оқи алмаймыз. Бұл – түркі тілді халықтар өзара жазба әдебиеттерін оқи алмасын, әрқайсысы өзінше бөлек дамысын, бірінен-бірі туыстық, рухани байланыстан алшақтай түссін деген саясаттан туындаған еді. Тіпті, Кеңес Одағының құрамында болып, барлығы бірдей орыс жазуын ұстанған халықтардың өздері де бір-бірінің жазған дүниелерін аудармасыз оқи алмай келді ғой.

1929-1938 жылдары қазақ қолданған латынша әліпбиде 28 әріп болған. Қазіргі әліпбиімізде 42 әріп. Әріптердің саны бір жарым есе өсе қалуынан-ақ, кезінде жазуды кириллицаға ауыстыруда бір шикілік болғаны анық. Әріптердің саны соншалықты көбеюдің себебі – қазақша жазғанда, сөйлегенде орыс сөздері тура орысшадағыдай болуға тиіс деген бүгінгі емленің дөрекі қателігі.Осы күнге дейін ұлтымызды орыстандыру саясаты жан-жақты жүргізіліп келді. Сол әрекеттің бір түрі тілімізді бұзу арқылы болғанын көзі ашық, көкірегі ояу жұрт жақсы біледі. Ал тілді бұзу бірден бола қоятын оңай шаруа емес. Алдымен жазуымызды өзгертіп, сонан соң орысша сөздер орыс тілінде қалай жазылса, қазақ тілінде де солай болуын талап етті. Дәл солардай етіп жазатындай бізде кейбір дыбыстар болмағандықтан, өз тілдеріндегі біраз дыбыстарды тілімізге зорлап енгізді. Енді біз есімізді жинап, сол сөздерді қазіргі жазуымыздағы (кириллица) қазақша дыбыстармен қазақшалап жазайық десек, әбден орысша жазылуына көзі де, өзі де үйреніп, бауыр басып кеткен көптеген қандастарымыз тіптен көнгісі келмейді. Олар қазақшалап жазсаң-ақ болды, қолма-қол қарсы шығып, «Дұрыс жазбадың, бұл сөз орысша да, қазақша да бірдей жазылады, бізде солай қабылданған, бұның түк өрескелдігі жоқ, бәріміз осылай жаза аламыз және сол қалпында айта аламыз» деп өре түрегеледі.

Ұлтымыздың, елдің атауын басқа тілдерде қазақшаға жақындатып айтуына ең үлкен себепкер болатын тіл – ағылшын тілі. Ағылшынша «kazak, Kazakstan» деп жазудың орнына орысшаның үлгісімен «kazakh, Kazakhstan» деп жазып жүргеніміз – қателік! Ол – біздің кейбір сөз саптауымыздан, сөз оралымдарымыздан, сөз тіркестерімізден көрініп қалып жатады. Енді, сан мыңдаған шетелдік сөздер тасқыны тілімізге күн санап толассыз еніп жатқан мына зымыран заманда бірен-саран сөздерге әрең дегенде қазақша балама тауып, бірақ оның өзін сан-саққа жүгіртіп, дауласып жүргенімізде тіліміздің тек дыбыстық жүйесі мен сөздік құрамы ғана өзгеріп қоймай, құрылымы да өзгере бастауы әбден ықтимал. Тіліміздің таза қазақи қалпын сақтап, сөйлеп-жазып жүрген ұлтымыздың бір бөлігі үшін, бөтен дыбыстардан және таңбалап келген әріптерден арылған нағыз қазақ әліпбиін латыншаға көшу арқылы жасауға қазір мүмкіндік туып отыр.

Қорлан АЙТЖАНОВА,

Бидайық  жалпы орта білім беретін мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары.

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button