Бәрекелді!Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл

Заңғардың жаңа биігі

Жақында ғана Қарағанды гарнизоны әскери полиция бөлімінің офицері, әділет капитаны, ультрамарафоншы Заңғар ӘЛКЕНОВТІҢ Қазақстан рекордтар кітабына енгенін сүйіншілеген едік. Яғни, марафоншы Қарағандыдан Жаңаарқаға (200 шақырым) 35 сағат, 11 минут, 52 секундта жеткен-тін. Заңғар тағы да рекорд жаңартты. Жезқазғаннан Жаңаарқаға дейінгі бағытты 44 сағат 59 минут 13 секунда жүгіріп өтіп, марафонын мерзімінен бұрын аяқтады. Жаңаарқа жұрты ұландарын үлкен ықыласпен қарсы алды.

Қазақ күресінен ҚР спорт шебері, Қ.Мұңайтпасов атындағы халықаралық жарыс жүлдегері бұл марафонды ел егемендігінің 30 жылдық мерейтойына, ҚР Қарулы күштерінің 29 жылдығы мен әскери полиция органының құрылғанына 24 жыл толуына арнады.

– Қандай жетістігім, бағындырған шыңым болса, ол елімнің қолдауының арқасы деп білемін. Жаңаарқа жұрты әркез мерейімді өсіріп жатады. Үлкен алғысымды білдіремін. Алда үлкен жоспарлар бар. Осы марафонымды ойдағыдай аяқтадым. Бұйырса, келесі жылы Қарағанды – Алматы бағытында марафон өткізсек деген ой. 1000 шақырымдық жолды еңсеру әрине оңай емес. Сол үшін де үлкен дайындыққа кірісуді жоспарлап отырмын, – дейді марафоншы Заңғар Қонысбайұлы.

Жезқазғаннан жұма күні шығып, белгіленген қашықтықты сенбі күні бағындырған марафоншыны аудан белсенділері мен жастары салтанатпен қарсы алды. Жиында Алматыдан арнайы келген Қазақстан рекордтар кітабының өкілі Бақытжан Тастүлеков Заңғар Әлкеновке жаңа рекорд жасалғанын куәландыратын сертификат тапсырды. Жаңаарқа ауданы әкімінің орынбасары Қанат Қожықаев иығына шапан жауып, әлі де үлкен биіктерді бағындыруға тілектестік білдірді.

– Бүгін жаңа биікті бағындырып отырған Заңғар бауырымыздың бойынан үлкен жігер мен қайратты аңғарамыз. Біз осындай оғландарымызбен мақтанамыз. Келешек жастарға жаңа бастамаларымен, тың идеяларымен және ерлігімен үлгі болары сөзсіз. Заңғардың алдағы жоспарларына сәттілік тілейміз, – деді аудан әкімінің орынбасары өзінің құттықтау сөзінде.

Бас демеуші “Нэм” ЖШС мен «Olja», «Hyundai Premium Karaganda», «Astana Motors» компаниялары және атымтай ағасы Қайыркен Мауытов Заңғар Қонысбайұлына “Hyundai Accent” автокөлігін сыйға тартты.

Қасымхан ҒАЛЫМ.

ЖАҢААРҚА ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button