Бас тақырып

Зиялыға зиярат

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осыдан екі жыл бұрын Қарағандыға жұмыс сапарымен келіп, аймақ жұртшылығымен кездесуде: «Қарағанды табиғи байлығымен ғана қазыналы деп аталмағаны анық. Сарыарқаның дәл жүрегінде орналасқан аймақтың рухани қазынасы да орасан зор. Талай тарихи оқиғаның куәсі болған шежірелі аймақтан қазақтың көптеген біртуар тұлғалары шыққан. Қарағанды өңірі – Әлихан Бөкейхан, Жақып Ақбаев, Әлімхан Ермеков сияқты Алаш арыстары дүниеге келген қасиетті жер», – деген еді. Ал, сол асылдарымызды ардақтап, ел егемендігі жолындағы еселі еңбегі мен көзсіз ерліктерін насихаттау – ортақ парыз. Осы орайда, мемлекет және қоғам қайраткері, Алаш­орда үкіметінің мүшесі, математика саласынан тұңғыш қазақ профессоры Әлімхан Ермековтің дүниеге келген күнінде Қарағанды қаласы маңында орналасқан зираты басына барып, рухына тағзым етіліп, құран бағышталды.

Суреттер ұйымдастырушылардан

Жуырда Әлімхан Ермеков жерленген зират басы жаңғыртылып, қабіріне барар жолы жөнделгенін атап өткен жөн.

Ұлт перзентінің немересі Олег Ермеков, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Құдайберген Бексұлтанов, облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын, қала әкімінің орынбасары Ләззат Төкенқызы, облыстық Әнет баба атындағы орталық мешіттің бас имамы Естай Айтуғанұлы, «Saryarqa Aqparat» медиахолдингінің директоры Қайрат Әбілда және депутаттар, басқа да бірқатар ел азаматтары дұғаға қол жайды.

Әлімхан Ермековтің бар-жоғы жиыр­ма тоғыз жасында Мәскеуде қазақтың шекарасын шегендеу үшін бар білімі мен күш-жігерін салып, осыншама ұлан-байтақ өлкенің қазақ халқына тиесілі екенін дәлелдеп шыққаны бүгінде аңызға айналған. Сондай көзсіз ерліктің, қайсарлықтың арқасында бабадан қалған байтақ Отан тұтастай бізге аман-есен жетті.

– Мәселе тек Алаш арыстарына ғана емес, жалпы ұлт мұраты, мемлекет мүддесіне адал қызмет еткен, ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан барлық тұлғаларға қатысты. Мәселен, Қадыр Мырза-Әліні неге тек батыс қадірлеуі тиіс?! Немесе Қасымды Қарағанды ғана төрге шығару керек пе?! Әлбетте, олай болмауы керек. Бұлар – күллі ұлтқа ортақ тұлғалар. Бөле-жарып, бөлшектеп, жеке иемденуге келмейтін аяулы арыстар, елге ерекше еңбегі сіңген есіл ерлер ғой. Сондықтан, бүгінгі ұрпаққа, бүгінгі жастарға осы елдің бірлігі мен тұтастығын, ердің де, жердің де ортақтығын санасына сіңіруге тиіспіз. Меніңше, Әлімхандай бабамыздың бізге қалдырған басты аманаты, өшпес өсиеті осы деп білемін, – деді Ерлан Бейсембайұлы.

Әлімхан Әбеуұлы – қазаққа ортақ тұлға. Оның ақырып теңдік сұрауы Кеңес билігіне ұнамай, абақтыға қамалды, бірнеше жылын айдауда өткізді. Облыс орталығындағы бұрынғы Ленин көшесі 58 үй, 8 пәтерде тұрғаны жайлы еститінбіз. Кейін ғалым тұрған сол үйді көзімізбен көргенде, өзегіміз өртенгені рас. Өйткені, РСФСР Қылмыстық Кодексінің 58-бабы 8-тармағы, яки, «халық жауы» деген бабын қайраткердің мекенжайымен сәйкестендіру өте ауыр жаза еді…

Алайда, сұмпайы билік оны қанша жер­ден қыспаққа алса да, жігерін жасыта ал­мады. Рухын тізерлетуге шамасы жетпеді.

Әлімхан Әбеуұлының немересі Олег Ермеков өз сөзінде батыр бабалардың ерліктері лайықты жалғасын тауып жатқанын баса айтты.

– Қазақтың біртуар ұлы Әлімхан Ермеков – қазақ жерінің тұтастығын сақтау­ға сүбелі үлес қосқан тұлға. Маңыздысы – мұны жастардың санасына өшпестей қылып сіңіру. Олар осымен рухтанып өсуі керек. Өйт­кені, бабалар аманаттаған ұлан-байтақ жерімізге ие болатын осы жастарымыз. Атам Әлімхан Әбеуұлының басына келіп, толқып тұрмын. Абаттандырылғанын көріп, риза болдым. Бұл – ауқымды жұмыс. Осы игі істің басы-қасында жүрген азаматтарға шексіз алғыс айтамын. Бұл жастарымыздың жиі келіп, болашақ туралы ойға бататын қастерлі орын боларына сенемін. Әлімхан Ермеков бастаған игі іс, батыр бабалардың ерліктері лайықты жалғасын тауып жатқаны көз қуантады. Енді, мұны жас буын іліп әкетсе екен. Қазіргі жаһандану заманында Қазақстан қасиетті Тәуелсіздігін, шекаралық тұтастығын және басқа да ұлттық құндылықтарын сақтап, дами түсетініне сенемін, – деді ол.

Сонымен қатар, ұлт перзентінің рухына құрмет көрсетіліп, гүл шоқтары қойылды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде жастардың ертеңіне біздің, яғни, аға буынның жауапты екенін баса айтқан еді. Үнемі айтып келеді. Осы тұрғыдан Әлімхан Ермеков сынды біртуар тұлғамызға көрсетіліп жатқан осындай құрметті жастар көрсе, білсе, түйсінсе екен. Еліміздің әр азаматы өз ісіне мығым болып, жүріс-тұрысымен жүрген жерінде жастарға үлгі болуы керек. Сонда өткенімізге құрмет, ертеңімізге сенім бекем болмақ, – деді Құдайберген Бексұлтанов.

Жәлел ШАЛҚАР,
ҚАРАҒАНДЫ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button