Көрме

Зұлматта кеткен зиялылар

Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына байланысты Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні қарсаңында Ж.Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында онлайн көрме өтті.

 

Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласын арқау еткен көрме «Зұлмат жылдар қасіреті» деп айдарланыпты. Естеріңізге сала кетейік, жазушы Жайық Бектұровтың өзі зұлмат жылдарында қуғын-сүргінге ұшырап, абақтыға қамалып, небір жантөзгісіз сұмдықтардан аман қалған аз қазақтың бірі. Көрмеге зұлмат жылдары атылып кеткен қазақ зиялыларының кітаптары мен осындағы ҚарЛаг лагеріне қатысты зерттеулер, тағы да басқа көптеген еңбектер қойылды.

Кітап көрмесінің мақсаты – жазушы Ж.Бектұровтың шығармашылық мұрасын насихаттау; жастарды отансүйгіштік, туған жерге деген сүйіспеншілік руха тәрбиелеу, азаматтық қасиеттерін дамыту, елдің рухани және мәдени құндылықтарына құрмет; тоталитаризм мен сталиндік репрессия кезеңіндегі оқиғалардан жирендіру.

Еске алу көрмесі 4 бөлімнен тұрды.

1 бөлім: «Репрессия – Қазақстанның тарихи қайғылы бөлігі». Бұл бөлімде ұсынылған кітаптарда қиын және қатал кезең туралы сталиндік заңсыздық пен репрессия жылдары, репрессиядан өткен адамдардың өз еліне деген ерекше тұрақтылығы мен адалдығы туралы және ескерткіштер туралы мәліметтер бар.

2 бөлім: «Аштық алапаты». Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандары күніне арналған «Болашақ үшін естелік» дөңгелек үстел материалдары, Ә.Күзембайұлының «Қазақстан тарихы» атты кітабы және мерзімді басылымдардан алынған мақалалар.

3 бөлім: «Ж. Бектұров – қуғын-сүргін құрбаны».

4 бөлім: «Карлагтың белгілі тұтқындары». Бұл бөлімде қазақстандық және қарағандылық жазушылар Е.Кузнецова, В.Могильницкий, А.Ұлжанов, Б.Хойшыбаев, И.Ильинаның шығармалары, сондай-ақ Карлагтың Долинский филиалы туралы «Болашақ» университеті баспасының кітаптары ұсынылған.

Жәнібек ӘЛИМАН.

Басқа материалдар

Back to top button