Жаңалықтар

Юржан Бекқожин: “Жаңаарқа мен Сәкен – егіз ұғым”

Арқа – қазақ даласының ажары, ұлтымыздың айбары десек, Жаңаарқа – ұлт рухының жайлауы. Жазира даланы жайлаған жақсылар мен жайсаңдардың, ұлы мұрат жолында тер төккен тектілердің ізі жатыр бұл далада. Сарысу мен Манақа өзендері кешегі Сайдалы Са­ры Тоқа домбырасының қос ішегіндей күй төгілдірсе, Сөртінің қамыс-құрағы Ықылас қобызының сарынын жеткізеді. Мына бір көрікті белден көз тайдырғың келмейді. Дәл осы қыратқа Байдалы би шапанын жа­уып кеткендей. Қараағаш орманында көкке шаншылған қарағайлар әйгілі Нұрбай батырдың найзасындай елестеп, Қызыл­ағашта Телғозының Шоңы билік айтып отыр. Иманақтың етегінен Сәкен ақбозатының дүбірі естілсе, Қарауылтөбеде Алаш руханиятының абызы Ақаң (Ақселеу Сейдімбек – ред.) жатыр көсіліп. Алғабасқа ат шалдырсаңыз, алдыңыздан Бала Бақсы шығып, Арап қырының етегінен Игілік Омаровтың асқақ үні құлақ құрышын қандырады. Мына қырдың басында қаламгер көкем Асан Жұмаділдин ой кеміріп, ана қырдың етегінде Арқа жырының ақберені Сайлаухан Нәкенов жыр толғайды.

Иә, осы бір қасиетті топырақта қа­зақтың Қайраты (Қайрат Байбосынов – ред.) ән төгілдіріп, марқұм Дүйсенбай Жұмасейітов жыр төккен. Қоңыр кешті Қора­байдың (Қорабай Есенов – ред.) қоңыр үні әнмен тербеп, Жайлыбайдың Ғалымы қазақ жырының құдіретін әлемдік поэзия орбитасына тура осы топырақтан алып шыққан. Жаңаарқа жампоздарының тізімін бір сұхбаттың алғысөзінде түгесіп шығу мүмкін емес, әрине. Ажарлы Арқадағы базарлы мекеннің бүгінгі тізгіні – білікті басшы, іскер ұйымдастырушы Юржан БЕК­­ҚОЖИННІҢ қолында. Ертең – Жаңаарқада дүбірлі той. Сұңқар Сәкеннің 125 жылдығы һәм ауданның 90 жылдығы. Мерейлі сәтте аудан әкіміне жолығып, ата­уын Жаңаарқа деп Сәкен қойған құтты мекеннің бүгінгі тыныстіршілігі төңірегінде бірер са­уал жолдаған едік…

– Юржан Асанұлы, Сіз басқарып отырған Жаңаарқа ауданы – бүгінгі келісті келбетімен ғана емес, кешегі терең тарихымен елең еткізіп, еріксіз назар аудартатын тарихи мекен. Қасиетті өлкенің екі тізгін, бір шылбырын ұстау бақ шығар, бірақ жауапкершілігі батпандай екені белгілі. Сұхбатымызды дархан даланың дария қазынасын ортайтпай, қария қадірін қашырмау жолында атқарып жатқан жұмыстарыңыздан бастасақ…

– Өзіңіз айтқандай, Жаңаарқа – тарихи мекен. 1929 жылы Асанқайғы ауданы болып ашылып, жаңа заманның әкімшілік-аумақтық талабына бейімделген сәтінен басталған дәуірін ғана мерейтойлық датаға икемдеп отырмыз ғой. Ал, аудан тарихы тым әріден басталады. Иә, ғасырлар қойнауынан керуен тартқан өзіндік дәстүрі бар, сабақтастығы салтанат құрған құтты мекен. Бұл аудан топырағының әр түйіршігінде бабалар аманаты бар. Сол аманатқа адалдық танытуды басты мақсат тұтып, шама-шарқымыз келгенше Жаңаарқаны жаңғырту, жаңарту жолында еңбек етіп жатырмыз. Бұл жерде ел басқарған әкімдердің іскерлігі емес, ауданның жағырапиялық орналасу ерекшелігі мен экономикалық мүмкіндігін тілге тиек етуге тиіспіз.

Ең әуелі, аудан тоғыз жолдың торабына орналасқан. Теміржол – экономиканың күретамыры десек, біздің ең басты мүмкіндігіміз осы күретамырдан бастау алады. Яғни, аудан экономикасының тамырына қан жүгіртіп тұрған – осы теміржол.

Өңірдің табиғаты мал шаруашылығына қолайлы болғандықтан, аудан тұрғындарының дені осы саладан нәпақа тауып отыр. Мәселен, ауданымызда ата кәсібімізді жаңғыртып, жазиралы жайлауда төрт түлігін өргізіп отырған 1 өндірістік кооператив, 3 ЖШС, 700-ден астам шаруа қожалықтары бар. Олар өткен жылы 22 млрд. теңгенің өнімін өндіріп, аудан экономикасының еңселенуіне елеулі үлес қосты. Ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау бойынша көш басындамыз деп айтуға әбден болады. Мысалы, өткен жылы Біріккен Араб Әмірліктеріне облыс бойынша алғашқы болып біздің аудан қой етін экспорттады. Одан бөлек, алыс-жақын шетелдерге 171 тонна сиыр еті, 26 тонна қой еті экспортқа шығарылды. Биылғы жылдың жоспарында 195 тонна ет экспорттау керек болса, өткен жеті айда біз межелі жоспардың 64,6 пайызын еңсердік. Жыл соңына дейін осы жоспарды артығымен орындауға мүмкіндігіміз бар.

Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы жерлерін жаңғырту бағытындағы Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында тың жобалар қолға алынып жатыр. 2020 жылдан бастап Бидайық селолық округіне қарасты «Қарамола» магистральдық каналын жаңғырту арқылы 1117 гектар суармалы егістік алқабы айналымға енгізілмек. Бұл мақсатта республикалық бюджеттен 480 млн. теңге қаражатқа сұраныс жасалды. Сонымен қатар, осы жылдың өткен 7 айында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 24 млрд. 790,7 млн. теңгені құрап, межелі жоспар 5 есеге артық орындалды. Өткен жылдың сәйкес мерзіміндегі көрсеткішіміз 4 млрд. 314 млн. теңге болатын.

– Бәрекелді! Аудан экономикасы тек ауыл шаруашылығына ғана тәуелді емес екені белгілі. Өңірдегі ірі өнеркәсіптік жобалардың аудан экономикасына тигізіп отырған оң ықпалы жайында бірер сөз…

– Дұрыс айтасыз, аудан экономикасына дем беріп, ел ырысын еселеп отырған өнеркәсіп саласы екені белгілі. Олардың қатарына «Жалын» көмір кенішін, «Атасу» мұнай айдау станциясын және теміржол мекемелерін ерекше атауға болады. Мұның сыртында құрылыс материалдарын, әртүрлі тұрмыстық заттар өндіруді қолға алған орта және шағын кәсіпкерлік нысандары бар.

Өткен 7 айдың қорытындысы бойынша жалпы өнеркәсіптік өнім көлемі 3 млрд. 404,4 млн. теңгені құрап, 2018 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 156,8 пайызға орындалды. Ал, жоспар 167,5 пайызға орындалып отыр. Аудан өнеркәсібінің өркендеуіне жоғарыда атап өткен ауқымды инвестицияның ықпалы зор болғанын атап өтуге тиіспіз.

– Жаңаарқа ауданы шағын және орта бизнестің қарқынды дамуымен дараланған мекен екенін жақсы білеміз. Осы саланың бүгінгі ахуалы қай деңгейде?

– Иә, Жаңаарқа халқы замана сұранысына тез бейімделе білді. Нарықтың таудай талабын шұғыл меңгеріп, шағын және орта бизнестің шалқыған мекеніне айналды. Қарапайым халықтың қолайына жағып, өз дәулеттерін де еселеп отырған кәсіпкерлік нысандарының саны күн сайын артып келе жатқандығы көңіл қуантады. Мәселен, 2019 жылы 16 нысанның ашылуы жоспарланса, осы 7 айда 21 нысан ашылып, халыққа қызмет көрсетуде. Бүгінгі таңда аудан бойынша 2407 кәсіпкерлік нысаны жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ, қатарға жаңадан қосылған кәсіпкерлік нысандары есебінен осы жылдың өткен 7 айында ауданның 5245 тұрғыны жұмыспен қамтылғанын ерекше атап өтуіміз керек.

Ал, шағын бизнес нысандары арқылы өндірілген өнім көлемі жыл басынан 6 млрд. 755,4 млн. теңгені құрап отыр. Осы орайда, 2019 жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындысында Жаңаарқа ауданы облыс аудандары мен қалалары арасында шағын және орта бизнестің даму көрсеткіштерінің 12 параметрі бойынша 1-ші орыннан көрінгенін мақтанышпен атап өткен абзал деп есептеймін.

көшелерінің жолдары асфальтталып, кенттен шыға берістегі айналма жолды жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Аудан орталығындағы көшелер жарықтандырылып, «Ертөстік», «Балдырған» балабақшалары мен көпқабатты тұрғын үйлерді жылытатын төрт қазандыққа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

– «Той атымен тон тігіледі» дейді атам қазақ. Бірер күнде Жаңаарқа жерінде қазақ сахарасына сауын айтқан қос мерейтойдың түндігі түріледі. Тойдан қалатын тобықтай игілік бар ма?

– Әрине, той ас ішіп, аяқ босату деңгейінен аспайтын даңғаза болса, оны ұйымдастырып, оған шығынданудың қажеті не?! Әрбір мерейтойдың тәрбиелік-тағылымдық мәнімен қатар, ел игілігіне жарайтын ауқымды жобалары болу керек. Бұл сұрағыңызды «Жоғарыда баяндалған көшелі көрсеткіштеріміздің барлығы – осы мерейтойға тарту» деген мазмұндағы келте жауаппен түйіндей салуға болар еді. Бірақ, ол олай емес. Атқарылған, алдағы уақытта атқарылуға тиісті шаруалардың барлығы – біздің қызметтік функциямыз. Ал, той тәбәрігі – бөлек әңгіме.

Әуелі «90 жылдыққа – 90 игі іс» бастамасын көтердік. Әлеуетті кәсіпкерлер мен жекелеген азаматтар тарапынан бұл бастама қызу қолдау тапты. Ауданның сыртта жүрген азаматтары атсалысты. Алғашқылардың бірі болып Алсай баба ұрпақтары үлкен сый жасады. Аудан орталығындағы «Мәңгілік Ел» аллеясының бір жақ бөлігін абаттандырып, сол жерге бесік тербеткен ананың мүсінін орнатты. Сондайақ, Тоқа руының ұрпақтары Сәкен Сейфуллин атындағы жаңа саябақтың құрылысын қолға алды. Ақтау, Ералиев, С.Сейфуллин селолық округтерінің тұрғындары өз қаражаттарына ауыл қақпасын (арка) орнатты. М.Жұмажанов ауылының тұрғындары да өз күштерімен ауыл саябағының ашылуына мұрындық болды. «Туған жерге ту тігіп», аудан мерейтойына тамаша тарту жасаған азаматтардың қатарында өзіңіз де бар емессіз бе?! Сіздің өз қаражатыңызға 90 түп қарағай еккен азаматтығыңызды неге айтпасқа?

С.Сейфуллин атындағы аудандық тарихиөлкетану музейінің 35 жылдығы осынау мерейлі мерейтойлармен тұспа-тұс келіп, музей залдарына жаңғырту жұмыстары жүргізілді. «Сәкен Сейфуллин өмірі мен шығармашылығы» залында экспозиция толығымен жаңартылды.

Мұның сыртында, қаншама мерекелік, танымды шаралар ұйымдастырылып жатыр. Жыл басында облыстық деңгейде Сәкен Сейфуллин атындағы дәстүрлі әншілер байқауын өткіздік. Ол аз десеңіз, осымен екінші жыл қатарынан «Арқа Аруы» байқауын ұйымдастырдық. Жалпы, осы қос мерейтой аясында мәдениет саласында 1300, білім саласында 220, жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен 15, кітапхана жүйесінде 55, спорт саласы бойынша 30 шара ұйымдастырылыпты. Соның барлығы Сәкен бабамыз бен аудан мерейтойына арналды.

Айтпақшы, бұл мерейтойдың ең басты олжасы – Жаңаарқа өзінің бренд қымызымен Гиннестің рекордтар кітабына енуінде. Той бағдарламасындағы бір сәтте 1000 күбімен 10000 литр қымыз пісу шарасы Жаңаарқаның даңқын алты құрлыққа танытады деп отырмыз.

– Қос мерейтойдың қайсысына басымдық беріп отырсыздар?

 – Жаңаарқа мен Сәкен – егіз ұғым. Екеуін бір-бірінен бөле-жарып қарауға мүлде болмайды. Жаңаарқа – Сәкен сынды қыранның тұғыры, алтын ұясы. Ал, аудан атауын Жаңаарқа деп өзгерткен – Сәкен.

– Рахмет! Мерейтой бағдарламасында ауқымды шаралар қамтылған екен. Шығынын кім көтеріп жатыр?

– Мерейтой шығындарына аудандық бюджеттен бір тиын бөлінген жоқ. Ауданның Атымтай Жомарт азаматтары, осы өңірдің Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Жезқазған секілді қалаларда қызметте жүрген тумалары ел намысы деген патриоттық сезіммен той әзірлігіне ерте бастан-ақ кірісіп кеткен. Өндіріс орындары мен бюджеттік сала қызметкерлері бір күндік жалақыларын ерікті түрде аударып, елдегі тойға елеулі үлес қосты.

Аламан бәйгенің бас жүлдесіне «Nissan Terrano» автокөлігін «Бірлік» шаруа қожалығының жетекшісі Қуат Ахметов, топ жарыстың бас бәйгесіне «Гранта» автокөлігін ауданның қадірлі ақсақалы Икен Ақылбеков, қазақша күрестің 74 келі салмақ дәрежесіндегі бас жүлдесіне «Гранта» автокөлігін «Жанболат» шаруа қожалығының жетекшісі Малдыбай Сүлейменов, түйе палуанға тиесілі тағы бір автокөлікті Нұрлан Ахметов бауырымыз тігіп отыр. Той шығынына қомақты үлес қосып отырған демеушілер легін белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Оралбай Әбдікәрімов ағамыздың бастап тұрғанын қалай айтпасқа?! 5 миллион теңгенің 715 тонна көмірін тегін берген «Saryarqa Energy» ЖШС (атқарушы директоры Нұрлан Жүнісов, директоры Сергей Усик), қомақты демеушілік көрсеткен «KazZINC» ЖШС (директоры Сергей Бартош), «Алатау Тұмар» ЖШС (директоры Аида Дөненбаева), «ATAYURT» ЖШС (директоры Қанат Қосдәулетов), «INHSAAT инжиниринг» құрылыс фирмасы, фермерлер Қайрат Көпбаев, Жанболат Жуанышбаев, Бейбіт Жетпісбаев, кәсіпкерлер Нұрсұлтан Қасымбеков, Серік Тойымбаев, Батырхан Дүйсенбаев, Бағлан Салжанов, Айдар Беков, Серік Базарбеков, Бағдат Бекежанова, «Жеңіс» АҚ бас директоры Кәдірбек Мейрамбеков, қарағандылық жерлестеріміз Қазкен Мүсілімов, Әбіл Қалиакпаров, Айдос Сәтжанов, алматылық Жаңабай Сәтжан сынды жүрегі жомарт азаматтарға алғысымыз шексіз.

 – Тамаша! Сүбелі сұхбатыңыз үшін рахмет! Мерейтой құтты болсын!

Сұхбаттасқан Ерсін МҰСАБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button