Жаңалықтар

Қытайды қайран қалдырды

Жерлесіміз Бұқар жырау ауданы Ботақара ауылында тұратын қобызшы Шахназе Ильясова Қытайдың Санья қаласында өткен «Жасыл айдаһар» байқау­фестивалінің жеңімпазы атанып, Арқа жұртының мерейін тасытты. Шахназе Батырхан Шөкеновтің «Отан Ана» композициясын өз интерпретациясымен шебер орындады.

Ауқымды байқауға қатысушылар ұлттық аспаптарда ойнау, вокал, хореография, хор, театр шеберлігі, дизайнерлік іс және бейнелеу өнері сынды бірнеше аталым бойынша өнерлерін паш етті.

Шахназе Ильясова «Ұлттық аспаптарда ойнау» номинациясында нағыз шебер қобызшы (прима-қобыз) екенін танытып, бірінші орын алды.

– Өнер байқауында жеке өнер көрсеттім. Батырхан Шөкеновтің «Отан Ана» композициясы – жаныма жақын. Түпнұсқадан өзгеше орындап шықтым. Осы жеңістің арқасында «Жасыл айдаһар» фестивалін ұйымдастырушылар өткізетін кез келген халықаралық байқауға тегін қатысу құқығын жеңіп алдым. Мәселен, олар алдағы уақытта Испания мен Венгрияда байқау-фестиваль өткізеді. Олардың қайсысына баратынымды әлі шешкен жоқпын, – деп атап өтті Шахназе Ильясова.

Жеңімпаз қобызшы Ботақарадағы «Руханият» қосымша білім беру орталығында жас буынға қобыз үйретіп жүр. Шахназенің жетекшілігімен оннан астам бала ұлттық аспапты меңгеріп жатыр.

Бұл – Шахназенің жалғыз жеңісі емес. Атап айтсақ, ол былтыр Golden Time Talent халық­аралық онлайн байқауында бірінші орынды иеленген. Одан бөлек, таланттар конфедерация­сының гауһар одақтастарының тізіміне енді. Сонымен қатар, оның есебінде облыстық және республикалық байқаулардағы көптеген жеңіс бар екенін атап өткен жөн.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Сурет облыс әкімдігінің сайтынан
Бұқар жырау ауданы

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button