Жаңалықтар

Ысырап

Оның оңғаны жоқ. Әсіресе, соңғы сорақысы — қымбат уақытты қор қылу.

Күн өткен сайын ғұмыр қысқарып, өлім “мысық табандап” жақындай түсетінін бала-шаға болмаса, шал-шауқаннан бастап, бәрі — біледі. Бірақ, айтпағым бұл емес.

Сөз виртуалды әлемде адасып жүрген ағайынға арналады.

Мынау жалған дүниеде адам табиғатын толық түсінген тірі пенде таппайсың. Мен солай ойлаймын. Небір ғұламаның ғұмырына үңілсең, әйтеуір, бір “әттеген-ай!” алдыңнан шығады. Жұғымсыз қылық пен жағымсыз әдетке бой ұрып, қысқа ғұмырын “қор қылып жүрген” ағайын жөнінде сөз қысқа…

Араққа, темекіге, құмаройынға, тіпті, зинақорлыққа тәуелді болып қалған адам кездеседі. Ол үшін мынау “мәнсіз өмірде” сол өзі тәуелді болған нәрседен басқа қызық қалмайды. Сондай сойқанның тағы бір түрі — әлеуметтік желі.

“Еңбектеген баладан, еңкейген қартқа” дейін компьютерге жіпсіз байланған. Басқасын былай қойғанда, “бесіктен белі шықпаған” баланың да қолында — қалтафон немесе планшет. Шылдырмақ ұстатсаң, лақтырып жібереді.

“Әлеуметтік желі” сырқатына шалдыққан адам жүрдек көлік жүргізіп келе жатып та, тамақ ішіп отырып та, ұйқыға бас қояр алдында да қолындағы алақандай мониторға мөнтеңдей береді. Ең қорқыныштысы — оған одан басқа ешкім де, ештеңе де керек болмай қалады.

Ол жақыны жан тапсырып жатқанда да қайғыра алмайтындай жағдайға жетуі мүмкін. Шындығында, бұл — адам санасын улау арқылы қоғамға төнген қатер. Айта берсе, бұдан келетін қауіп оның пайдасын он орап алатын түрі бар.

Осы күні қамшының сабындай қысқа ғұмырдың көбі онсыз да теледидар мен телефонға телмірумен өтеді. Бәрі — еліктеу мен солықтаудың салдары. Есіл уақытты бағалай білмегендіктен! Ерік-жігердің осалдығынан!

Қысқасы, өзім үшін осы арақ қою мен темекі тастағанан қиын болып тұр!

Әлібек ӘБДІРАШ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button