Бас тақырыпОблыс әкімі

Қыс қыр астында: әзірлік қандай?

Жылу беру маусымына тиянақты дайындық жайы облыс әкімдігінде өткен аппарат мәжілісінде тағы бір пысықталды. Облыс орталығы Қарағандыдан бастап, қала-аудандар әзірлік туралы аймақ басшысына мәлімдеді. Мұның сыртында аймақ басшысы Ерлан ҚОШАНОВ мәдени-әлеуметтік маңызы зор нысандардың отынмен жабдықталуына баса назар аударды. Өңірлерге отын жеткізуде олқылықтар орын алған ауданқалалар жылу беру маусымы басталғанға дейін бәрін жіптіктей қылатындарына сендірді. Ал, жылу беру 1 қазаннан басталады.

Қарағанды қаласы әкімі Нұрлан Әубәкіров бүгінде негізінде дайындық жұмысы толықтай жүргізілгенін айтады. Тіршілікті қамтамасыз ету жөніндегі нысандарда жоспарланған шаралардың барлығы аяқталуға жақын. ЖЭО-1, ЖЭО-3-тегі қажетті мазуттың қоры нормаға сай. Қазандықтар және турбиналар бойынша жөндеу жұмыстары жүз пайыз мәреге жеткен. Қосымша жұмыстар келісілген, бекітілген кесте бойынша жүргізілуде. Кестеден қалыс қалу жоқ. Қазіргі таңда магистральді желілерді толтыру жұмыстары қолға алынған. Жылу 1 қазаннан жіберіле бастайды. Ең алдымен, Қарағандыда балабақшалар, мектептер, ауруханалар жылуға қосылады. Ал, «Нұрлы жол» нысандарында технологиялық құрылғылар бойынша жұмыстар аяқталған. Яғни, 1 қазанда жылумен Қарағанды қаласындағы барша нысан қамтамасыз етілетіндігін атап отыр.

Балқаш қаласындағы жұмыстар да кестеге сай жүргізіліп отырса керек. Теміртауда үшінші қазандық бойынша жұмыстар аяқталуда. ЖЭО-2-нің 5 қазандығымен жылу маусымын бастамақ. Екінші кезең бойынша жұмыстар күшейтілген. Қосымша күштер жұмылдырылатын болады. «ГРЭС-1» бойынша 2 қазандық жұмыс істеп тұр. Үшінші қазандықта жұмыстар жалғасуда. Жылу беруге әзірлік – үздіксіз.

Жезқазған қаласы болса, тұрғын үй, әлеуметтік, мәдени нысандар 100 пайыз дайын дейді. Желілер де, жылу электр орталықтары да жылу беруді қамтамасыз ететін жағдайда. Ай соңында жылу жіберуге әзір. Шахтинск қаласы да жылу маусымына дайындығын мәлімдеуде. Отын, көмір жеткілікті дейді.

Облыстағы әлеуметтік һәм мәдени маңызды нысандардың дайындығы хақында сол салаға жауапты басқарма басшылары баяндады. Білім басқармасының басшысы Есенғазы Иманғалиевтің айтуынша, білім ошақтарының дайындығы, яғни, көмірдің жеткізілуі 87 пайыз шамасында. 6 өңірде кешеуілдеу бар. Дегенмен, 30 қыркүйекке дейін 100 пайыз қамтылады деп күтілуде. Ал, денсаулық сақтау нысандарының 99 пайызы сақадай сай. Бұл туралы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев айтып өтті. Көмір жеткізу 87 пайыз көлемінде, десек те, аптаның соңына дейін 100 пайызға жетеді деп жоспарлануда. Мәдени нысандар да қарап қалмаған. Мәдениет ошақтарының да қарекеті ойдағыдай екенін облыстың мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысы Еркебұлан Ағымбаев жеткізді. Спорт мектептерінің де дайындығы 99 пайыз шамасында.

Ал, аймақтағы барлық көмір өндіруші кәсіпорындар штатқа сай тұрақты жұмыс істеуде. Көмір өндірісі 23 пайызға артқан. Өңірлерге бүгінгі таңда 1 млн. 220 тонна көмір жөнелтілген. Көмір қоры жеткілікті. Тіпті, былтырғыдан 1 млн. тоннаға артық. Мысалы, былтырғы жылы 3,8 млн. тонна болса, биыл 4,8 млн. тонна көмір коммуналдық мақсаттарға өндірілген.

Жалпы, аудан-қала арасында әлеуметтік нысандардың отынмен қамтамасыз етілуінде Ақтоғай ауданында алаңдаушылық бар. Алайда, Ақтоғай ауданының әкімі Салтанат Әбеуова көмірдің теміржолмен бүгін-ертең келіп жететінін хабарлады. Мәселе орын алған. Бірақ, аудан әкімінің айтуынша, ол жақын арада шешімін таппақ.

Бұдан соң аппарат мәжілісінде жергілікті полиция қызметінің жұмысы қаралды. Бүгінде аймақта жергілікті полиция қызметінде 2703 маман қоғамның тыныштығын күзетеді. Қызмет құрылған кезеңнен бері кешенді қолданылған шаралар қоғамда құқықтық тәртіпті сақтауға ықпал еткен. Атап айтқанда, аса ауыр қылмыстардың саны азайып, ұрлық-қарлық, зорлық та кеміген.

Полиция қызметін қамтамасыз ету үшін жергілікті билік тарапынан жасалған көмек те өз кезегінде құқықтық тәртіптің нығаюына ықпал жасаған. Қазіргі уақытта жергілікті полиция қызметінің материалдық базасының жаңаруы 65 пайызды құрайды.

Отырыс соңында Ерлан Жақанұлы құзырлы орындар мен тиісті сала басшыларына өзекті де өміршең мәселелерді назарда ұстауды қадап тапсырды.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button