Жаңалықтар

Қысқы спорт кенжелеп тұр

           Жексенбі күні Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өткен қысқы Олимпиада ойындары өз мәресіне жетті. Әлемнің 80-нен астам елінен 5 мыңнан аса спортшы бағын сынаған байрақты бәсекеде Қазақстан құрамасы 1 қола медаль еншілеп, жалпы командалық есепте 28 орыннан көрінді. Дүбірлі додада I орынды 39 медальмен (14-14-11) Норвегия құрамасы алса, II орынды 31 медальмен (13-14-11) Германия иеленді. Ал, III орынды 29 медальмен (11-8-10) Канада спортшылары қанағат тұтты.

Өкінішке қарай, қазақстандық спортшылардың ішінде Юлия Галышева ғана үмітті ақтады. Юлия фристайл жарысынан бірінші және соңғы қола медальды қазақ елінің қоржынына салмағанда, қолқусырып қайтатын едік.

Осыдан-ақ, Қазақстанда қысқы спорт түрлерінің кенжелеп тұрғандығын бағамдай беріңіз. Тарихқа шегініс жасап, өткен күнімізді саралап көрейік. Қысқы Олимпиада ойындары тарихында Қазақстан үшін алғашқы медальды қостанайлық шаңғышы Иван Гаранин жеңіп алған болатын. И.Гаранин 1976 жылы Инсбрук қаласында өткен XII Олимпиада ойындарында екі қола медаль еншіледі. Ал, 1988 жылы Калгариде өткен XV Олимпиада жарыстарында шаңғышылар Владимир Саханов – күміс, Владимир Смирнов қос күміс пен қола медаль алды. 1994 жылы өткен XVII Қысқы Олимпиадаға Қазақстан алғаш рет тәуелсіз мемлекет ретінде қатысып, қанжығасына 1 алтын, 2 күміс медаль байлады. Бұл үш медальдың үшеуін де шаңғышы Владимир Смирнов алып берді. Осы жүлделердің арқасында еліміз жалпыкомандалық есепте 12 орынға тұрақтады.

Міне, сол уақыттан бері Қазақстан спортшылары Қысқы Олимпиада ойындарынан бірде-бір алтын жүлде ала алмай келеді. Бұл жолғы Олимпиада ойындарында халық шаңғышы Алексей Полторанин алтын медаль алады деп күткен еді. Амал нешік, ол үздік ондыққа да кіре алмай қалды. Бар-жоғы 15 орыннан бой көрсетті.

1998 жылы Жапонияның Нагано қаласында өткен XVІІІ Ойындарға тағы да шаңғышы Владимир Смирнов қатысып, қола еншіледі. Сондай-ақ, конькимен жүгіруші Людмила Прокашеваға да қола медаль бұйырды. Біздің еліміз 2002 жылы АҚШ-тың Солт-Лейк-Сити қаласында өткен XІХ және 2006 жылы Италияның Турин қаласындағы XХ Олимпиададан жүлдесіз қалдық. Тек, 2010 жылы Канаданың Ванкувер қаласында жалауы желбіреген ХХІ Қысқы Олимпиада ойындарында қазақстандық биатлоншы Елена Хрусталева жекелей сында күміс медальды жеңіп алды. 2014 жылы Ресейдің Сочи қаласында өткен Қысқы ойындарда мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен қос бағдарлама бойынша 255,1 ұпай жинап, Қазақстан қоржынына қола жүлде салды. Биыл Денис Тенді қысқа бағдарламада үздіктер қатарынан көре алмадық.

Әріге бармай-ақ, кейінгі 8 жыл ішінде Қазақстаннан алтынмен апталмаса да, күміспен күптелген спорт­шының шықпағаны көңілді көн­шітпейді. Жеріміз қысқы спорт түрімен шұғылданушыларға қолайлы. Алты ай қар жатады. «Медеу» спорт кешенін айтпағанда. Баяғыдағы қаражатсыз қалған жылдар да ақырын жылжып артта қалды. Енді, бізге не жетпей тұр?

Ауылда өскен балалардың есінде шығар. 2-3 сыныптан бастап, мұғалімдеріміз таудан шаңғы тепкізіп, спортқа баулитын. Осы орайда, ауыл спорты базасының құрылымын кеңейту керек пе деген ой келеді. Бірақ, ауылдағы азын-аулақ жұмыс істеп тұрған секцияларда тәрбиеленіп жатқан жасөспірімдер шетел тұрмақ, басқа облыстағы, қаладағы спорт сайыстарына қатысу мүмкіндігінен қағылып жүр. Баласының жолақысын, жатын орнын, басқа да шығындарын ауылды жерде тұратын отбасының қаржылық әлеуеті көтере алмай, бағы мен бабын сынайтын сайыстарға қатыспаған жас спортшылардың сағы сынып жүргені анық. Айта берсек, «әләулайлым мен хәләулайлымыз» таусылар емес.

Қысқы спорт түрлерінің көсегесі қайтсе көгереді?

Нұрдос КӘРІМ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button