Бас тақырыпОблыс әкімі

Қысқа қамданыс – қарқынды

Кеше биылғы жылу беру маусымына қатысты мәселелер қаралған жиында облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ аптаның соңына дейін тұрғындарды жылумен қамтамасыз етуге жүз пайыз әзір болуды тапсырды. Аймақ басшысы өткізген кезекті жиында халықтың көмірмен қамтамасыз етілу барысы, күзгі жиын-терім, сондай-ақ, жұмыссыздар мен өз бетінше нәтижесіз жұмыспен қамтылғандардың қызметін рәсімдеу жұмыстары туралы мәселелер қаралды.

ЕГІН ОРАҒЫНДА ОЛҚЫЛЫҚ ЖОҚ

 Егін орағы науқаны жөнінде облыс әкімінің орынбасары Серік Шайдаров баяндады.

 – Биылғы жылы ауыл шаруашылығы дақылдары егіс алаңы ұлғайтылып, ауқымды жұмыстар атқарылды. Бүгінгі күні 282 мың гектар жердің астығы жиналды. Әзірге, 306 мың тонна астық қамбаға құйылды. Орташа өнімділік – 10,8 ц/га құрайды. Жоспарға сәйкес 91,7 мың тонна тұқым жиналуы керек. Осы жылы егіс көлемі 6,0 мың тоннаға дейін артты. Ауыл шаруашылығы құрылымдарында 3,7 мың гектар жиналды. Оның 40%-ы картоп өнімі. 84 мың тонна көкөністер жиналып, тиісті орындарға жеткізілді. Жалпы, 704 гектар жиналып, 18,6 мың тонна өнім алынды. Орақ науқаны жақсы қарқынмен және төтенше жағдайсыз өтуде. Кей алқапта күзгі жұмыстар жүргізіліп, болашақ егіннің қамы жасалуда, – деді Серік Шайдаров.

 Облыс әкімі ауыл шаруашылығы басқармасы алдына бірқатар міндеттер қойды. Бұл бағытта мал азығын дайындауды жалғастырып, келесі маусымға әзірленетін тұқым сапасын тексеруді, егіс алқаптарын және суармалы жерлерді ұлғайтуды, ауыл шаруашылығы кооперативтерін, ауыл шаруашылығының дәстүрлі емес түрлерін дамытуды тапсырды.

– Біз ауыл шаруашылығы өнімін ұлғайту арқылы облысты толығымен жергілікті көкөніспен, етпен және сүтпен қамтамасыз ете аламыз. Егін орағын аяқтайтын уақыт жетті. Күн суытып келеді. Бұқар жырау, Осакаров аудандарының шаруашылық алқаптарындағы егін орағын ширату керек, – деді аймақ басшысы Ерлан Қошанов.

ЖЫЛУ БЕРУ МАУСЫМЫНА ӘЗІРЛІК ҚЫЗУ

 Биылғы жылы коммуналдық инфрақұрылымдар ғимараттарын әзірлеуге жергілікті бюджеттен қаржы қарастырылған болатын. Осы жылы жылыту маусымы аяқтала салысымен, жаңадан дайындық басталып кетті.Тұрғын үйлер мен басқа да нысандарда дайындық жұмыстары жүргізілген. Аса назар аударуды қажет ететін нысандар да назардан тыс қалмаған. Сондай-ақ, жылу беру маусымына облыс 95 пайыз дайын екендігі айтылды. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Анатолий Шкарупа баяндап, өңірдің алдағы жылу маусымына дайындық барысын бақылап отырғандығын тілге тиек етті.

– Бүгінгі күнде кәсіпорындарда көмір өндіру жұмысы кестеге сай жүргізілуде. Бұрынғы жағдайларды болдырмау үшін көмір жеткізу тәжірибесі бойынша жұмыстар дер уақытында қолға алынды. Өндірістік бағдарламаға орай көмірді өндіру және жөнелту мәселесін жолға қойдық. Барлық кәсіпорындар қажетті арнайы техникамен жабдықталып, қамтамасыз етілген. 8 айдың қорытындысы бойынша көмір өндіру 14 млн. тоннаны құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда көмір өндірісі 9,5%-ға өскендігін көрсетеді. Сонымен қатар, көмір қоры сақтаулы тұр. Приозерск және басқа қалалар, Жаңаарқа, Қарқаралы, Ақтоғай аудандары толықтай көмірмен қамтылады. Барлығы облыс бойынша 38 көмір нүктесіне тасымалданады.

Ал, жылу беру маусымына дейін жөндеу жұмыстары ыңғайланып қалады. Қазіргі таңда күзгі және қысқы кезеңіне тіршілікті қамтамасыз ету нысандары, әлеуметтік сала және тұрғын үй дайындық жұмыстары аяқталуға жақын. Қысқа дайындық деңгейінің жоспар көрсеткіші 95%-ды құрайды. Жылу маусымына дайындық кестеге сай жүргізіліп жатыр. Қалыс қалған жоқпыз, – деді Анатолий Шкарупа.

 – 1 қазанға дейін қысқа дайындық аяқталу керек. Жаңаарқа ауданы әлі күнге дейін толық көмірмен қамтылмаған. Қыс болса қыр астында тұр. Мектептердің көбіне көмір түспеген. Жылыту маусымына жауапты барлық басшыларға жеке жауапкершілік жүктелетінін ескертемін. Аудандардың әкімдері әлеуметтік мекен-жайларға жылу берілу жайын көздерімен көріп, отын қорын қадағалауы тиіс, – деп атап көрсетті облыс әкімі Ерлан Қошанов.

Баяндамашыларды мұқият тыңдаған аймақ басшысы күн тәртібінде қаралған әрбір мәселе бойынша сала жетекшілеріне тапсырмалар жүктеді. Әсіресе, Қарағанды өнімінің базар нарығына шығуына жағдай жасалу қажеттігін атап өтті. Құрылыс нысандарын салып, коммуналдық жүйелерді реттеуде мерзімінен кешіккен мердігерлерді анықтап, жалпы тізімнен шығаруды айтса, жұмыспен қамту мәселесінде берілген тапсырмалар орындалмай жатқан аудан, қалалардың жұмысына екпін қосуды тапсырды.

Нұрдос КӘРІМ,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button