Қырқыншы жылдар. Арқаның қысы
Ай туды шалқалап,
Сәулесі өлімнің елесін билетіп.
Тағы да қыс келді Арқаға,
Кебінін сүйретіп.
⠀
Ақырғы ақырет түніндей,
Азаптай кеудені тырнаған:
Қарлагта өксіген сәбидің үніндей,
Уілдеп тұр боран.
⠀
Қар басқан томпайған қабірлер,
Белгісіз молалар толған кең аңыз-ды –
Жендеттер зорлаған зәбірлеп,
Жесірдің құрсағы тәрізді.
⠀
Белгілі, белгісіз… тоңғаны
Қара жер қарс айырыла қақырап.
Үсіген сәбидің қолдары –
Бұтада ілінген жапырақ.
⠀
Таниды-ау анасы, таныса,
Жылайды-ау жамырап, қауышып.
Ұлып тұр боранмен жарыса,
Жетімдер дауысы.
⠀
Тәніне тастай боп тоң қатқан,
Дөй дала дөңбекшіп түс көрген не түрлі:
Түрмеде түршігіп толғатқан,
«Халық жауының» жесірі секілді…
Серік САҒЫНТАЙ.