Виталий Тварионас: «Шарасыздықпен емес, сауатсыздықпен күресуіміз керек»

Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қоғамның барлық саласын қамтиды, оның ішінде қоғамдық сананың жаңаруы басты орында. Қазақстандықтар қалыптастыратын қоғамдық сана олардың құндылықтарымен, идеяларымен қатар, мәдениет, салт-дәстүр, ұлттық болмыс деген түсініктеріне сүйенеді. Бұл ретте түрлі этностардан құралған еліміздің ұтары көп. Ұлттық құндылықтарды жаңғыртуды көздейтін бағдарлама турасында Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, облыстағы «Lituanica» литва этномәдени бірлестігінің төрағасы Виталий ТВАРИОНАСПЕН аз-кем сұхбаттасқан едік.

– «Рухани жаңғыру» бағдарламасының этномәдени бірлестіктерде жүзеге асырылуы туралы айтып берсеңіз.

– Елбасының бұл бағдарламасы қазақстандықтар арасында үлкен қолдауға ие болды. Біз Мемлекет басшысының саясатын түсіндіру, халыққа жеткізу бойынша барлық аймақтарда жұмыс жасадық. Сонда халықтың оны жақсы қабылдағанына көзім жетті. Бұл айтылды, бітті, ертең істеледі деген шаруа емес. Оның орындалуы бірте-бірте болады. Бағдарлама барлық қазақстандықтарға арналғандықтан, біздің этномәдени бірлестік те үлесін қосады. Осы бағытта түрлі шаралар ұйымдастырылды. Қазақстанда Литва елінің құрметті консулдары бар. Солардың бастамасымен бірқатар іс жасалды. Мәселен, былтыр «Литовский двор» кешені іске қосылды. Біздің барлық жобаларымыз сонда жүргізіледі. Мен Литвадан келген бизнесмендер жоба бастаса, әсіресе, құрылыс салса қуанамын. Ол ғимарат қанша қолданылса да түбінде Қазақстанда қалады.

– Этномәдени бірлестіктерді толғандырған мәселелер бар ма?

– Қазақстанда этнобірлестіктер үшін барлық дерлік жағдай жасалған. Біздің облыста ашылған Достық үйінің өзін сарай деуге болады. Көптеген елдерде болдым, оның ешбірінде біздегідей мүмкіндік жоқ. Әлеуметтік қолдау жоғары деңгейде. Этномәдени бірлестіктерді бейберекет құра салмайсыз. Ол өзін-өзі қамтамасыз ететін болғандықтан, оның жұмысын тұрақты жүргізу үшін бизнес қауымдастықтарды тарту қажет. Біз Литва Республикасына этномәдени бірлестікті құрғаннан кейін бір-ақ айттық. Одан кейін байланыс жанданды. Қазір бірлестікте 2 мыңнан астам этникалық литвалықтар бар. Біздің осындағы генофонд пен мәдениет Литвада тұратындардан жақсы сақталған. Ол жақтағылар басқа мемлекеттермен тығыз интеграция нәтижесінде өз болмысын жоғалтуда. Бізге келгенде қызығып қайтады. Мұның барлығы осы бағытта дұрыс жүргізілген саясаттың нәтижесі деп білемін. Қазақстан халқы Ассамблеясы – үлкен күш.

– Биыл барлық этномәдени бірлестіктер аккредитациядан өтетін болады. Бұл шараның мақсаты неде?

Кез келген этномәдени бірлестік өзінің бағдарламасымен жұмыс жасайды. Олардың негізгі міндеті жиындарда қол соғып отыру емес, қоғамдағы мәселелерге өз көзқарасын білдіру, оларды шешуге ат салысу. Бірлестік болған соң ол бір адамның жұмысы емес, онда жүйе қалыптасуы керек. Өзінің базасы болса, қоғамдық өмірге белсене араласса, түрлі ретсіздіктер орын алмаса этномәдени бірлестік үшін қосымша мүмкіндіктер туындайды. Аккредитациядан өткен этномәдени бірлестіктерге Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы этномәдени бірлестік мәртебесі беріледі. Мемлекет, жергілікті әкімдік тарапынан бөлінетін гранттарға ие бола алады. Бізде бір этностың екі этномәдени бірлестігі кездеседі. Аккредитациядан өтерде екі көшбасшының біріккені дұрыс. Алдағы уақытта аталмыш шара үш жылда бір рет өткізілетін болады.

– Сіздің Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары болғаныңызға жылға жуықтады. Осы уақыт ішінде өз жұмысыңыздың қандай нәтижесін атап өте аласыз?

– Бұл – сөзсіз өте жауапты әрі құрметті қызмет. Елбасы төраға ретінде өзінің орынбасарларын ешқандай ведомствоға кіріптар емес, қоғамдық бірлестіктерден тағайындады. Жер-жерлерде Мемлекет басшысының саясатын дұрыс жеткізу және ол аймақтағы халықтың ахуалынан шынайы хабар беру міндеті таңылған. Қазақстан азаматының мейлі мұғалім, механик, аспаз, кім болса да «дәл қазіргі таңда менде бәрі жақсы» деп айта алатындай болуы керек. Бірақ, көп жағдайда бізде олай емес. Мәселен, Астанаға көп халық қоныс аударады. Олар өздерінің келгені туралы хабар бермейді, соның нәтижесінде мемлекет көрсететін әлеуметтік көмектерден қағылады. Бұл қоғамдық маңызды жұмыстардың жүйесіздігінен деп ойлаймын. Жалпы, бұл мәселелердің барлығы шарасыздықтан емес, көп жағдайда сауатсыздықтан орын алып отыр. Халықтың ақпараттан тысқары қалуы да осы жайттардың себебі. Мемлекет басшысы осы мәселелерге баса ден қойып, әлеуметтік түйіндердің шешілуін тапсырды.

 – Сұхбатыңызға рахмет.

Сұхбаттасқан Жансая ОМАРБЕКОВА.