Коронавирус

Вирус жұқтырғандар көбеюде

12-қаңтардағы мәлімет бойынша коронавирусты пневмониямен ауырғандар күрт өсті. COVID-19 таратпау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның мәліметіне сүйенсек, 124 адам пневмонияға шалдыққан. Мұның алдындағы тәулікте 25 жағдай тіркелген болатын.

 

Коронавирус пен коронавирусты пневмония жұқтырғандарды бөліп санағаннан бері Қазақстанда пневмонияның 46 499 жағдайы тіркелген. 34 118 адам жазылып шықса, 530 адам қайтыс болды. Оның ішінде 4 адам өткен есептік тәулікте дүниеден өтті. Ал, коронавирус инфекциясынан 8 адам көз жұмды.

Жаңадан анықталған 766 адамды есепке алғанда ел бойынша коронавирус жұқтырған 164 477 адам тіркелді. Соның 150 427-сі жазылып шықты.

Денсаулық сақтау министрлігінің 12-қаңтарда ұсынған дерегі бойынша 23 524 адам коронавирустан ем алып жатыр. Жағдайы ауыр – 267 адам, аса ауыр халде – 58 адам бар. ӨЖЖ аппаратында 42 науқас жатыр.

Қарағанды облысында жаңадан 39 адамда коронавирус ПТР әдісімен анықталды. Облыс бойынша барлығы 12 531 адам тіркелген. Осы уақытқа дейін 11 764 адам бұл індеттен айықты.

Сейсенбіде «қызыл аймаққа» кірген Ақмола және Қостанай облыстары әлі де сонда. Олар бойынша матрица өзгерген жоқ. Ал, «сары аймақта» Атырау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстары, Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласы бар. Аталмыш қалалар коронавирус инфекциясының ең көп таралған аймақтары қатарында. Сондықтан, карантиндік шараларды күшейту туралы кеше айтылды. Алматы облысында 13-қаңтардан бастап демалыс күндеріне локдаун жарияланды. Ал, Нұр-Сұлтан қаласының бас санитарлық дәрігері Сархат Бейсенованың айтуынша, Елордада қосымша карантиндік шектеулер енгізілуі мүмкін.

– Нұр-Сұлтан қаласы «сары» және «қызыл» аймақтардың шекарасында тұр. Халықтың жаңажылдық мерекелерде санитарлық талаптарды сақтамағаны себебінен ПТР тапсырып жатқандар екі есе артты, – деді С.Бейсенова.

Жалпы, Қазақстан коронавирус бойынша «сары аймақта».

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button