Жаңалықтар

Ванцетти – Бансет

Топар кентінде тұратын 85 жастағы ақсақалдың есімі осындай. Бұрын-соңды қазақ арасында мұндай атты естімеген едім. Сұрай келгенде, азан шақырып қойған аты Ванцетти екенін білдім. Келе-келе ел айтылу ыңғайына қарай «Бансет» деп кетіпті. Оны 1938 жылы жазықсыз жаланың құрбаны болып, небәрі 38 жасында атылып кеткен әкесі Кәрібай Салықовтың өзі қойған көрінеді.

Бансет ақсақал мен Нақтай апай

Сол кезде Қарағанды облысының Қоңырат аудандық атқару комитетінің төрағасы болып тұрған Кәрібай Салықов 1938 жылдың 5 наурызында дүниеге келген ұлына Ванцетти деп ат қояды. Тәрізі сол уақытта басшы қызметтегі қазақ азаматтарының балаларын заманының салтымен Мэлс, Стал, Серго, Ким атандырған үрдістен ол да қалғысы келмеген сияқты. Ал, ол таңдаған Бартолемое Ванцетти жолдасы Никола Саккомен бірге, «американдық жұмысшылардың құқығын қорғағаны үшін үш адам өлтірді» деген жалған айыппен 1927 жылдың 23 тамызында, Массачусетс штаты сотының үкімімен электр орындығына отырғызылып өлтірілген итальяндық революционер-анархист болатын. Бірақ, жаңа туған сәбиінің шілдеханасын жора-жолдастарымен атап өткен Кәрібай артынша өзінің де ұсталып, солардың кебін киіп, ажал құшарын қайдан білсін. «Антисоветтік ұйымға мүше болып, зиянкес әрекеттер жасағаны үшін» 1938 жылдың 31 наурызында тұтқындалған Кәрібай Салықов сол жылдың 26 қазанында Қарағанды облысы бойынша НКВД үштігінің үкімімен ату жазасына кесілді. Үкім үш күннен соң орындалған. Аталас ағайындары Сәкен Сейфуллин мен Абдолла Асылбековтің «Халық жауы» ретінде оққа байланғаны оны да қармағына іліп әкеткен. Және бұл екеуімен Жаңаарқа ауданының Жаңаталап ауылында (кейіннен Сәкен Сейфуллин атындағы кеңшар) бірге өскен. Басшы қызметте жүргенінде олардың әкесі Сейфолла мен Мүсәпірге көмектесіп, қарайласқаны да басына пәле болып жабысқан. Қазір оның қайда атылып, қай жерде жерленгені әлі белгісіз.

Кәрібай Салықов Қарағанды облыстық сотының 1959 жылдың 12 қарашасындағы Қаулысымен ақталған соң кезіндегі СОКП Орталық Комитеті жанындағы Марксизмленинизм институтының Орталық партиялық мұрағатының меңгерушісінің орынбасары Ю.Амиантов пен ғылыми қызметкері А.Ершов қол қойып, 1991 жылдың 30 қаңтарында Бансет Салықовтың атына жолдаған хатынан оның еңбек жолынан дерек алдық. Онда былай деп жазылған: «… Салыков Карибай, 1900 г. Рождения, член коммунистический партии с 1929 г.

С января 1916 г. ал июнь 1925 г. – крестьянин в сельском хозяйстве, аул Молха (қазақша – Молқы) Акмолинского уезда и губернии. Июнь 1925 г. – июль 1926 г. – делопроизводитель Жанааркинского волисполкома, аул Карауыл тобе Акмолинской губ. Июль 1926 г. – август 1927 г. – заведующий налоговым отделом Жанааркинского волисполкома. Август 1927 г. – июль 1930г. – зав. райфинотделом, председатель райколхозсоюза, Казгородок Нура Нуринского р-на Каз. ССР. С мая 1932 г. и на июль 1936 г. (время заполнения документа) – заместитель директора Маржанкульского молмясосовхоза, с.Морозовка Нуринского р-на Каз.ССР».

Ал, жұбайы Айшаның атына Қарағанды облысының мұрағаты 1961 жылдың 11 шілдесінде берген анықтамада Қоңырат ауаткомы президиумының 1937 жылдың 7 шілдесіндегі Қаулысымен Кәрібай Салықовтың Қоңырат аудандық атқару комитетінің төрағасы болып тағайындалғаны жазылған. Яғни, ол осы қызметте жүргенінде қамауға алынып, түрмеде 6 айдан аса жатып, 1938 жылдың 29 қазанында атылған.

Саяси қуғын-сүргін құрбаны Кәрібай Салықов

Жазықсыз жаланың құрбаны болған есіл ердің есімі қашан ол 1959 жылдың 12 қарашасында Қарағанды облыстық соты ісінде қылмыс құрамы жоқтығынан толық ақтағанша құлыптаулы жатты. Аталған облыстық сот төрағасының міндетін атқарушы С.Васильев жіберген анықтамада солай көрсетілген. Ал, партиялылығын бұрынғы Жезқазған облыстық партия комитетінің бюросы тек 1990 жылдың 26 маусымдағы Қаулысымен қалпына келтіріпті. Оған осы обкомның партиялық бақылау комиссиясының төрағасы В.Воробьев қол қойып жіберген. Орда бұзар отыздың ішінде шейіт болған азамат туралы баласы Бансеттің қолындағы бар мәлімет пен одан қалған белгі осы 4 құжат пен 1 суреті ғана. Басқадай жеке заттары мен қағаздарын тінтушілер өздерімен ала кетіпті. Ол өзіндегі құжаттардың көшірмесін ҚарЛаг-тың мұражайына тапсырған екен. Біз сонда барғанда, мұражай қызметкерлері осылардан басқа ештеңе тауып бере алмады. Бірақ, Бансет ақсақалдың ұлы Қанат Кәрібай атасының портретін латыш суретшісіне майлы бояумен салдыртып, үлкен үйдің төріне іліп қойғаны көңілге медеу, дәтке қуат болып тұрғандай.

Кәрібайдай аяулы азаматтың ардақты атын оған жабылған жаладан аршып, ақтап алу жолында оның туған інісі, облысқа белгілі режиссер, марқұм Айтуған Салықовтың сіңірген еңбегі зор екенін айтпасқа болмайды. Соның арқасында ол ел-жұртымен қайыра қауышты.

– Әкем ақталған 1959 жылы мен 21 жастағы студент едім. Сол туралы қағаз қолымызға тигенде, не қуанарымызды, не жыларымызды білмедік. Сол күнге дейін «Халық жауының отбасы» атанып, көрген азабымыз бен қорлығымыз бір сәтте ұмытылып, үстіміздегі неше жылғы ауыр жүк түскендей болды, – дейді Бансет ағамыз өткен күнді еске түсіріп.

Жасынан оқуға зерек болған Бансет 1955 жылы Өспен орта мектебін жақсы тәмамдап, сол жылы бірден Қарағанды кен институтының (кейін политехникалық институт, сосын техникалық университет болды) электромеханика факультетіне оқуға түседі. Шамалы мезгілден кейін дипломын қолына алған жас маман Бансет Салықов жолдамамен Қарағанды шахта құрылысы басқармасына машинист-механик болып орналасты. Жары Нақтай екеуі басында пәтер жалдап тұрған еді. Арада көп уақыт өтпей, мұның өмірі мен тағдырына қанық жерлесі, осы басқарманың бастығы Әңгелбай Әлиханов дәл стадионның түбінен 3 бөлмелі үй бергізеді. Оны алысымен Өспендегі Айша анасын қолдарына көшіріп алады. Келер жылы Нақтайы да оқуын бітіріп, мектепке мұғалім болып тұрады. Жағдайлары жақсарып, тұрмыстары түзеле бастайды. Сөйтсе де, анасы ауылға алаңдап, үйге сыймауға айналды. Содан 1962 жылы Өспенге қайта оралып, кеніштің бас энергетигі, 1964 жылы ол жабылған соң, 1968 жылға дейін Қайрақты кенішінің де бас энергетигі қызметін атқарды. Ал, 1968 жылы Қаражал қаласына біржола тұрақтап, сонда 1996 жылы зейнет демалысына шыққанша тұрды. Осы жылдарда қаланың қалай көркейіп, өсіп-өркендегені көз алдында. Жаңадан салынған әлеуметтік-тұрмыстық нысандар, тұрғын үйлер, жолдар, құбырлар осының бәрінде де Атасу кен басқармасы басшысының күрделі құрылыс жөніндегі орынбасары болып үзіліссіз еңбек еткен Бансет Салықовтың да зор үлесі. Сол еңбегі бағаланып, Қаражал қаласының Құрметті азаматы, өз саласы бойынша Қазақстанның еңбек сіңірген энергетигі атанды.

Зейнетке шыққан соң Бәкең мен Нақаң Топар кентіндегі баласы Қанаттың жанына қоныс аударып, осында тұрып жатыр. Осынау тірлікте 63 жыл бірге ғұмыр кешіп, 8 бала, олардан 7 немере, 4 шөбере сүйгізген жанжары Нақтайы қасында, үлкен бір әулеттің басы болып отыр. Сонау қуғын-сүргін кезеңде туып, көзін ашпай жатып жетімдік қамытын киген Бансет-Ванцетти ақсақал осы күніне шүкіршілік етіп, тәубасынан бір жаңылмайды. Айтпақшы, әкесі Кәрібайды тұтқындау актісінде отбасы мүшелерінің бірі қызылшақа сәбидің есімі Ванцетти болып жазылған. Енді, сол Ванцеттиіңіз «мұндай сұмдықты бір баланың басына бермесін» деп тілейді, жатса-тұрса.

Ержан ИМАШ,
Абай ауданы 

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button