Вакцинасы бар ел мықты

«Ақпарат кімнің қолында, әлемді сол басқарады» дегенді, вакцина кімнің қолында болса, басымдық сонда деуге болады бүгінде. Қазақстан – өз вакцинасын шығарған әлемдегі санаулы елдің бірі. Әрі ресейлік «Спутник V-ді» шығарушы қуатты алаңға айналды. Осы уақытқа дейін вакцина алған 2 миллионға жуық қазақстандықтың басым бөлігі дәл осы, қарағандылық кешеннің өнімін пайдаланды.

Былтыр қарашадан бастап бұл істі қолға алған Қарағанды фармацевтикалық кешені шығаратын «Спутник V» Ресейде өндірілгеннен еш айырмашылығы жоқ.

«Қарағанды фармацевтикалық кешені» ЖШС бас директоры Сергей Баронның айтуынша, кешенде дайындалатын вакцинаның 3 сериясы әзірленеді екен. Оның жарамдылығы мен сапасы жіті тексерілгеннен кейін қолданысқа жіберіледі.

Вакцинаны жасау процесін екіге бөлуге болады. Біріншісі, гендік-инженерлік ақуызды әзірлеу, екіншісі, дайын субстанцияны шығару. Генетикалық тұрғыдан бастап вакцинаны толық шығаруға мүмкіндігі бар елдер қатары аз. Ол уақытта Қазақстанда ондай мүмкіндік болған жоқ, қазір ол салынып жатыр. Ал, дайын субстанцияны, яғни, вакцинаны әзірлеуге біздің қуатымыз жеткілікті. Себебі, біз онсыз да биотехнологиялық өнім өндіріп келеміз. Дайын өнім арнайы ыдыстармен біздің кәсіпорынға жеткізіледі. Сол жерде біз мөлшерлеп, шағын ыдыстарға құйып, маркировкасын жабыстырып, шығарамыз,– деп түсіндірді С.Барон.

Бүгінгі таңда ресейлік бұл вакцинаны әлемнің 60-тан астам елінде қолданып жатыр. Еуропалық дәрідәрмектер агенттігі енді ғана зерттеу жұмыстарына кірісті. Аталған агенттік мақұлдаса, «Спутник V» Еуропа елдерінде қолданылатын болады.

Еуропа коронавирус инфекциясына қарсы иммундау шараларын тіпті арттырды. Вирусқа қарсы кемінде бір екпе алған Еуропалық одақ тұрғындарының үлесі 40%-ға жақындап келеді. Статистикаға сәйкес, сәуір айының басында бұл көрсеткіш 15,9% болса, мамыр айында 39,6%-ға жетті. Еуроодақ елдерінің ішінде вакциналау бойынша көш бастап тұрған мемлекеттерінің алғашқы бестігінде Мальта (60%), Венгрия (58%), Финляндия (48%), Кипр (46%) және Бельгия (45%) бар.

Ал, Израильде 1 аптадан кейін пандемияға қатысты енгізілген барлық шектеулер алынып тасталады. Бірақ, шет елден келген туристер үшін шектеулер күшін жоймайды. Тіпті, инфекцияның жаңа штаммдарын әкеліп, оны таратпау мақсатында елге келетіндерге талап күшеюі мүмкін. Мейрамханаларға, барларға және спорт залдарға тек вакцинацияланған немесе «жасыл төлқұжаты» бар адамдар ғана кіре алады.

«Жасыл төлқұжат» демекші, 1 шілдеден бастап Еуроодаққа кіретін елдерде COVID сертификаты жарамды болады. Құжат вакцина алғандарға, аурудан жазылып шыққандарға және тестің теріс нәтижесін алған азаматтарға берілмек. Туризм саласын дамытуға мүдделі Греция, Испания, Кипр, Болгария сынды елдер вакцина алған немесе теріс ПТР анализін ұсынған адамдардың кіруіне рұқсат беру туралы шешім қабылдады. Таңдау беріліп, вакцинаға қол жетіп тұрғанда оны алған ақылға сыйымды.

Әлем вакцинаны пандемиядан шығудың жалғыз жолы ретінде түсініп, оны алып қалуға тырысуда. Біздегі статистика ақпаннан бері 1 991 219 адамның вакцина алғандығын көрсетеді.

Жансая ОМАРБЕК.