Covid-19Вакцинация

Вакцина алғандар саны артуда

13 қыркүйектегі мәлімет бойынша Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентін 7 087 994 адам салдырыпты. Вакциналаудың толық курсын  алғандар саны – 5 906 080 адам. Бұл вакцина алуы тиіс деген халықтың жартысынан астамы екпе алғанын білдіреді.

Ғалымдар вакцина алғандардың қатары артқан сайын коронавирустың  өзгеру мүмкіндігі кеми беретінін айтады. 

– Тезірек вакцина алып, иммундық қорғанышты қалыптастырсақ, коронавирустың мутацияға ұшырауына жол бермейміз. Вакцина алмаған, қорғанбаған адамның ағзасына енген вирус түрін өзгерте береді. Содан «дельта» сияқты қауіпті штамдар пайда болуы мүмкін, – дейді профессор Алмаз Шарман.

Ғалым әлемдік деңгейдегі сарапшылардың бірнеше болжамын атап өтті.

– Бірінші болжамға сәйкес, вакциналар тиімді болып, адамзат пандемияны ауыздықтай алады. Бірақ, өкінішке қарай, бұл толығымен мүмкін емес. Себебі, қазірдің өзінде кең таралған «дельта» вирусы вакциналардан «жалтаратын» жаңа штамдардың пайда болу мүмкіндігін көрсетті. Сондықтан да, екінші болжам бойынша вакциналарға «бағынбай» жүрген коронавирус мутациялары уақыт өте келе жұғу қабілетінен айрылып, қауіпсіз болып қалады. Мәселен, коронавирустың «бразилиялық» немесе «оңтүстік африкалық» сияқты штамдарын қазір ешкім атамайды, естімейміз. Сондай-ақ, үшінші болжам бар. Коронавирустың «дельта» сияқты аса жұқпалы әрі қауіпті тағы бір түрінің пайда болуы мүмкіндігі де болжам ретінде айтылады. Вакцинаға «көнбейтін» штамдар пайда болса, вакциналардың құрамын өзгертіп, ревакцина жасату қажеттігі туындайды, – дейді А.Шарман.

Дегенмен, профессор коронавирустың өзі вирус ретінде шексіз өзгере алмайтындығын, бұл ерте ме, кеш пе бітетінін айтады.

Коронавируспен ауырғандардың ресми статистикасына қарасақ, 99,9%-ы вакцина алмағандар. Тек 0,1%-ы ғана вакцина алғаннан кейін ауырған. Оның саны – 20 211 адам. Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Зәуре Ахметованың мәлімдеуінше, вакцинаның бірінші компонентін алып ауырғандардың саны – 7 070 адам. Екіншісінен кейін індет жұқтырғандар 13 141 адам ауырған. Бұл – 0,2%.
Вакцинаның екі компонентін алғандар арасында коронавирус жұқтыру мүмкіндігі 3 есе аз екенін ағылшындық ғалымдар жүргізген зерттеу нәтижесі көрсетіп берді. Imperial коронавирусты мониторингілеу бағдарламасы 100 мың адамнан талдамасын зерттеу, осындай қорытындыға келіпті. Індет жұқтырған жағдайда да ол жеңіл түрде өтеді. 

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button