Covid-19

Вакцина алғанға жеңілдік бар

Қарағандыдағы «12 месяцев» ЖШС сауда үйінен қажет тауарыңызды 10% жеңілдікпен алу мүмкіндігіңіз бар. Ол үшін 2 кезеңді екпе алсаңыз болды. Әрі қала бойынша жеткізу қызметі тегін.  

– Ұжымдағы барлық қызметкерлер екпе алды. Біздің және сіздің қауіпсіздігіңіз – бәрінен маңызды. Сауда үйінің директорына ұсыныс берген едік. Ол кісі бірден келісе кетті. Қазір қоғамда вакцинацияға қарсы пікірлер толастамай тұр. Соны ескеріп, біздің тараптан шама-шарқымызша қол ұшын беруді жөн көрдік, – дейді сауда орталығының бөлім басшысы Нұрлан Несіпбаев.   

«12 месяцев» Мұндай бастаманы бастаған сауда орталықтарының ішіндегі – бірінші мекеме. Аталмыш акция осы айдың 3,4 және 10,11 күндері өткізіледі. Қала тұрғындары күні бұрын хабарланған ақпараттан құлағдар болған. Кешелі бері сауда үйіне келген жұрттың қарасы көбейген. Ал, бұл шара қалалық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен өткізіліп отыр.

– Әлеуметтің желідегі парақшалардың бірінен сауда орталығында акция жүріп жатқанын естіп, сайман салатын үлкен қорап сатып алуға келдім. Тауарымды 10% жеңілдікпен алдым. Өткен айдың басында шетелдік «Спутник V» вакцинасының 2 кезеңін алған едім. Ешқандай ауырсыну болмады. Қазір маған қоғамдық орындарға шектеу жоқ. Вакцина алған құжатымды көрсетіп, кез келген жерге бара беремін, – дейді тұтынушы Қуаныш Әбілов. Қала тұрғыны Динара Жургараева да аталмыш сауда үйінен жеңілдікпен тауар алған тұтынушылардың бірі. 

– Үйге түсқағаз алу үшін осында келіп ем. Мұнда вакцинациядан өткендерге жеңілдік болып жатқан көрінеді. Ал, мен вакцинацияның бірінші кезеңінен сәуірде, екіншісінен 15 мамырда өттім. Ешқандай ауырсыну болған жоқ. Екпенің арқасында бүгін біраз ақшамды үнемдеп қалдым. Бұл, біріншіден, көпшіліктің денсаулығы үшін жасалған оң қадам болса, екіншіден, сауда үйіне көпшіліктің назарын аудару. Сондықтан барлығы денсаулық үшін екпе алса дейміз. Бала кезден бастап жыл сайын екпе алдым. Екпе мені түрлі ауру мен вирустан сақтайды. Ақ халаттыларға сенім артып, вакцина алғанымыз жөн. Осы індетке тосқауыл болатын – екпе ғана, – дейді ол.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button