Бас тақырыпМәселе

Утильалым дауына нүкте қойылды ма?

Автонарықты бірізділікке келтіреміз деген ниетпен Үкімет утильалымды енгізген болатын. Осы арқылы отандық көліктер көшемізде «зуылдап» жүреді деп сендірді. Содан елімізге шетелден келетін техникаға үстеме ақы қосылды. Дегенмен, көлік бағасы шарықтап кетті. Ушыққан утильалым бағасы жақында 50 пайызға арзандайтыны белгілі болды…

Қашан басталды?

Соған тоқталсақ. 2015 жылы сол кездегі Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев Қазақстанға келетін көліктерге утилизациялық алым (болашақта көлікті утилизациядан өткізуге арналған төлем) енгізуді ұсынды. Ол кезде Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына кірген болатын. Сарапшылар утилизациялық алымды ДСҰ шарты бойынша кеден салығының төмендеуінен туатын «шығынды» жабу үшін жасалған амал деп қабылдады. Сондай-ақ6 министрлік «утилизациялық алымнан бас тартқан күннің өзінде Қазақстанда өндірілген отандық көлік арзандамайды, керісінше, бағасы өседі, өйткені отандық өндірушілер көлік бағасына утилизациялық алымды қоспайды, мемлекет бұл шығынды өз мойнына алады» деп жазды. Утилизациялық алым енгізілгеннен кейін шетелден көлік сатып алу тиімсіз бола бастады. Үкімет осылай автокөліктердің ішкі нарығын дамытуға жағдай жасаған болатын.

2019 жылы ауыл шаруашылығы техникасына да утилизациялық алым енгізілді. Артынша азық-түлік бағасы 15 пайызға өсті. Утилизациялық алым енгізудегі басты мақсат ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңарту болған.

Наразылық неден туды?

Былтыр утильалымның «шектен» шыққаны туралы айтып, петиция жинап, наразылығын білдірген Қазақстанның халықаралық автомобильдік тасымалдаушылар одағы
басшысы Мақсат Сақтағанов: «Қазақстандық тасымалдаушылар көлік сатып алу кезінде мөлшері үлкен утилизациялық алымның ауыртпалығын көтеріп, әу бастан халықаралық нарықтың өзге қатысушыларымен тең емес жағдайда бәсекелесуге мәжбүр. Осыған байланысты халықаралық автокөлік тасымалына арналған автокөлік паркін жаңғырту және толықтыру мақсатында Қазақстандағы утильалымды жоюды немесе оның ставкасын Беларустегі ставкамен теңестіруді ұсынамыз», – деген еді. Одақ дерегінше, Ресей мен Беларусте жүк көлігін бастапқы тіркеу үшін алымдар мүлдем жоқ. Ал, Қазақстанда бұл алымның ставкасы 7 миллион теңгеге дейін жеткен. Сонымен қатар, Беларусте ауыр жүк көліктерінен 2 миллион теңгеге жуық көлемде утилизациялық алым жиналады. Ал, Қазақстанда бұл алым мөлшері 5 979 850 теңгеге дейін барған. Ұйым басшысы осының салдарынан, қазір елде көлік компанияларының машина паркінің тозуы 70%-дан асып кеткенін айтқан болатын.
2021 жылы шілде айында халықтың наразылығынан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Бүгінде бизнестің автомобильдерге, бірінші кезекте жартылай тіркемелі көліктерге салынатын утиль алымды қайта қарау туралы шағымы көп. Бір жүк тартқыш үшін утиль алым орташа есеппен 1 млн. теңге болып отыр. Жүк тасымалдаушылар үшін утиль алымы айтарлықтай салмақ. Бұл автопарктің жаңаруына кері әсер етуде», деген болатын. Осының салдарынан еліміз халықаралық жүк тасымалы нарығындағы табыстың көп бөлігі көрші елдерге кетіп жатқанын да меңзеді. «Қазақстанда халықаралық жүк тасымалына 7,5 мың тіркемелі көліктер жұмыс істейді. Ресейдің халықаралық тасымалында 34 мың, Беларусь елінде 15 мың, Өзбекстанда 8 мың көлік қатысуда. Отандық кәсіпорындар нарықта орнын жоғалтуда. Көршілерімізден ұтылып жатырмыз деген сөз. 2017 жылдан бері отандық тасымалдаушылардың халықаралық тасымал нарығындағы үлесі 1,5 еседен астам қысқарған. Сондықтан, Үкіметке бұл саладағы саясатты жетілдіру, оның ішінде утильалым бойынша ұсыныс дайындау керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

50 пайызға төмендейді

Елімізде сырттан келетін техникаға ғана емес кабельден де утильалым алу жүйесін қосқан болатын. Дегенмен, бірнеше жыл бойы бұл алымға халық қарсы болып келді.

Президенттің тапсырмасынан кейін ақыры жұрт аузында жүрген «ӨКМ Операторы» утилизация алымы үшін ақша жинау құқығынан айырылды. Кейін бұл функцияны мемлекеттік ұйым – «Жасыл даму» АҚ атқаратын болды. Утильалым мөлшерін төмендету жайын текке қозғамадық. Осының алдында Үкімет басшысы Әлихан Смайылов «Автокөлік пен ауыл шаруашылығы техникасына салынатын утильалым мөлшерлемесін айтарлықтай азайту жағы қайта қаралып жатыр», – деген болатын. Ал «алымның жаңа мөлшері қанша болу керек?» деген талқылаулар көп өтті. Ұсыныстар айтылды.

Жақында Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр утильалым мөлшерлемесі 50 пайызға төмендейтінін мәлімдеді. «Атамекен» ҰКП алаңында осы мәселе 4 немесе 5 мәрте талқыланды. Экология, геология мен табиғи ресурстар және Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктері ұйымдастырған бұл талқылауларға сарапшылар қоғамдастығы, тәуелсіз сарапшылар, тұтынушылар да қатысты. Утильалымды мүлдем алып тастап, біздің отандық авто құрастыру саласын дискредитация жасау мақсатында елге қоқыстағы автоларды әкелуді ұсынғандар да болды. Десе де, осының барлығы таразыланып, шешім шығарылды. Автоөнеркәсіпті ынталандыру деңгейі бізге автокөліктің барлық түрлері мен өндірілетін ауылшаруашылық техникаларына салынатын утилизациялық алым мөлшерлемесін 50 пайызға төмендетуге мүмкіндік береді», – деп мәлімдеді ол. Одан бөлек, Склярдың айтуынша, «Жасыл дамудағы» 100 млрд. теңге жеңілдетілген автонесие беруге бағытталатын болады. Несиенің жылдық мөлшерлемесі – 4 пайыз, бастапқы жарна қажет етілмейді. Несие жеті жылға дейінгі мерзімге беріледі. Бұл бағдарламамен еліміздің 71 мың азаматы несиеге көлік алу мүмкіндігіне ие болады. Сондай-ақ, 30 млрд. теңге автобустық паркті жаңартуға бағытталатыны айтылды.

Түйін

Иә, отандық машина жасау өндірісін дамыту еліміздің экономикасы үшін өте маңызды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Марат Қарабаевтың: «Елімізде KIA, Hyundai, Chevrolet, JAC, Лада көлігі құрастырылады. Осы көліктерді сатып алғандар ешқашан утильалым төлемеген. Утилизациялық алым мөлшерін 50 проценттен төмендету немесе мүлдем алып тастау мәселесіне келсек, бұл мүмкін емес, төмендемейді. Импорттық көліктердің басым бөлігі Mercedes, BMW премиум санатындағы машиналарға утилизациялық алым төленді», – деген сөзіне қарасақ, утильалым дауына нүкте қойылғандай ма, қалай?

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ. 

Басқа материалдар

Back to top button