Әуре-сарсаңы көп анықтама немесе ауыл жұртының базынасы
Бүгінгі күні ауылдағы ағайынның бары да, жаны да, байлығы да, майлығы да, шайлығы да – малы. Ешкімге алақан жаймай, біреуге бермесе, бөгдеден бейсауат ештеңе алмай, малын өргізіп, өсіріп, сол арқылы өз жыртығын өзі жауып отырған жайы бар ауыл адамының. Алдындағы адал малын сәтімен саудаласа, сол – жұбаныш. Десек те, бейнеттен бел жазбайтын оларға да анықтамасыз аяқ баспайтын қоғамдағы қағазбастылық оңай соқпайтын сияқты…
БАСЫЛЫМҒА АЙТҚАН БҰҚАРА БҰЙЫМТАЙЫ
Малын – жанының садағасына байлаған ауылдағы ағайын алдындағы түлігін саудалауға шығарарда ветеринариялық анықтама алудағы кедергілерге қапа. Сенбі-жексенбі қала асырып жібергісі келетін малдың етіне демалыс күндері анықтама берілмейтіндігі айран-асыр етіп отыр ауылдықтарды. Ал, ол анықтамасыз шаһардың қасапшылары есік түгілі, тесігінен қаратпайды. Оған қоса, анықтамасы болмаса, қолданылатын әкімшілік жаза, яғни, салынатын айыппұл да ауылдағы ағайынның жанына батса керек. Бір ауыл ғана емес, бүтін ауылға тән бұл проблема – редакцияға оқырмандар тарапынан мәлім болды.
ВЕТАНЫҚТАМА – НЕ АНЫҚТАМА?
Әлбетте, «ауру – астан». Мал өнімінің талаптарға сай екендігін, ешкімге залалы тимейтінін растап беретін маманның анықтамасы арқылы біз денсаулығымызға кепілдік аламыз. Бәрі орынды. Бәрі жөн. Тек ауылдағы ағайынның айтып отырғаны – анықтама алудың демалыс күндері қолжетімсіздігі. Мал өнімін сатуда уақытылы алынбай, қиындықтарға тап болатындығы.
Сонымен, бұл жыр болған анықтамада не айтылады? Соған келейік әуелі. «Ветеринариялық инспекторлардың мемлекеттiк ветеринариялық қадағалау объектiлерiне беретiн ветеринариялық құжаттар (ветеринариялық-санитариялық қорытынды, ветеринариялық куәлiк, ветеринариялық сертификат, ветеринариялық анықтама) туралы ережесі» бойынша ол анықтама мыналарды қамтиды… «Ветеринариялық анықтама – сол әкiмшiлiк аумақта тасымалданатын барлық мемлекеттiк ветеринариялық бақылау жүктерiне ауылдық округтiң, ауданның және қаланың ветеринариялық инспекторы беретiн құжат. Аудан (қала) iшiнде мемлекеттiк ветеринариялық қадағалау бақылайтын жүктердi тасымалдағанда, жүктiң шыққан жерiнiң эпизоотиялық қолайлылығы туралы, малдарды сояр алдында қарау және сойылғаннан кейiн ұша мен iшкi құрлыстарын қарау нәтижелерiне ветеринариялық анықтама рәсiмделедi және берiледi».
Қарағанды облысының ветеринария басқармасының мәлімдеуінше, ветеринариялық анықтама Қазақстан Республикасы аумағында ғана жарамды. Ветеринариялық анықтама 3 нысанда беріледі. Атап айтқанда, тірі жануарлар тасымалы (орны ауыстырылатын объектілер) кезінде, жануарлардан алынатын өнімдерге (ет, сүт, т.б), шикізатқа (мүйіз, тұяқ, т.б) беріледі. Сондай-ақ, «рәсімделген ветеринариялық анықтамалар берілген жерінен межелі пунктіне жеткенге дейін жарамды, ал жануардан алынған сүтке берілген анықтама берілген сәтінен бастап бір ай ішінде жарамды болады дейді басқарма мамандары.
ДЕМАЛЫС КҮНДЕРІ АНЫҚТАМА АЛУ – МАШАҚАТ
Оқырмандардың дәл осы сауалын облыстық ветеринария басқармасына жолдадық. Яғни, сенбі, жексенбі күндері ветеринарлық қызмет саласының жұмыс күні емес. Бұл күндері анықтама берілмейді десек, мал етін саудаға шығарған тұрғындар тығырыққа тіреліп отыр. Осы орайда демалыс күндері анықтама берудің өзгедей заңға сәйкес жолдары бар ма? Бұған басқарма басшылығы алдағы уақытта мамандардың жазбаша келісімімен үстеме жұмыс режимін жолға қоюды ұсынбақ екен.
«Сенбі, жексенбі күндері ветеринариялық станция мамандары үшін заңды демалыс күндері болып саналатындықтан, халыққа көрсетілетін қызметтің тоқтамауы мақсатында ҚР 2015 жылғы 23 қарашадағы «Еңбек Кодексі туралы» № 414-V ҚРЗ-ның 77 бабына сәйкес ұжымдық еңбек шартын жасай отырып, мамандардың жазбаша келісімімен үстеме жұмыс режимін жолға қоюды ұсынамыз» – дейді басқарма басшылығы.
Сөйтіп, ауылдықтардың мал өнімін демалыс күндері сыртқа шығарудағы бір машақаты кемитін болды, бұйыртса. Шүкір дедік. Басылым арқылы бұқараның айтқан базынасы «қаңғыған күшік секілді ұлып жұртқа қайтпағанына»…
«ТӨЛҚҰЖАТСЫЗ» ТҮЛІК ТҮККЕ ТАТЫМАЙДЫ
Ал, жоғарыда айтып өткеніміздей, құжаты жоқ мал өнімдерін тасымалдағандар заң аясынан тысқары қалмайды. Дәлірек айтсақ, ол үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. «Құжатсыз тасымалданған мал өнімдерінің иелеріне ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексі 2014 жылғы 5 шілдедегі № 235-V ҚРЗ-ның 406-бабы, яғни, ҚР-ның ветеринария саласындағы заңнамасын бұзушылықтар бойынша жеке тұлғаларға – жиырма, лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – елу, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – бір жүз, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне – екі жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады» дейді мамандар.
ТҮЙІН
Ауылдағы жұртшылықтың тұрмыстіршілігінде қабырғасына шаншудай қадалған бір мәселенің мәнісін шешуге тырыстық. Бұқараның базынасын құзырлы басқармаға жеткіздік. Оның нәтижесін алдағы уақыт көрсетер. Ең бастысы, басылым бұқара арасына барғанда мойнына алған міндетіне – адал.
Қызғалдақ АЙТЖАН