Спорт

Университет абыройын асқақтатты

Өткен оқу жылында Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің футзал командасы жаңа маусымға дайындықты 1 қыркүйектен бастады. Команда ойыншылары аптасына бес жаттығу өткізді. Себебі, тамыз айының ортасында жоғары оқу орындары арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты жоспарланған еді.

Сурет  ұйымдастырушылардан

Дайындық барысында жолдас­тық кездесулер де ұйымдастырылды. Сонымен қатар, жаттығу процесінде тек залдағы сабақтар ғана емес, далада жүгіру жаттығулары да жасалды. Ойыншылардың физикалық дайындығына баса мән берілді.

19 қарашада Қазақстан Рес­публикасының чемпионаты бас­талды. Мұнда Қазақстанның түпкір-түпкірінен 16 мықты команда жиналды. Командалар әрқайсысы 4 топқа бөлінді. Біздің университет командасы ЕҰУ (Астана), Сүлейман Демирел университеті (Алматы) және Қорқыт Ата атындағы университет (Қызылорда) командаларымен бір топқа түсті.

Университетіміздің намысын қорғаған командамыз 1/4 финалға жолдама ұтып алды. Ал, содан кейін жартылай финалда жеңіске жетіп, ақтық сында алматылықтарға есе жіберді.

Финалда жеңіліске ұшырағанына қарамастан, команда жоғары нәтиже көрсетті деп есептейміз. Өйткені, кейінгі жылдары команда, тіпті, облыстық деңгейде де ақтық сынға дейін жете алмай жүрген еді. Бұл жетістік университет тарихында қалатыны сөзсіз.

Туған қаласына оралған команда футзалдан жоғары лига командалары арасындағы Қарағанды облысының біріншілігінде өнерін жалғастырды. Бұл турнирде де біздің жігіттер өте жақсы нәтиже көрсетті. Өткен маусымды екінші орынмен тәмамдады.

2024 жылдың сәуір айында команда Екібастұз қаласында өткен ірі республикалық «Фатих кубогы» турниріне қатысты. Оған Қазақстанның түпкір-түпкірінен 12 команда келді. Біздің университет құрамасы финалға шығып, жергілікті «Богатырь» командасынан 2:4 есебімен жеңілді. Өкінішке қарай, мұнда да біздің жігіттер күміс медальді місе тұтты.

Өткен маусымды қорытындылай келе, университетіміздің өткен жылдардағы түлектерін ерекше атап өткім келеді. Олар – студент кезінде де университет командасының ойыншылары болған. Дастан Бижамбеков, Александр Ким, Асхат Ербосынов. Бұл жігіттер команданың дамуына, шыңдалуына зор үлес қосты!

Команда жаттықтырушылары: Ерлан Оқасов, Владислав Черномордов.

Е.ОҚАСОВ,
дене тәрбиесі кафедрасының аға оқытушысы
ҚАРАҒАНДЫ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button