Жаңалықтар

«Әуен» ансамблінде – бас жүлде

Түркияда өткен «IAF» Халықаралық өнер байқауынан Ақтоғай ауданындағы Өнер мектебінің тәлімгерлері, әнші Саламат МҮБӘРАКТІҢ шәкіртері «Әуен» ансамблі «Эстрада вокалы» бойынша үздік өнер көрсеткені үшін Гран-приге ие болды.

Бұл додада Ресей, Қазақстан, Македония және Түркияның дарынды балалары мен жастары бақ сынаған. Өнердің әртүрлі жанрларын қамтитын жарыстың ұйымдастырушылық деңгейі өте жоғары болыпты. Байқаудың басты ерекшелігі – қатысушылардың өнерін сарапқа салып қана қоймай, қазылар алқасы мүшелерінің шеберлік сыныптары, көңілді демалыс пен экскурсия ұйымдастырылған. Қазылар алқасы құрамында шет елдердің белгілі өнер қайраткерлері болған көрінеді. Арқадан барған жас өнерпаздардың өнеріне тәнті болған қазылар алқасы Италияда өтетін байқауға жолдама беріпті.
Ауданының дарынды оқушыларынан құралған «Әуен» ансамблінің құрылғанына аз ғана уақыт болса да бірнеше ән додасының жеңімпазы. Бұл халықаралық деңгейдегі алғашқы жеңісі емес. Бұған дейін жерлестеріміз елімізде өткен халықаралық «Жарық жұлдыз» телевизиялық байқауының «Эстрада вокалы» бойынша бас жүлде иеленген. «Әуен» ансамблінің 7 мүшесі бар. Олардың әрқайсысының ән айту мәнері ерекше. Әлемге дүрілдеп атағы шыққан «Тоқырауын толқындары» ансамблінің қазіргі ізбасары «Әуен» ансамблі деуге болады. «Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай болып көрінеді» – деп жазды қазақ халқының әдебиеті мен өнерін көп зерттеген Шоқан Уәлихановтың досы Г.Потанин. Расымен де, бір уыс топырағын суырса суылдап ән салатын, бір шиын тартсаң сыбызғыдай сыңсый жөнелетін Әсет, Манарбек, Күләш туған топырақтан талантты өрендердің шығуы заңдылық.
«Әуен» ансамблінің жетекшісі Саламат Мүбәрактің сөзінше, негізінен, ән өнерінде жұлдызың жарқырап жану үшін атқарылатын шаруа шаш етектен. Яғни, әнге дайындалуды айтпағанда, гастрольдік сапарларға шығу, сахналық киімдерді тіктіру осының барлығы қомақты қаржыны талап етеді. Өз кезегінде мұның барлығына ата-аналар демеушілік көрсетуде. Бұл балалардан құралған барлық ансамбльдерге тән құбылыс. Тіпті,  көршілес елдерде де қалыптасқан жағдай. Барлық шаруа қаржыға келіп тірелетіндіктен, шет мемлекеттерге шығуға балалардың барлығының бірдей мүмкіндігі бола бермейді.
Алдағы уақыт та жас дарындар Италиядағы өнер додасында бағын сынамақшы. Осы жарысқа жомарт жандар қолдау көрсетсе нұр-үстіне нұр болар еді.
Жүлде құтты болсын!

Нұрдос КӘРІМ.

Басқа материалдар

Back to top button