Басты тақырыпТұлға

Қу тақтайды сөйлеткен АМАН

Ішек

     Ойын баласымын. Үйге жүгіріп кірдім. Әкем төбеге жіңішкелеу келген ұзын жіпті созып, тартып жатыр. Аққорадағы біздің шаңырақ ауылдағы асты-үсті тақтайланған бірен-саран үйдің бірі. Жіпті төбеге кергенін көргенім осы. Аңтарылып тұрдым да, сұрай бастадым.

      – Е, домбыраның ішегі ғой. Қойдың ащы ішегінен созылады, – деді де қойды.

      Үкімет рұқсат берген бес қойдың ішінен құнандай ісек алдында сойылған. Қанша кеуіп тұрғаны есімде жоқ әкем бір күні ішекті жиып алды. Будалап, бүктеді де мәткедегі шегеге ілді. Қалғанын үйдегі мен ойнап жүріп сындырып алып, өзі жөндеп алған домбыраға тақты. Домбырасын шертіп көрді. Дау­сы бұрынғыдан тәуірлеп, күмбірлегендей көрінді маған. Бұрын үзілген ішегін түйіп, жалғап тартатын. Менің құлағыма таныс тәтті күйлерді біршама тартты. Домбырасына көңілі толмаған сыңайда іргеге сүйей салды. Есейгенде барып білдім Тәтекеңнің «Қосбасарларын» шерткен екен. Бала күніңде не білесің?

Төлеубек атаң ішек сұратыпты. Қарағандыға барамыз, – деді әкем.

     Қуанып кеттім. Ауылда түсіңе ғана кіретін балмұздақ пен газдалған тәтті судың дәмі тіл ұшына үйіріле қалды. Ұзамай шешем барымды киіндіріп, кекілімді тарап, үлкен шаһарға шығарып салды. Мектепке барғаныма үш жыл болған. Кәдімгідей кісі сезінем өзімді.

Қарағанды алып қала болып көрінетін. Құжынаған адам, қаптаған машинадан басың айналады. Осы Костенко атындағы шахтадан кейін Копайгород (Старый город) басталады. Зоопарк те сол маңда. Ондағы аң мен құсты да тамашалатты. Біздің ауылдың бірталай адамдары осында тұрады. Туған жерін, кең жазира даласын, ата-баба мекенін неге тастап шыққандарына миым жете қоймайды. Кейін білдік. 32-нің ашаршылығынан, 37-нің қуғын-сүргінінен жан сақтау үшін қалаға қашқан ғой. Өлгендері жолда қалып, тірілері әзер тұяқ іліктірген екен мұнда. Солардың барлығына сәлем бере бардық. Бәрі мені қолпаштайды. «Жігіт болып қалыпты ғой, жалғызың», – деп жағалай мақтайды. Менен де гөрі бұған әкей масаттанады. Не керек, үйлері ортан беліне шейін шөгіп, жерге сіңіп кеткен ескі қаланың бұралаң көшелерін таптап, бір үйге келдік. Ішек сұратқан Төлеубек ағайымыздың үйі екен. Иығына көнелеу шапан жамылған кесек денелі, селдір сақалды, қара қошқыл бетін шешек аямай айғыздаған, қос жанары жоқ ақсақал отыр. Сәлем бердім. Өне бойымды қармалап отырып, кекілімді тауып, салалы саусақтарымен сипалады. Алақанынан жып-жылы бір леп сездім. Жұмылып кеткен көзіне қарай алмадым. Дәтім бармады. Шай ішкен соң ауыз үйдегі жұмыс орнына жетектеп апардым. Домбыра жасап жатыр екен. Мойны мен кеудесі бар. Бетқақпағы, құлағы, шанағы әлі әзір емес. Біздің көзімізше бетқақпағын жонып, дәл қиюластырды. Әлденеге асығып, жүретін болдық біз.

     – Күзге салым барамын. Сонда осы домбыраны мына жалғызыңа апарып беремін, – деп Төлеубек ағайынымыз қала берді.

     Сол күннен бастап, шебердің қос шырағы саусақтарының ұшында тұрғандай болып көрінеді маған. 11 жасында шешек шығып, бала өлім аузында жатқанда аян келіпті. «Қос шырағыңды аламын. Домбыра шебері боласың» деген. Содан бері Төлеубек атам домбыра шабады екен.

       Күзге салым домбыра алып келді кемпірі екеуі. Тәттіге бір қарық болдық. Он шақты күн қонақ болды. Домбыраны ұстатты.

     – Егер ешкінің ішегі болғанда даусы мұнан да тәуірлеу болар еді, – деп Төлеубек атам әлдебір беймәлім қоңыр күй тартты.

     – Ешкі ұстамаймын. Аяғының желі бар жануар ғой. Бағуы қиын. Желдеп алса, қайыруы оңай емес, – деп әкем ақталып жатыр.

      Содан үйде домбыра үйрену сабағы басталды. Олай тарттым, бұлай тарттым. Қонбады. Бір ішекпен «Елім-айды» әзер үйрендім. Маған қарағанда тете апайым тез меңгеріп әкетті. Шешем басыма домбыра мен нанды жастатты да. Түсіме ештеңе енбеді. Әкеме жақсы болды. Даланың жұмысынан қажып келгенде небір құйқылжыған күйлерді тартып, кәдімгідей демалып қалатын. Кейінірек барып білдім. Тәтекеңнің «тәтті күйлерін» тартады екен. Есейгенде ептеп екі ішекті тыңқылдататын жағдайға жеткенде әкем тартатын күйлерден Тәттімбеттің «Сылқылдағы» ғана шала-пұла құлағымда қалыпты.

    Сол домбырам – шебердің өз қолынан алған тұңғыш домбырам екен. Бүгінге дейін Осакаровтағы мебель фабрикасының дыңғырлаған домбырасын малданып жүрдік. Бүкіл ел солай болды. Бертінде ғана нағыз шебер Аман Сәдуақасовпен танысып, домбыраларына тәнті болдым.

Тиек

    Қазекең көп дүниесін ортақтастырмаған. Әсіресе, өнерге келгенде. Солай бола тұра «Шебердің қолы ортақ», «Шешеннің сөзі ортақ» дейтіні бар. Белгілі жағдай. Сөйлегенде шешеннің сөз саптасымен лебізімізді тұздықтаймыз. Шебердің туындысын пайдаланамыз. Екеуі де халық тезіне түседі. Озығы көкке өрлейді, тозығы күресінде қалады. Он саусағынан мөр тамған сондай қолы ортақ шебер – Аман Сәдуақасов. Екеуміз өте жақын танысып, тонның ішкі бауындай араласқанша Аужекең талай қиын кезеңдерден өтіп, біршама шаруаның басын қайырып, аты елге мәлім болып қалыпты. Тез тіл табысуымызға су қараңғы зағип домбыра шебері Төлеубек атам туралы әңгімемнің себі болды. Сонда Аман алақандарын ашып, саусақтарына қарай берген.

    Бес жасынан домбыра құшақтап өскен Аман Ақтоғайының «Тоқырауын толқындарында» ән салып, күмбірлете күй төгілтіпті. Ең бастысы – Мағауия Хамзиндей дәулескер күйшіге көп еріп, көп үйренеді, көп тағылым алады. Домбырасын шертіп жүріп, көмейінен өзінен-өзі күй төгіліп тұратындай ғажап аспапқа қайран қалады. Содан домбыра шабуға аңсары ауады. Ауатын жөні де бар. Ақсораңның аршасы мен қарағайы «мен домбыра бола аламын» деп Арқаның желімен тербеліп, бірі сыбдырлап, бірі уілдеп тұрса, көзі қалай қиып кетеді. Бір жағынан Алла берген өнер жын сияқты буады. Несін айтасыз, Аман бар шын ынты-шынтымен домбыра жасауға бет бұрады. Анау-мынау емес, хас шеберге айналады. Соның дәлелі – республикалық «Үкілі домбыра» сайысында қолынан шыққан домбыралары үш рет жүлделі орын алады. Нұрғиса Тілендиевтей сүлей күйшінің, көне аспаптарды зерттеп, бүгінге жеткізген ғалым Уәли Бекеновтің, Құрманғазы оркестрінің көш бастаушы күйшісі Қаршыға Ахмедияровтай ағаларының көзіне түседі, мақтауын естіп, бағаларын алады. Нұрғиса ағасы өзінің қалақтай ғана Дариға атты домбырасындай үні бар аршадан жасалған Аманның домбырасына қатты разы болып, қабыл алады. Аман сол ағаларынан Әміренің Парижде тартқан домбырасының аршадан жасалғанын естиді. Құрманғазының 175 жылдығы тойында Аужекеңнің домбырасы тағы жүлделі болып, сондағы музейден орын алыпты. Балқаштағы Ағыбай батырдың ескерткіші ашылғанда Елбасы Н.Назарбаевқа Аман жасаған домбыра сыйға беріліпті.

     … Аманға бір кезі келгенде тосыннан барып қалдым. Жаңадан шапқан домбырасын бітіріп, маңдай терін сыпырып, тиегін жонып отыр екен. Лақтың асығындай ғана болатын тиекті орнына қондырды.

    – Жаңа домбыра да жүген-құрық көрмеген, ертоқым салынбаған асаудай болады. Бірталай бастықтыру керек, Астанадан белгілі түркітанушы, филология ғылымдарының докторы Шәкір Ыбыраев тапсырыс берген. Соны бітіріп отырған бетім, – деп Аужекең домбыраны қолға алды.

    Домбыраның мойны әнжімді уысына түскеннен кейін саусақтары перне бойлап жорғалай жөнелді. Құлақ күйі келді. Әуелі ән тартылды, содан кейін күйге кезек келді. Тәтекеңнің күйлері мамырлады. Домбыраның үні әлі құмығып тұрғандай естілді маған. Шамалыдан соң күмбірлеп қоя берді. Қу тақтайға жан бітіп, сөйлеп берді дейсің. Шанақтан алуан-алуан дыбыс лықсыды келіп. Күмбірлейді, дүбірлейді, уілдейді, бебеулейді, саңқылдайды, сылқылдайды, сыңсиды, сыбдырлайды, сарнайды, шырылдайды, шырқырайды, шыңылдайды, мамырлайды, боздайды, атойлайды. Бұлар білемін-ау дейтін дыбыстарым. Ал, біз естісек те құлағымыз қақпаған, тұла бойыңмен түйсінбеген қанша дыбыс бар? Қазекең бұрын қызыл тілімен қалай бейнеледі екен?

   Осыған орай жақында ҚР Ұлттық музейі Халық қазынасы ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері Ардаби Мәулетұлының мақаласын («Қазақ әдебиеті», №49, 2016 ж.) оқыдым. Мақаласында көне домбыра (шебері белгісіз) мен ертеректегі күйлерде ғана ұшырасатын және домбыраның домбырасымен ғана қайыра алатын дыбыс туралы жазады. «Ми пен фа» дыбысының аралығында керемет бір үзілмей естілетін дыбыс бар. Бұл дыбысты мен қанша жыл іздедім, тартып та, нотаға түсіріп те көрдім, бірақ дәл таба алмадым. Мағаны таба алмай жүрген дыбысым, астыңғы ішек «Ми мен фа» дыбысының арасында аса шеберлікпен алынатын, Талас ағам үйреткен Байжігіт күйлеріндегі қашаған пернедегі сауып алу әдісі арқылы екі перненің арасынан сұқ саусақпен ғана алынатын дыбыс болып шықты. Осы қашаған пернедегі сауып алатын әдісті Таласбек аға Тәттімбеттің «Азамат қожасын» үйреткенде де дәл осы астыңғы ішек «Ми мен фа» дыбысының арасынан сұқ саусақпен жалатып қана алатын. Ал, ондай әдіс қазіргі біздің ең беделді деген музыкалық оқу орындарында кездеспейді. Кездескен күнде, ондай әдіс ұстаздардың көзіне түрпідей тиеді» деп тұжырымдапты. Рас, қазақ күйлерін алғаш қағазға түсірген кезде нотаға басы симайтын дыбыстарды білгірлер қағып тастап отырған.

    Сөйтіп, Еуропаның жеті нотасы талай күйлеріміздегі, әндеріміздегі тамаша шалыстар мен қағыстардың желкесін қиған. «О, Азия ұлысың, ұлылығыңды қайтейін, Европаның құлысың»-ды айтам деп «Орталықта» қызмет атқарған ақын Бүркіт Ысқақов ағамыз он жылға сотталып кеткен. Күйлерімізді нотаға түсірушілер де Бүркіт ағамыздың кебін кигісі келмеген болар.

    «Алтынның қолда барда қадірі жоқ» деп тіл мен жаққа сүйенеміз де, жеме-жемге келгенде ауызды қу шөппен сүртіп айналып шыға береміз. Аман Сәдуақасов шешен домбыраларын көп қабатты үйдегі пәтерінде жасайды. «Шәкіртсіз ұстаз тұл» деген. Аужекең шәкірт тәрбиелейтін дер шағында. Ұлы Рахат әке өнерін мұрат етпек. Немересі Әміре де бір жағынан жағаласып, домбыраның ішегіне жармасады. Сонымен болды. Біздің мәдениет басқармасы Аманды қанатының астына алып, шеберхана ашып беріп, қолының ебі бар жастарды сонда ұйыстырып баулыса, нұр үстіне нұр емес пе?! Ата-бабамыздан мирас болып келе жатқан киелі өнер өркен жаймай ма, сонда?! Тіпті, жоғары оқу орындары, колледждер қолдап әкетсе, ғажап болар еді. Аман біреудің мойнына мініп, масыл болатын шебер емес. Қайта пайда түсіретін болар. Тәуелсіздігіміздің арқасындағы осы мүмкіндікті уыстан шығарып алмайық.

     – Аужеке, осы өміріңізде неше домбыра жасадың? – деп сұрадым қапелімде.

    – Көп қой. Кім санапты? Тәттімбет оркестрі, «Тоқырауын толқындары», бірталай аудандар мен мектептер домбыра жасатып алған. Өздерің сияқты жекелей келіп алушылар тіптен көп, – деді ол.

    Қадыр ағамыз «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» деп бекер айтпаған. Аман жасаған домбыра талай қазақты нағыз қазаққа айналдырған шығар.

Құлақ

Қос ағатайыма – Мұхтар Мағауин мен Тоқтар Әубәкіровке домбыра қонбапты. Тоқаңа кінә жоқ. Әскери адам ғой. Байжігіт, Қызай, Нияз, Тоқа сынды ертеде ғұмыр кешкен атақты күйшілер туралы төгілтіп жазып, күй құдіретін, күйші өнерін еркеленіп шыққан сөзбен (Абай) кестелеп беретін Мұхтар ағам домбыра шертпейді екен.

Неге екенін біле алмадым, бала күнімнен басыма жастасам да, перне басуды жаттап алсам да, домбыра қонбады. Адам шындап қолға алса үйренбейтін өнер жоқ қой. ҚазГУ-де оқып жүргенде мылтық атудан алдыма жан салмайтынмын. Жарыстарға қатысып, жүлделі орындар алып, спорттық разрядым кәдімгідей жоғарылап, бапкерлерім үлкен үміт күткен менен. Ағаң сол спорттың соңына түссе, әлем танитын мерген болар ма еді, кім біледі? – деп разылана бір күлгені бар.

Осы екі ағама да Аман арнайы жасаған домбыра сыйладым. Мұхтар ағама 70 жылдық мерейтойында Прагага апарып бердім. Құрмаш Ыбышев бауырым сол домбырамен дауысын Чехия көгіне армансыз бір дамылдатқаны бар. Мұхаң Әсеттің «Інжу – маржанын» қайта-қайта айтқызып, елге, жерге деген сағынышын бір саябырлатып, домбыраны құшақтап, сипай бергені есте. Ол домбыра қазір Вашингтонда болуға тиіс.

Тоқтар ағама Аманның домбырасын газеттің 85 жылдық тойынан кейін апарып бердім. Батыр өзімен бірге ғарышқа ұшқан Австриядағы Фибекке қонаққа барып, біздің тойда бола алмады. Ғарышқа ұшқандарының 25 жылдығын Еуропада атап өткен.

Тоқаңның үйінде жиі болып жүргенде домбыра көре алмадым. Аманға қолқа салу себебім содан. Батыр домбыраның ішегіне қарағайға қарсы бітетін бұтақтардай жуан саусақтарын тигізіп, жайлап шертіп қалды. Домбырадан өкінішке ұқсас үн шыққандай көрінді. Маған солай сезілген шығар.

Осы домбыра тарту қолымнан келмеді, – деп кәдімгідей өкінген рай танытты.

Тоқтар аға, дыбыстан шапшаң ұшатын реактивті истрибительдің гүрілінен бәрін сезіп отыратын Сізге домбыра тарта алмау әбес емес. Үйіңізге неше қилы әнші мен күйші келеді. Сонда ұялмай осы домбыраны ұсына қоясыз, – дедім.

Батыр разыланды. Домбыра жасайтын Аманды сәті түскен күні таныстыруымды «бұйырды». Құп алдым.

Күй күмбезі Құрманғазының, күй киесі Тәттімбеттің, олардан бұрын ғұмыр кешкен біз білеміз-ау дейтін Байжігіт, Қызай, Нияздай күй сүлейлерінің, Әсет, Біржан, Ақан, Мәдидей дауыстарын көкке дамылдатқан әншілердің домбыраларын қай шебер жасаған? Білмейміз. Күйші, әнші туралы жазған М.Мағауиннің, Т.Әлімқұловтың, С.Жүнісовтің және басқа жазушылардың шығармаларын ақтардым. Бәрінде күйші мен әнші бар. Домбыраларын жасаған шеберлер жоқ. Күй мен күйшілерді бір кісідей зерттеген Ақселеу ағамнан да ұшырастыра қоймадым.

Өнер зерттеушілерінің құлақтарына алтын сырға болсын мұным.

Тоқетері – тарих топырағына көміліп, ұмы­тылып, атаусыз кеткен сол бұрынғы домбыра шеберлерінің маңдай тері зая кетпепті. Сол бабаларының төккен терлерінің бір тамшысына Аман айналыпты. Осы там­шыдан айырылып қалмайық.

Домбыраға құлақ қандай керек болса, бізге де құйма құлақтар керек-ақ.

Мағауия СЕМБАЙ

Басқа материалдар

Бір пікір

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button